«Өмір сыры» – қаламгер тырнақалдысы

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана жанындағы «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы Қаратай Төлекеевтің «Өмір сыры» атты кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа туынды туралы пікірлерін ортаға салды. Кітап Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің тапсырысы бойынша жарық көрген.

Жасынан ауылының данагөй ақсақалдарының әңгімесіне құлақ түріп, қолына қара домбырасын алып әнге салып, қара мылтығын арқалап аңға шығып, қазақы тәрбиенің құнарын бойына сіңіріп өскен Қаратай Бәйкенұлының қалап түскен оқуы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультеті. Азаматтық ұстанымы, көксегені егемен елінің аман-түзулігі, ұрпақтың ана тілін, ата-дәстүрін біліп өскендігі. Атқарған жұмысы мұғалімдік, мектеп басқару. Күні бүгіндері де ол облыстық қазақ тілін оқыту орталығының директоры. Қашанда оны ана тілді, ұлттық әдебиетті, салт-дәстүрді насихаттауға арналған шаралардың бел ортасынан, айтыс пен дәстүрлі әншілердің концерттерінен немесе алтыбақаны тербелген Наурыз тойынан, ат жарысы мен балуандар белдесуінен көресіз. Тілге, дәстүрге байланысты жиындарда жалындап жақсы пікірлер, өткір сындар айтқанының да куәсіміз.

Міне, осы қалпынан бір айнымаған, үнемі елінің ертеңін, ұрпақ қамын ойлап жүретін Қарекеңнің қаламынан туған шығармалардың негізгі тақырыбын да осы төңіректен іздеу ләзім. Сол себепті де, кітаппен танысып, алғысөзін жазған аудармашы Ғосман Төлеғұл мақаласын «…Жоғарыда айтылған проблемалардың біз сияқты аз ұлтқа, өркениетке кештеу қол созған халыққа ызғары қаттырақ батып келеді. Ғасырлар бойы адастырмаған ділімізді үстемдігінен төмендетпеу, әрине, қиын да күрделі шаруа. Бірақ, ертең «әттеген-айға» қалмау үшін онымен ұдайы айналысу бүгінгі ұрпақ парызы болса керек. Қаратайдың мына шағын ғана кітабын оқығанда, осы мәселеге титтей де болса үлес қоссам-ау деген жүрек лүпілін сездік. Лаулаған отқа қанатымен су сепкен қарлығаш есімізге түсті…» деп аяқтапты.

Кітапқа автордың «Кешірім сұраған көз жасы», «Тағдыр тәлкегіне түскен махаббат», «Өткен күндер көрген түстей», «Тағдыр сыны», «Орындалған арман», «Арланның ажалы» сияқты он әңгімесі енген. Қай шығармасы болсын тілі шұрайлы, бояуы қанық. Қаламгердің үлкен талғамы аңғарылады. Небір шытырман оқиғаларды шебер баяндай отырып, айтар ойына жетелейді. Білімі толық, өмірлік тәжірибесі, көрген-білгені мол автор оқырманын қалай иландырып, оқуға қызықтыра, ынтықтыра түсудің әдістеріне де жетік. Мұндай шеберліктің де бірден игерте қоймасы кәміл. Алғашқы кітабы жасы алпыстан асқанда, енді шығып жатқанымен, Қарекеңнің қолына қалам алып тұрғаны бүгін емес. Оның сәтті жазылған әңгімелері оқта-текте газет-жорналдар беттерінен бұрын да көрініп жүр. Мінезге бай, байыпты қаламгер жазар дүниесін әуелі санасында салмақтап, саралап, әбден пісіріп алып барып, қағазға түсіретінін жасырған жоқ.

Кеш үстінде аудармашы Ғосман Төлеғұл, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің басшысы Ерлан Мұхамедияр, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов, әдебиетші ғалымдар Ерболат Баятұлы мен Сәбит Жәмбек, М.Жұмабаев атындағы кітапхана директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын Қуаныш Оспан, тағы басқалар «Өмір сыры» туралы пікірлерін айтты.

Кеш соңында Қаратай Төлекеев кітабының шығуына қолғабыс жасаған Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесіне, тұсаукесер рәсіміне қатысып, оң пікір айтқандарға алғысын айтып, кітапхана қорына кітаптарын ұсынып, оқырманына қолтаңбалар берді.

Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар