Халқының жадында қалған кемеңгер тұлға
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.
Халық ұлына айналған Дінмұхамедтің есімін қажылыққа екі рет жаяу барып қайтқан атасы Жұмабай қойған. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы ауыл шаруашылығы, сауда мекемелерінде жұмысшы болып істеген әрі қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы Зәуре Байырқызы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. Дінмұхамед Ахметұлы 50 жыл отасқан жұбайы Зуһра Шәріпқызына деген махаббатын өмір бойы жанына жалау етіп сыйласқан. Кішіпейіл де жайдары Зуһра Шәріпқызы көпшіл, қонақжай, ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілінен шығып, қолынан өнер тамған ісмерлігімен, еңбекқорлығымен де дараланған. Д.А.Қонаев өзінің жеке басының дарындылығы мен жан-жақты басшылық қасиеттері, даналығы мен даралығымен ерекшеленген азамат.
Д.Қонаев тек Қазақстанға емес, бүкіл Одақ республикаларына өте сыйлы адам болды. Тіпті, Америка Құрама Штаттарының Президенттері де Д.А.Қонаевты жақсы танып білетін. 1960-шы жылы Дінмұхаммед Қонаев пен АҚШ-тың 34-ші Президенті Дуайт Эйзенхауердің кездесуі болды. АҚШ Президенті Д.Эйзенхауер Д.Қонаевпен болған кездесуден тамаша әсер алып, оны Америка жұртшылығына лайықты түрде мақтағанын тарихтан білеміз. 1986 жылы Д.А.Қонаевтан мұхиттың арғы жағынан АҚШ-тың ең беделді әрі танымал басылымдардың бірі «The Washington Post» журналистері сұхбат алуға келгені де мәлім.
Қазіргі Алматы қаласының әлемдегі ең әдемі әрі көркем қала болып қалыптасуына да Д.Қонаевтың зор еңбегі екені сөзсіз. Осы орайда, ширек ғасырдан астам уақыт Қазақстанды басқарған қайраткерге қаншама ақындар өлең жолдарын арнады.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар ардақты азаматы Дінмұхаммед деген есімі де дара. Сан ғасырлар өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі ұмытылмас өшпес із қалдырған көрнекті тұлғаның ел есінде халқы үшін жасаған игі істері ауыздан-ауызға тарап, дархан даламызда әрқашан үлгі-өнеге болары хақ. Көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналып үлгерген құрметті басшыны халық арасында «Димекең», «Димаш аға» деп атауынан-ақ, оған деген зор ықыласты аңғаруға болады. Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қаз КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Д.Қонаев ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала салынды. Соның ішінде кейіннен өнеркәсіп орталықтарына айналған Рудный, Екібастұз, Ақтау, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары тұрғызылды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақытта үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, өзін халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан ретінде таныта білді. Мемлекет ісінен қол үзіп, зейнетке шыққан кезде де білімдар әрі білікті жан елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру тетіктерін терең түсініп, қолдай білді.
Өз халқының аяулы азаматы, елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Алайда, оның есімі мәңгіге халқының жадында сақталары даусыз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.