Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 6 қазанда қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық сияқты мәселе іс жүзінде кез-келген елде бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттің қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға бағытталған нақты шаралары маңызды рөл атқарады.
Заңнамаларда қандай жаңалықтар пайда болды? – дегенге келер болсақ, мысалы, 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік қызметшілер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтын өзге де адамдар кез-келген сыйлықтарды қабылдауға құқылы емес, сондай-ақ, алынған кез-келген сыйлықтар мемлекетке сыйлық болып саналады және Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз беру арқылы мемлекеттік мүліктің құрамына енеді. Сондай-ақ, 2020 жылғы шілдеде мемлекеттік қызметшілерге рұқсат етілген сыйлықтар үшін 10 (он) айлық есептік көрсеткіштің шекті мәні алынып тасталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 5 тармағымен толықтырылды, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған, шектеулерді өзіне алатын адамдардың отбасы мүшелеріне, яғни, жұбайларына, ата-аналарына, балаларына және асырауындағы онымен тұрақты тұратын адамдарға, егер мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса, әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ұсынылатын материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе қызметтер алуға тыйым салу көзделген.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге алынған сыйлықтар мемлекетке берілуі тиіс мерзімдер нақтыланды. Егер бұрын мемлекеттік қызметші білмей келіп түскен сыйлықтар болса, Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға «жеті күн мерзімде» өтеусіз берілуге тиіс. Онда жаңа редакцияда олар мемлекеттік қызметшіге келіп түскен сыйлық туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде, ал, мемлекеттік қызметшіге көрсетілген қызметтерге ол республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төлеуі тиіс болған кезде, сондай-ақ, қызмет көрсетілген күннен бастап не мемлекеттік қызметшіге қызмет көрсету туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде берілуге жатады.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына енгізілген жаңашылдықтар Ақмола облысы әділет департаментінің мемлекеттік қызметкерлерінің тәртібін нығайтуға көмектесетіні және халық арасында мемлекеттік қызметкерлердің беделін одан әрі жақсартуға ынталандыратыны сөзсіз.
Самал ӘБІЛДИНА,
Ақмола облысының Әділет департаменті әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы.