Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Карантиндік шектеулер алынды - АРҚА АЖАРЫ

Карантиндік шектеулер алынды

Облыста коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты әрі өңір «жасыл» аймақта. Тәулігіне орташа есеппен 2-5 деректен тіркелуде. Сондықтан, кейбір шектеу талаптары алынып тасталды. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Серік Омарханов айтып берді.

Өңірде коронавирусқа қарсы екпе егу бойынша тиісті көрсеткішке қол жеткізілмеген, сол себепті тұрғындар арасында вакцинация әрі қарай жалғасады. Облыста вакцинаның алғашқы компонентімен жалпы тұрғындардың 48,2 пайызы ғана қамтылыпты, ал 2 бөлігін 45,8 пайызы алыпты. Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымының ұсынысында бұл көрсеткіш 70 пайызды құрауы керек екен.

–Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты барлық «жасыл» және «сары» аймақтағы өңірлерде «Ашық» қосымшасын пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау, міндетті термометрия, көшеде міндетті маска тағу талаптары тоқтатылады. Сонымен бірге, енді коронавирусқа қарсы екпе алмаған қызметкерлердің бұрынғыдай күндізгі жұмыс режимінде жұмыстарына кірісе алады.  Вахталық тәсілмен жұмыс істейтіндер де ауысым кезінде міндетті ПТР тест тапсырудан босатылады, –дей келе облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Серік Сексенбайұлы «Наурыз» мейрамы келе жатқанын айтып, әркім өз денсаулықтары үшін барлық санитарлық талаптарды сақтауларын ескертті.

Жалпы, облыста «Наурыз мейрамын» мерекелеуге қатысты іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі. Дегенмен, ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен, ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдарға инфекцияны таратпау үшін үйлерінде отырған дұрыс.  Сондай-ақ, спикер мейрам кезінде тамақтан улану, ішек жұқпалы ауруларынан сақ болуды да еске салды.

Брифингте спикер 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында республика аумағында туберкулезбен күрес айлығы өтіп жатқанын айтты. Бұл науқан жыл сайын дүние жүзі бойынша жүргізіледі.

–Бүгінгі күні туберкулез дертімен сырқаттанғандарға байланысты жағдай тұрақсыз болып отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауру 1,2 есеге көбейген. Қазірдің өзінде туберкулезге шалдыққандардың саны 44-ке жетіпті. Бұл жұқпалы дерт Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Есіл аудандарында, сондай-ақ, Есіл мен Жақсы, Жарқайың және Зеренді мен Қорғалжын аудандарында тіркеліп отыр, –деді брифингте облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар