Балық шаруашылығы аса көп қалам ұшына іліне бермейтін, назардан тыс, көңілден жырақ жатқан тақырып. Су астындағы тіршілік қаншалықты қызықтырғанымен, оны түбегейлі зерттеу, байыбына бару ұзақ жылдарды және айрықша төзімді қажет етер еді. Жеткерген Әбдиұлы осы саланың нағыз маманы еді. Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қасқақұлан ауылында туған, көкірек көзі ашық, білімге ынтызар жас өмірін осы салаға арнаған. Жоғары білімді, жаратылыстану ғылымының магистрі, Ресейдің Астрахан қаласындағы балық шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын да осы жерде бастаған. Кейін Шымкент, Шардара балық зауыттарында еңбек еткен. Ең бір елеулі еңбек сіңірген жері – Зеренді балық тұқымбағы. Жеткерген Әбдиұлы осы тұқымбақтың директоры болып он жылға таяу еңбек етті. Кейін 1998 жылдан бастап «Көкшетау» ұлттық паркінде бес жыл жұмыс істеді. Біз осы паркте жұмыс істеп жүрген кезінде танысып едік. Біліміне қайран қалғанбыз, тәжірибесіне тәнті болдық. Келесі әңгіме облыстың балық шаруашылығы бағытында болғанымен, сол шаруашылыққа қосқан ағамыздың үлесі хақында.
Облыста 524 су айдыны бар. Осы көлдерде 271 табиғат пайдаланушылар бұйырған балығын аулап, несібесін айыруда. Қазір 390 адамнан тұратын 140 бригада жұмыс істейді. Олар жылына 600 тоннаға жуық балық өндіреді. Әйтсе де облыста балық өнімдерін өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ.
Базар сөрелерінде балық баршылық. Дені алыс-жақын шет елдерден әкелінгендер. Қымбат бағалы, тауарлы балықтар. Балық етіне аңсары ауған көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Жергілікті жердің балығының бағасы қарапайым халықтың қалтасын қақпас еді. Бірақ, балықты аулағанымен, өңдеп, іске жаратып отырған ешкім жоқ.
–Базар сөрелерінде сыңсып тұрған, шет елден жеткізілген балықтардың барлығы осыдан төрт-бес жыл бұрын ауланған, мұздатылған балық екендігіне бәс тіге аламын, – деген марқұм, облыстық балық шаруашылығы қауымдастығының басшысы Жеткерген Әбдиев, – суық сорған, құны кеткен дүние. Мәселен, түсінікті болуы үшін былай таратып айтуға болады. Жылқы немесе сиыр етін бір жыл бойы мұздатқышта қатырып қойып көріңізші, қан-сөлі қалмаған еттің татымы қалай болар екен. Одан жаңа сойған тоқтышақтың қуырдағы артық емес пе? Балық та солай. Ешкім жаңа ауланған балығын бізге жөнелтпейді.
Бағы жанбаған балық тақырыбы туралы кеңейтіп көп айтуға болады екен. Қазір ақмолалық балықшылардың ауына түсіп тұрғаны абориген, яки жергілікті балықтар ғана. Ол әрине, тамағын талғап жейтін талғампаз қауымның көңілінен шыға бермейді. Алдағы уақытта балық тұқымын жақсартсақ, қалай болар еді? Бұл арада да сойылдай мәселелер бар. Ең бастысы, осы саланың дамымай жатқан ғылымына байланысты. Яки, мәселені түпкілікті зерттеп, түбегейлі сараптап отырған ғылыми жұмыс тапшы. Солтүстік өңірдегі көлдердің көбі тайыз болып келеді. Қақаған қыста түбіне дейін қатып қалатын су айдындары аз емес. Табиғат пайдаланушылар кейде өздеріне тиесілі көлді қасат қар басып қалғандықтан, таба алмай қалатын кездері де болады. Онсыз да тайыз көлдің бетін кемінде жарты метр мұз басқандықтан, оттегі қоры сарқылып, балық қырғынға ұшырайды. Бұл арада табиғатқа тәуелділіктің белең алып тұрғандығын екпін түсіріп айтуға тиістіміз. Жеткерген Әбдиұлының айтуына қарағанда, балық екеш балыққа да керегі қолайлы климат. Біздің өңірде жылу жетісе бермейді. Екіншіден, балық тұқымын екшеп, саралап, көл суының ерекшелігін байыптап байытып отыру ғылыми негізде жүргізілуі қажеттігі туындағаны қашан. Үшіншіден, ауыл шаруашылығының өзге саласы тәрізді субсидия бөлінбейді. Ал, ол дәл қазір өте қажетті. Мына арадағы бір жайға көңіл аударып көріңізші. Табиғатты пайдаланушылар балық шабақтарын сатып алған кезде бір шығынданады. Содан соң мемлекетке тағы да төлем төлейді. Қазір мамандар мынадай ұсыныс айтып отыр. Сала серпін алуы үшін шабақтар үшін төленетін төлемақы бір-ақ рет жүзеге асырылса.
–Ертеректе балық шаруашылығы шығынды шаруашылық есебінде қарастырылатын, – дейді Жеткерген Әбдиұлы, – үнемі дотациямен күн көрді. Қазір субсидия төленбегендіктен, табиғат пайдаланушылардың иығына үлкен жүк түсіп тұр. Балық шаруашылығы негізі үш тарапқа бөлінеді. Біріншісі, спорттық әуесқойлық балықшылық. Айталық, Нұра, Есіл өзендерінің бойында халықтың дем алуы үшін арнайы орындар жасақталып, қармақпен ғана балық ауласа. Бір жағы демалыс, екінші жағы спорт. Екінші тарап – өндірістік бағыт. Қарапайым халыққа керегі де осы. Балық өнімдері молайған сайын бәсекелестік туындап, бағасын арзандатуға да әбден болады. Үшінші тарап ғылыммен сабақтастыра отырып, балық түрлерін көбейтіп, өнім мөлшерін арттыру. Әлбетте, көлді он немесе жиырма жылға алған табиғат пайдаланушы келісім-шартта көрсетілген барлық заңдылықты ескере отырып, жұмыс істесе, ондағы балық өзінің жекеменшігі болып табылады. Бұл арада алға ұмтылған қадамды ілгері бастырмай тұрған дүние, материалдық-техникалық жағдайдың әлсіздігі, субсидияның төленбеуі, ғылыммен ұштастырылмауы. Көл суының құрамы, балықтың жемі, басқа да жағдайлар ескерілмегендіктен, өзге өңірден бағалы балық әкеліп жіберенімізбен, ісіңіздің қаншалықты нәтижелі боларлығы күмәнді. Ертеректегі Қазақ балық ғылыми-зерттеу институты бұл орайдағы игі бастамаларға тірек болғандығы сөзсіз. Қазір Жеткерген Әбдиұлының айтуына қарағанда, бағы ашылмаған балық Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынып, Экология министрлігіне берілген. Өз алдына дербес құрылым болса, барлық мәселелері түбегейлі зерттеліп, айқын, анық бағыт көрсетіліп, іс алға басар ма еді?! Балық шаруашылығының атан түйеге жүк болатын қордаланып қалған мәселесіне байыпты назар аударуға ықпал ететін ұйымның болмауы кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Арал, Балқаш, Зайсан тәрізді балығы тайдай тулаған өңірлер табиғатының тамаша тартуымен мақтана алады. Асылында, балық та ет тәрізді аса қажетті тағамның бірі. Қазір оны жан-жануарлар әлеміне енгізіп қойғаннан кейін парқы құрт-құмырсқа, көбелекпен бірдей болып кеткен. Қоршаған әлем үшін олар да керек шығар, бірақ, «бекіренің бел кеспесін жемеген басым, қойдың құйқалы етіне зар болдым» демекші, балықтың жөні бір бөлек.
Әлемде Дания, Чили, Норвегия, Канада тәрізді балық экспортының арқасында экономикасын түзеп отырған елдер баршылық. Біз шетке шығармақ түгілі өз тұтынушыларымызды қамти алмай отырмыз. Балық – бәсірелі байлық. Мәселен, солтүстік өңірдегі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының аумағында ғана сегіз мыңнан астам үлкенді-кішіл көл бар. Осы көлдерде бағалы балық өсірсе, ел игілігі еселене түспей ме?! Балық аулау өз алдына, мемлекет тарапынан көмек-қолдау көрсетіліп, жолы бар, жетуі жеңіл көл жағасында туризмді өрістетуге де әбден болар еді. Ол дегеніңіз жаңадан ашылатын қаншама жұмыс орны.
Табиғат пайдаланушылар қарда жүретін 31 бірлік және 144 автокөлікпен жабдықталған. Жыл сайын балық аулау квотасы бөлінеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 206,7 тонна балық аулау квотасы бөлінсе, орындалғаны 169 тонна ғана, яғни межеленген жоспар 81,7 процент қана орындалған. Екінші жартыжылдыққа 730 тоннаға квота бөлініп отыр. Былай қарағанда, аз дүние емес тәрізді. Әйтсе де, нарықтағы шет елдік балық өнімдерін сәл де болса ысыруға қауқарсыз. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Қорғалжын ауданының Сабынды кентінде «ТАGA Group/ТАГА Групп» серіктестігі шетелдік инвесторларды тарта отырып, жылына 500 тонна ақсерке тұқымды балық етін өңдейтін кешеннің құрылысын бастады. Ендігі үміт сол ғана. Рас, көлдегі балықтың көлемін көбейту, сапасын жақсарту мақсатында талпыныс жасалуда. Жыл сайын орман және жануарлар дүниесі комитеті республикалық бюджеттен қаражат бөлу арқылы су айдындарын балықтандыру орайында тендер өткізеді. Есіл өзені учаскесінің аумағында мемлекеттік тапсырысты орындау үшін биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында бір мың дана сазан шабақтары жіберілді. Облыс орталығының іргесіндегі Қопа көліне дөңмаңдай балығының миллионға жуық данасы тоғытылды. Осындай қадау-қадау іс қана жүзеге асып жатыр.
Сөз соңында балық тұқымын, түрін молайтудың жолында кесе-көлденең жатқан жайындай мәселені айта кетелік. 1969 жылы Көкшетау қаласындағы балық зауытының еншілес кәсіпорны ретінде Зеренді көлінің жағасында салынған тұқымбақтың жалпы ауқымы 352 гектар жерді құрайды. Тұқымбақ алғашқы жылдары ақсақа тұқымдас балықтардың 80 миллионға жуық, карп тұқымдас балықтардың 20 миллион баланқұрттарын шығаруға мүмкіндігі болған. Солай шығарған да. Тұқымбақтың Арқаның жүздеген көлдерін баланқұртпен қапысыз қамтамасыз етіп, дәуірлеген кезеңі – 1979-1992 жылдарға сәйкес келеді. Елдегі экономикалық байланыстар үзіліп, балық шаруашылығын дамыту қожыраған 1994-2002 жылдары тұқымбақтың басына қиыншылықтың қара бұлты үйірілген. Дәл осы жылдары баланқұрт өндіру күрт азайып, тұқымбақтағы аса қажетті құрылғылар талан-таражға түскен. Тұйықтан шығар жол іздеген кезде 2002 жылы «Көкшетау» ұлттық паркінің құзырына берілген. 2014 жылдан Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзырында.
–Мен осы балық тұқымбағын кешегі кеңес заманында он жылдай басқардым, – дейді Жеткерген Әбдиұлы, – кейінгі жылдары жеткілікті көңіл бөлінбеді де, жұмысы қожырап кетті. Облыс өңіріндегі көлдерді балықтандыру үшін ең алдымен осы тұқымбақтың жұмысын жолға қою керек. Түсінікті болуы үшін былай айтайын. Мәселен, мал бақтың екен делік, ғылыми талап бойынша айғыр мен бұқаны екі-үш жыл сайын ауыстырып отыру қажет емес пе? Балық та солай. Табиғат пайдаланушылар су айдындарын ұзақ жылдарға алғанымен, балықтың тілін білетін маман тапшы. Көлдегі балыққа өзге көлдің балығын әкеліп қосып, тұқымын жаңалауды бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл арадағы олқылықтың орнын толтыратын осы тұқымбақ еді. Енді оны жаңғырту үшін қаншама қаражат қажет.
Қай көлдің болмасын балығы ауланғаны дұрыс екен. Сонда көл суы тазартылмақ. Ал, балық ауланбаса, бірте-бірте өлі көлге айналуы ғажап емес. Тек бір әттеген-айы балық тұқымы бағаланбағандықтан, өңірдегі су айдындарында шабақ тектес, құнсыз балық қаптап кетіпті. Ендігісі осы мәселенің ойсыраған олқылығын толтыру. Сол олқылықты толтырамын деп бар ғұмырын сарп еткен Жеткерген Әбдиұлының аруағы разы болсын деп елеулі еңбегін елеп бір ауыз сөз жаздық біз де.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.