Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді

 «Атамекен» республикалық кәсіпкерлік палатасы Ақмола облыстық филиалының ғимаратында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов облыс кәсіпкерлерін қабылдады. Қабылдауға сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Қанышбек Мұқаш қатысты.

Қабылдауға келген  жеке кәсіпкер Жанар Мұсаханова, Қосшы қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері Алмас Сарлыбаев, Жария Рембекова және Гүлнұр Әлменова Қосшы қаласында әр жылдары салынған 70-ке тарта үйлердің заңдастырылуының жүзеге аспай отырғандығын айтып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді сұрады. Алты жылдан бері тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Олар жазудай-ақ жазып, шағымданудай-ақ шағымданыпты. Бірақ, одан өзгерген ештеңе жоқ. Құр уәде, қауқары жоқ шешімдер мен ақыл-кеңестер тұрғындарды мезі еткен.

«Лесная поляна» алқабына қосымша құрылыс салғандар әрі-бері сенделісі жылдан-жылға созылатүсуде. Ал, Жанар Мұсахановаға өткен жылдың желтоқсан айында облыстық соттың қаулысымен «Магнит» дүкеніне жапсарлас салынған құрылысты бұзу тапсырылған. Ондай жапсарлас салынған, кеңейту мақсатында қосымша тұрғызылған құрылыстар көп. Демек, олардың да бұзылуы мүмкін. Рустам Жүрсінов палата заңгерлеріне бұл іспен тиянақты және шұғыл айналысып, өзіне аптаның әр бейсенбісі күні іс барысын мәлімдеп тұруды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімдігінен де мәселені шешуге атсалысуды, жер телімдерін Қосшы қаласы әкімдігінің балансына беруді жеделдетуді өтінді.

«Инсект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ғани Ғабдыжамалов  өз мекемелерін  мемлекеттік кірістер департаментінің «орта кәсіпкерлік» санатына заңсыз жатқызып отырғандығын, негізі, барлық талаптар бойынша өздерінің «шағын кәсіпкерлік» санатына жататынын айтып, шағымданды. Еліміз бойынша шығын кәсіпкерлікке жататын серіктестіктерді тексеруге мараторий жарияланған. Ол заң бойынша бұларды тексеруге болмайды. Осы жағдай бірқатар мекемелерге «қолайсыз» болып тұрған сыңайлы. Жұмыс уақытынан тыс мезгілде олардың сұрақтар қойып, серіктестік қызметкерлерін мазалауы  орын алуда. Бизнес-омбудсмен бұл мәселені де тыңдай келіп, заң бұзушылықтың  дәлелді деректерін тіркеп, өз атына хат дайындауды сұрады.

«Охранная фирма Жан-Эль Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Айман Ахметованың да қабылдауға келу себебі – дәл осы өз фирмасын ғұзырлы органдардың  «шағын» емес, орта кәсіпкерлікке қосып, әуреге салуы. Шын мәнісінде күзет фирмасы қаржы айналымы, адамдарының саны, тағы басқа мәліметтері бойынша шағын бизнеске келіп тұр. Егер орта бизнеске енсе, бұлар  алған субсидияларын қайтаруға тиіс. Күзет фирмасының талабына сай көліктер, құрал-жабдықтары несиеге алынған. Олардың да тап болған жағдайлары сараланып, жауап қайтарылатын болды.

«Жақыпов С.Н.» жеке кәсіпкерлік өкілі Ақылбек Смағұлов мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрекеттеріне шағымданды. «Кіріс департаментінің қызметкерлері тексеру жүргізген кезде салық заңнамасының нормаларын бұзуға жол береді. Мысалы, мерзімді сақтамау, қосымша құжаттарды талап ету, тағы басқалары. Барлық қаржылық-шаруашылық қызметіне қатысты құжаттар сұратылады, ал бұл кешенді салықтық тексеруге ұқсайды» деп шағымданды Ақылбек Смағұлов.

Бизнес-омбудсмен Палата сарапшыларына Мемлекеттік кірістер департаментінің әрекетіне қатысты барлық шағымдар мен өтініштерге кешенді талдау жүргізуді және нәтижелері туралы тез арада баяндауды тапсырды.

–Жағымсыз жағдайлар қалыптасқан. Осындай жағдайлар еліміздің  батыс өңірлерінде де байқалған болатын. Президент мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы айтуда, ал, салық органдары жасанды кедергілер тудырып отыр. Кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру  фактілері айқын көрініп тұр. Барлық материалдар мен ұсыныстарды жинақтап, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының атына қызметтік тексеру жүргізу үшін хат жіберу керек, қажет болса, осындай хатты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке де жолдау керек. Ұлттық экономика, Цифрлық даму министрліктеріне Мемлекеттік кірістер комитетімен мәліметтерді өзектендіру ұсынылды», – деп мәлімдеді Рустам Жүрсінов.

Қабылдауға келген «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімова субсидиялау және қоғамдық көлік жүргізушілер тапшылығы және олардың заң жүзіндегі себептерінен туындаған проблемалық мәселелер бойынша сұрақтар қойып, жауап алды.

Осы жиыннан кейін Рустам Жүрсінов облыс прокуроры Айдос Майлыбаевпен, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Арман Рахимовпен және облыстық соттың төрағасы Досжан Әміровпен кездесті.

                                                                           Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

                                                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.        

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар