Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ал, тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – делінген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Біздің азаматтық парызымыз – Тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру.
Елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге де ешқандай кедергі жоқ. Кез келген тілді меңгеру мәселесіндегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ой-ниеті мен қажеттілігі.
Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы.
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі. Ана тілі – алтын қазына. Демек, ана тілін қадірлеу, беделін нығайту – біздің парызымыз.
Г. МАУСЫМБАЕВА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің бас маманы.