қоғам қайраткері Жеңіс Сырымбетұлы Букиннің ғибратты ғұмыры еліне адал қызмет етудің үлгісі
Ақыл-парасатымен халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білген Жеңіс Сырымбетұлы Букинді елі сүйген, елі ардақ тұтқан тұлғалы азаматтың қатарына жатқызамыз. Әсіресе, Еркін аға Әуелбековтің үмітін абыроймен ақтап, Көкшетау, Торғай, Солтүстік Қазақстан облыстарында лауазымды қызметтер атқарғанда да әріптестерінің шынайы құрметіне бөлене білді. Кіршіксіз таза арына дақ түсірмеген асыл азаматтың жарқын бейнесі дос-жарандар мен ағайын-туғанның есінде мәңгі сақталады.
Жаратқан ием бұл әулетке келісті келбет пен ақыл-парасатты жомарттықпен бере салған ғой. Ал, Букиндер болса өздеріне көрсетілген ілтипатты қажырлы еңбекпен ақтай білді. Бұған тарих куә, Алла куә. Орлиногор орман шаруашылығының директоры Қабдыраш Әлиев ағатайымның үйінде «Карасев» совхозының бас инженері Сырымбет атайды алғаш көргенімде баяғының жаужүрек батырларын көз алдыма елестеткендей әсерге бөлендім.
Мирастық осы қасиет ұлдары Жеңіс пен Жарасқа да дарып, екеуі де бойшаң болды. Ал, үлкендердің сыйластық қарым-қатынасынан үлгі алған Жеңіс екеуміз жастық шағымыздың қызықты сәттерін бірге өткіздік. Өзіміз де ержетіп, қилы-қилы кезеңдерді бастан кешсек те бала кезіміздегі достығымызға ешуақытта қылау түсірген емеспіз.
Таудай талабымен өмірден өз орнын таба білген Жеңіс Сырымбетұлы 1943 жылғы 19 желтоқсанда Айыртау ауданындағы Лавровка ауылында дүниеге келіп, 1960 жылы орта мектепті бітіреді. Бір жылдай тарих пәнінен сабақ беріп, лаборант болып та істеді.
Өршіл өрен 1961 жылы арман жетелеуімен Мәскеудің көлік инженерлері институтына түсіп, өнеркәсіптік-құрылысшы мамандығы бойынша білім алады. Одақтық жоғары оқу орнында алған білімін өндірісте сынау мақсатында Марина Роща ауданындағы Шерементьевская көшесіндегі тұрғын үйлерді салуға қатысады. Бұл көкшелік жас инженердің өміріндегі алғашқы сынақ болатын.
Бұрындары дипломды мамандардың қандай қызмет істейтіндігін үкіметтің арнайы комиссиясы шешетін. Осы тәртіп бойынша Қазақ ССР Геология министрлігінің инженері Жеңіс 1969 жылы Келлер ауданының сәулетшісі болып тағайындалады. Екі жылдай Чита қаласында азаматтық борышын өтеп, лейтенант шенін алған, күш-қайраты мол жігерлі жігіт Айыртаудың қазыналы қариясы, әкесі Сырымбет Мәмбетұлы мен аяулы анасы Күләнға қуаныш сыйлап, көршілес Шұңғырша елінің тумасы Қайыртай Мәкібайқызымен көңіл қосады. Жарты ғасыр тату-тәтті өмір сүрген асыл жандар үш бала тәрбиелеп, сүйкімді немере-шөбере сүйді.
Тағдырдың қия жолындағы қиындықтарды табандылықпен жеңе білген Жеңіс Букинді жолы болғыш азамат деуге болады. 1978 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң, Торғай даласына жолы түсіп, Есіл аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланады.
Жиырма бестің белесіне шыққан алғыр жігіт ауданның қайнаған тіршілігіне білек сыбана кірісіп кетеді. Әсіресе, инфрақұрылымды өркендетуге ерекше мән береді. 1979 жылы есілдік егіншілер рекордты өнім – 20 миллион пұт астық жинайды. Ел дәулетін еселеу жолындағы осы жетістікке сүбелі үлес қосқаны үшін Жеңіс Сырымбетұлы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
Алда оны тағы да асқаралы белестер мен сындарлы сынақтар күтіп тұрды. Облыс орталығы – Арқалық қаласының экономикасын өркендетумен бірге, әлеуметтік-тұрмыстық салаға жетекшілік еткен екінші хатшының басшылығымен 3 мектеп, 13 бала-бақша, орталық әмбебап дүкен, жаңа ықшам аудандар салынды.
Жеңіс Сырымбетұлы Торғай даласында жинақтаған тәжірибесінің игілігін 1986-1991 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің күрделі құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, кейін меңгерушісі болып істеген кездері көп көрді. Өңірде құрылыс кең қанат жайған жауапты кезеңде жергілікті билік оны облыстық статистика басқармасына басшылық қызметке жіберуді ұйғарады.
Ондағы басты мақсат – мекемеге жаңа ғимарат салу үшін Жеңіс Букиннің құрылыс саласындағы тәжірибесі ауадай қажет болды. Белсенді іс-қимыл танытудың нәтижесінде статистика басқармасының жаңа кеңсесі 1992 жылғы шілде айында пайдалануға берілді. Бұл тәуелсіздік таңы атқан сол бір қиын-қыстау кезеңде Көкшетау қаласында салынған бірден-бір еңселі ғимарат болатын.
1997-1999 жылдары Көкшетау облысы жабылып, Солтүстік Қазақстан облысына қосылғанда барлық мемлекеттік мекемелердің және кейбір ұйымдар мен кәсіпорындардың жабдықтары, жылжымалы мүліктері Петропавл қаласына жөнелтілді.
Өйткені, Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының сол кезеңдегі ұстанған саясаты осындай болатын. Алайда, Жеңіс Сырымбетұлы табандылық танытып, Көкшетау облыстық статистика басқармасының барлық мүлкінің бөлшектенуіне жол бермеді. Көкшетау қалалық статистика бөлімі екі жылдай қазіргі облыстық статистика департаментінің ғимаратында отырып, ондағы құрал-жабдықтарды пайдаланды.
Міне, осындай көрегендіктің арқасында 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына көшірілгенде кейбір мекемелер сияқты құрал-жабдықтар сатып алуға шығын шығармады.
Жеңіс Сырымбетұлы Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары статистика басқармаларының басшылық қызметін қоса алғанда, республикалық статистика органдарында он алты жылдан астам қызмет атқарыпты.
Өзіне жүктелген жауапты міндетті адал атқарумен бірге жоғары санаттағы мамандардың тұтас бір тобын тәрбиеледі. Іскер басшы ретінде ол функционалдық міндеттерін мінсіз атқарумен бірге Көкшетау қаласында Алматы экономика және статистика академиясының филиалын ашуға да көп үлес қосты. 2006 жылы осы университеттің доценті болып сайланып, емтихан комиссияларының отырыстарына да қатысты.
Жеңіс Сырымбетұлының бойындағы өскелең ұрпаққа үлгі етерлік тамаша қасиеті – жолдастыққа адалдығы. Әсіресе, мені ерекше тәнті ететіндігі – Еркін Әуелбековпен арадағы шынайы сыйластық қарым-қатынасы. Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон департаментін басқарып жүрген кезімде Жеңіспен бірге мен де асыл ағамызды сан мәрте қарсы алып, дәмдес, сырлас болдым.
Еркін Нұржанұлы Жанасуда фермерлік шаруашылық құрып, мектеп салғызып жүрген кезде туған ауылына жиі келетін. «Қысқа жіп күрмеуге келмейтін» қысылтаяң шақта Жеңіс сияқты Көкшенің игі жақсыларымен бірге мен де қол ұшын беріп, шама-шарқымызша қолдау көрсеттім.
Ерекеңнің 90 жылдығы қарсаңында Көкшетауда ескерткіш орнату үшін арнайы қоғамдық қор ашқанымызда Жеңістің жас балаша қуанғанын көрсеңіз ғой. Алла жар болып, енселі ескерткіш те орнатылды, кітап та шықты. Бәлкім, бұл да Жеңіс Сырымбетұлының асыл арманының жүзеге асуының шапағаты болар!
Көкшенің мақтанышы, қоғам қайраткері, қимас досым Жеңіс Сырымбетұлы ғибратты ғұмырын мағыналы өткізді. Қызметте абыройлы, ағайын-туғанның арасында сыйлы болды. Өмірлік жары Қайыртай Мәкібайқызын, ұл-қыздары Жәкен, Жанна, Жангелдіні, келіндері Ақнұр, Әсел, немересі Батырханды қызғыштай қорғап, мәпелей білді.
Ал, дос-жарандары одан үлгі-өнеге алып, әрдайымда мақтан тұтты. Адамгершілік асыл қасиеттері мол, елі ардақ тұтқан іскер басшы, қамқор әке, асыл жар Жеңіс Сырымбетұлын жылдық дұғасына орай рухына тағзым ете отырып, иман байлығын тілейміз.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қаласының
құрметті азаматы, әріптес-досы.