Танымал журналист, «Бұқпа!» газетінің бас редакторы, әріптесіміз Бақыт Смағұл спорт саласының ардагері, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО және Қазақ ССР-інің спорт шебері, самбо және қазақ күресінен еліміздің чемпионы, Одақтық жарыстардың топ жарған жүлдегері Малғаждар Омарұлының өмір жолы, күрес өнеріндегі қол жеткізген табыстары жөнінде «Боз кілемде өткен өмір» деген тақырыппен кітап шығарды.
Әрине, аты аңызға айналған атақты палуан туралы айтар әңгіме, үлгі етер белдесулер, еске түсірер естеліктер жетерлік. «Әттең, сол кезде бейнетаспаға жазылып, бүгін көріп отырсақ» деп өкінетініміз болады. Аллаға шүкір, ағамыздың өз аузынан, оның күресін көргендердің айтқандарынан ғана кейбір күрделі белдесулерінің мән-жайын ұққандай боламыз.
Міне, Бақыт Смағұл осы олқылықтың орнын толтырғандай. Малғаждар Омаров күресі, боз-кілемдегі мінез-құлқы, әбжіл қимылдары, қажыр-қайраты туралы әр жылдарғы газеттер мақалалары келтіріліп, Сәдеш Қасымов, Жарылқасын Оңалбеков, Хамит Ысқақов сияқты палуандар, бапкерлер жазбалары кітапқа еніпті. Түрлі-түсті суреттерден оның куәліктері, алған грамоталары мен сертификаттары, өмірінің әр кезеңінен фотосуреттер орналастырылған.
Ел-жұртының абыройын талай асқақтатқан ардагер палуан туралы арнайы кітап шығып, ол туралы мәлімет-деректердің мұқият бір жинақталып қалғаны өте құптарлық, қуанышты жайт, демекпіз.
Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.