Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай мұрасы-Қазақтың қасиетті қазынасы - АРҚА АЖАРЫ

Абай мұрасы-Қазақтың қасиетті қазынасы

Бүкіл еліміз болып 2020 жылы ұлы ақын, ұлт ұстыны Абайдың 175 жылдығын әлем деңгейінде кеңінен атап өткеніміз белгілі. Осы күні халқымызда «асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» деген қағида өмірлік мәнге ие болғаны ақиқат.

Ұлы абызымыздың мерейтойы өткенімен, Абай туралы сөз ешқашан таусылмақ емес. Көкшетау қаласындағы қазақ тілінде оқытатын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері де жастайынан ақын мұрасына жақын болғаны оны зерделеп, көкейге түймекке ұмтылғаны көңіл қуантады. Сол жас ұрпақ толғанысының бір парасына сіздер, біздер болып назар аударып көрелік.

Абай-қазақ поэзиясының биік шыңы, құдіретті ақыны. Бас ақын біздерге қара сөздерін, поэмаларын, өлеңдерін мұра етіп қалдырды.

Біз мұны мәңгі мақтан тұтамыз. Әр қара сөзінде рухани тәрбиелік  зор мән жатыр. Абай атамыз әдеби тағылымы мол дүниені  біздей жалынды жас жеткіншектерге  үлгі беру үшін жазған. Оны бірнеше өлеңдерінен-ақ аңғаруға болады.

Кемеңгер Абай біздің дамылсыз оқып-үйренгенімізді  бар жан-тәнімен қалады. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын баса айтты. Біздің міндет– ілгері көштен қалмай, алдыңғы қатардан орын алу. Абай атамыздың білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да аса терең. Ендеше осы тереңдікті біз ұғынсақ, талай дүниені бағындырарыма сенімдімін.

Ұлы бабамыздың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын өзіндік үлес қосып келеді.

Қазақ сөз құдіретін бар құдіреттен артық санаған. Соның ішіндегі құдіретті сөздің бірі- Абайдың қара сөздері.Ұлы ойшылдың  45 қара сөзі бар. Мен өзім әзірге 5 қара сөзін жатқа білем.Тағы да жаттау үстіндемін. Абай атамыздың өлеңдері, қара сөздері ел үшін, мен үшін баға жетпес асыл  қазына. Абайдың өлеңдерімен мақтануымыз қажет. Қазақ елі Абайдың өлендерімен шаттану керек, оқу қажет.

Абайдың өлендерін оқымаған, түсіне алмаған  қазақ, қазақ па?!  Абайдың жүрек шерімен жазған туындырыларының тағылымы, мәңгілік қымбат қазына. Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани байлығы. Абай атаға арнап,  арнау өлең жаздым.

Абай дана, Абай дара қазақта.

Ұлы ақынды оқымаған, ол қазақ па?!

Жас толқын бар хакімді де білмейтін

Түсінбедім оны, рас па әлде мазақ па?

Абай деген қазағымның данасы,

Абай деген Ұлы ақын, ел ағасы.

Әндерімен сусындап біз өскенбіз,

Қазаққа ғана бұйырған хақ дарасы.

Дананың өлеңімен шаттанамын,

Шығармасын оқып, түсініп мақтанамын.

Қалың елге теңдесі жоқ ілім беріп,

Ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін асқақ әнің.

Аружан  Исламбекова,

қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға
арналған №3 облыстық мамандандырылған
мектеп-интернатының оқушысы.

***

Қазақ халқын білім мен еңбек оздырады деп түйіндеген

Абай Құнанбайұлы поэмаларының саны – үшеу. Олар «Масғұт», «Ескендір» және «Әзім әңгімесі» аяқталмаған поэма.

Абайдың бұл үш поэмаларының үшеуі де өзінің өмірін, өскен ортасын, олардың тұрмысын, болмысын суреттейтін шығарма емес. Үш поэманың да тақырыбы шығыстық дастан – аңыздардан немесе ертегілерден алынған сюжеттерден құралған. Поэмалардың көлемі аз, оқиға сюжеті шағын. Ақын поэма жазуды ұнатпаған деседі. Дегенмен өз шәкірттеріне өзі тақырып ұсынып, бірге талдаған деседі. Абай Құнанбайұлының шәкірттері, олар: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Тұрағыл Абайұлы, Мағауия Абайұлы және т.б.

Абай атамыздың поэмаларындағы негізгі ойы мен идеясында бұған дейінгі айтылған, көтерілген тақырыптары тағы да көрініс табады. Абай поэмада өзінің дүниеге көзқарасын, елге айтып жүрген өсиетін танытуды көздеген мақсаты оны мораль философиясына әкеледі. Абай поэманы көп жазбаса да, оның тіл шеберлігіне тамсана беруге болады. Абай Құнанбайұлы сияқты тұлға бұрын-соңды қазақ халқында болған емес.

Абайдың әлемі өзгеше. Абай Құнанбайұлы заманның қиыншылығын, әділеттің жоқтығын, қазақ елінің сауатсыздығын, бірліктің жоқтығын ашық көрсетіп жазған. Сондағы Абай қазақ халқын білім мен еңбек көтереді деп түйіндеген. Өмірінің соңғы жылдарын «Ғақлия» атты қара сөздерінде философиялық тақырыптарды қозғайды. Абай шығармаларының бәрі нағыз адам болуға тәрбиелейді. Абай атамыздың әр шығармасынан көп  ғибрат алуға болады.

Міне, қанша жыл өтсе де, ақынның аты да, шығармалары да ұмытылған жоқ. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген мақал тегін айтылмаған. Әрі қарай Абай атамызды насихаттап, ел үміті болып отырған жастарды Абай шығармаларына сусындата тәрбиелеуіміз керек. Себебі, Абай атамыздың шығармаларынан білгенімізден білетініміз аз, түйгенімізден түйетініміз көп. Мен Абай сияқты дана тұлғаның ұрпағынан екеніме қуанамын. Абай менің мақтанышым. Абай мұрасы ешқашанда ұмытылмайды, себебі оны жалғастырушы кейінгі ұрпақ біз бармыз.

Гүлшекер  Сүлейменова,
қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға
арналған №3 облыстық мамандандырылған
мектеп-интернатының түлегі.

***

Оқып шықтым «Абай жолын» жастанып…

 

Оқып шықтым «Абай жолын» жастанып,

Қарамадым анам берген асқа анық…

Тайға мінген бала мені тартты да,

Қызығына кірдім кітап, шаттанып!

 

Сүңгіп кеттім, сол заманға, сол кезге,

Зерде салдым, әр оқиға, әр сөзге!

Бала болып жүгірдім мен де анаға,

Алыс жолдан ананы аңсап келгенде.

 

Бірақ ана көрсетті шын тектілік,

Барша жұрттың алдында тұрып көпшілік

Ана жерде әкең тұр балам дей білді,

Ер адамның дәрежесін өсіріп!

 

Қайран Мұқаң, қалай ашқан Ананы,

Ақын туған, Абай туған дараны!

Әкесінің алдынан бір өткізді,

Алып ұшып жеткен ақын баланы!

 

Жас басынан араласып, әр іске,

Болыс болған, түсіп талай күреске.

Ерте оянып, ойланып, жете алмады-ау,

Армандаған, талай іспен тірлікке!

 

Халқым деп, жанын жеген ұлы ақын,

Қазіргідей ойламаған өз басын.

Ғылым таппай мақтанба деп жар салып,

Оқу менен ілімге бұрды өз атын!

 

Жидебайда отырып-ақ, ізденіп,

Салды түрен қаламымен кезеніп.

Лермонтов, Пушкиндермен сырласты,

Деңгейі мен дәрежесі тең келіп!

 

Қараңғы түнде қалқытта да тауларды,

Туындыны небір асыл аударды.

Татьяна жырлағанда қазақша,

Шыңғыстауда барша қазақ таң қалды!

 

Мыңмен жалғыз алысқан да ұлы Абай!

Оны дағы ұмытпайық ойламай!

Қалам тарту қиын екен ақынның,

Жүрегінің тереңіне бойламай!

 

Қымбат Манапов,
қазақ тілінде оқытылатын
дарынды балаларға арналған
№3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының
оқушысы.

***

Мәңгілік ұрпақтарға ұлықтайық

 Абай дара тұлғасы ұлтымыздың,

Бір бөлшегі Абайда құлпымыздың.

Сол Абайдан біздерге жалғаспақ па еді.

Текті болып тұруы тұрқымыздың.

 

Абайды мәңгі қазақ ардақтайды,

Абай ойы өмірді салмақтайды.

Абайдай дара туған данасы бар,

Деп менің қазағымды ел мақтайды.

 

Себебі, Абай сөзінде ілім жатыр,

Ұрпаққа үлгі, тәрбие, тәлім жатыр.

Мұхтар жазған «Абай жолы» кітабында,

Қазаққа берер ілім-білім жатыр.

 

Абаймен ешкім өмірде теңдеспейді,

Абайды танығандар мен деспейді.

Абайдың саналарға сеуіп кеткен,

Дәніндей дән еш жерде өспейді.

 

Біз сондықтан, Абайды ұмытпайық,

Айтқанын саналарға құнттайық.

Абай айтқан бес нәрседен қашық болып,

Бес нәрсені жүрекке дарытайық.

Абайдың өсиетін өнеге қып,

Жамандықтың ауылын құрықтайық.

Абайдай қайталанбас тұлғамызды

Мәңгілік ұрпақтарға ұлықтайық!

Шұғыла Елешқызы,
қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға арналған№3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар