– Ақмола облысында қыркүйектің 15-інен тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары басталды. Препарат тұмаудың А, В және С түрлеріне қарсы егіледі. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департамент басшысының айтуынша, тұмауға қарсы екпе алу үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханасына баруы тиіс.
«Алдағы эпидемиялық маусым үшін Ақмола облысында тұмауға қарсы 73 000 доза «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Бүгінгі таңда облысқа 31 000 доза жеткізілді, жақын арада қалған 42 000 дозасын жеткізу жоспарланған. Бүгіннен бастап барлық медициналық ұйымдарда облыс тұрғындары үшін тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды. Осы ретте препарат биылғы эпидемологиялық маусымда байқалады деп болжанып отырған тұмаудың А, В және С түрлеріне қарсы егіліп жатыр», — деді Айнагүл Мусина.
Айта кетсек, 2021-2022 жылдары эпидемиологиялық маусымда облыста ЖРВИ-дің 69 825 жағдайы тіркелді. Ал, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,39 пайыз болды. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 24 881 (36,63%), бір жасқа дейінгі балалар арасында – 2 792 (4,11%), жүкті әйелдер арасында – 1 351 жағдай (1,99%) тіркелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында тұмауға қарсы 73 138 вакцина сатып алынғанын жазған едік.