– Президент сайлауына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған Жигули Дайрабаев мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін Орталық сайлау комиссиясында емтихан тапсырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясында кезектен тыс президент сайлауына үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау бойынша лингвистика комиссиясының кезекті отырысы өтіп жатыр. Бұл жолы комиссия мүшелері «Ауыл» партиясынан ұсынылған Жигули Дайрабаевтың қазақ тілін меңгеру деңгейін сарапқа салады.
Лингвистикалық емтихан барлық үш кезең бойынша өтеді: тақырыпқа сай жазбаша тапсырма орындау, мәтін оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу.
Еске салайық, бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Аманат» кәсіподақтар достастығынан ұсынылған Мейрам Қажыкеннің , халықтық коалициядан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатураларын талаптарға сай деп шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қ.Тоқаев лингвистика комиссиясында неліктен емтихан тапсырмайтынын түсіндірді.