Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жанашыр жобаның жақсылығы мол - АРҚА АЖАРЫ

Жанашыр жобаның жақсылығы мол

Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өңірлерді дамыту бөлімінің басшысы Азамат Байқуанышев «Ауыл – ел бесігі» жобасының жайы туралы таратып айтып берді.

Ауыл деген жанға ыстық жалғыз ауыз сөз тіл ұшына оралғанда көкірегіңнің уылжып сала беретіні бар. Кір жуып, кіндік кескен топырақтың қадір-қасиеті кімнің болсын бір бүйірінде жүретіндігі сөзсіз. Өтпелі кезеңнің өкпек желі талай ауылдың соңғы қазығын суыра жаздап, нарықтың қара дауылы зор екпінімен теңселтіп кете жаздағаны белгілі. Міне, осындай ел ішіндегі кейбір елді мекеннен ажар тайған уақытта аталмыш жоба әлденеше ауыл тұрғындарының күн көрісін түзеп, ел берекесін арттыруға ықпал етіп отырғандығын, сайып келгенде Алаштың алтын бесігі – ауылдың орнығып отыруына, түтінінің түзу ұшуына жақсы ықпал ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ондаған елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары жаңғыртылып, жақсарып қалды. Ізгі ниетті жоба шеңберінде атқарылуға тиісті шаруаның барлығы алдымен ауылдың болашағына байланысты екшеліп, таразы басына тартылып алынатындығын да жасыруға болмас. Бірінші кезекте демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және елді мекеннің орналасу жайы есепке алынады. Міне, осы тұрғыдан келгенде өңірдегі 589 елді мекеннің 298-і дамудың даңғыл жолына түсуге қарымы қаптал жететін, болашағы жарқын, іргесі мықты елді мекен есебінде. Демек, бұл ауылдардың қолтығынан демеп, кем-кетігін жамап-жасқап, керегесін кеңейте түсуге әбден болады.

Жанашыр жобаға жұртшылықтың дән разы екендігін айта кетелік. Мемлекет тарапынан ауылға жасалып жатқан қамқорлықты көз көріп отыр. Ауылдықтардың алға ұмтылған қадамын нықтап, шаруаларын ширатып, шырайын келтіруге қолда бар мүмкіндік толайым тегіс жұмылдырылуда. 2019-2021 жылдары жүз мыңнан астам тұрғыны бар 35 ауыл шапағаты мол жобаның жақсылық нұрына бөленіп, жайнап шыға келді. Қазір ел ішіне барып осы жоба бойынша қыруар жұмыс атқарылған елді мекендерді көрсеңіз көз қуанып, көңіл сүйсінеді. Ауылдарға дем беретін 144 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 18,7 миллиард теңге қаражат бөлініп, игерілді. Әлеуметтік саланың 26 нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір бұл нысандар жергілікті жұртқа қалтқысыз қызмет етіп тұр. Мақсат-мұраты да белгілі. Ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайын түзету.

Бұрын осы тарапта азын-аулақ олқылық орын алса, қазір 26 нысанның қатарға қосылуымен ол жағы біршама түзеліп қалды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының 8 нысаны күрделі жөндеуден өткізілсе, 208 шақырымдық ауыл арасындағы жол салынды. Мұның барлығы ел ішіндегі берекені көбейтіп, ертеңге деген үміттің шырағын лаулатып тұр. Ауыл тұрғындары үшін сойылдай мәселенің бірі – таза ауыз су. Қаншама жылдан бері осы бір өзекті мәселе биік-биік мінбелерден көтерілгенімен, шешімін таба қоймаған күрделі сұраққа айналып келе жатқандығын айта кетудің артықтығы болмас. Ел қамын қаузаған ізгілік шапағаты мол жоба аясында 34 шақырымдық ауыз сумен қамтамасыз ету желісі салынды, 19 шақырымдық жылу желісі іске қосылды. Одан өзге де жаңа қазандықтар бой көтерді. Екі бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді.

Бір қарағанда, ауыз толтырып айтуға әбден лайықты ауқымды шаралар. Тағы бір жақсылығы, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ел ішінде екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған жұмыссыз адамдар атқарған ісіне орай еңбекақы тауып, еңселерін көтеріп қалды. Сөзімізді тірілту үшін нақты дерек келтіре кетелік. «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынғалы 1133 уақытша жұмыс орындары ашылса, жоба аясында салынған нысандар іске қосылғаннан кейін 48 тұрақты жұмыс орны пайда болған. Аз да болса сеп. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары бұдан да көбейе түсуі әбден мүмкін. Үстіміздегі жылы ауыл тынысын ашуды көздеген жалпы құны 9 миллиард теңгені құрайтын 71 шара жүзеге асырылуда. Алдыңғы жылдарға қарағанда, биылғы белсенділік тіптен жоғары. 125 мың адам мекен ететін 58 ауыл жоба жақсылығын көрмек, көріп те жатыр.

Бюджеттен бөлінген қыруар қаржыға 7 елді мекендегі спорттық ойын алаңдарын салу көзделсе, оның 14-і аяқталды. Қазір Бұланды ауданындағы Вознесенка, Қараөзек, Никольское елді мекендерінің балалары көздің жауын алатын жаңа алаңдарда жаттығып, өрікпеген көңілдерінің қуанышын баса алмай жүр. Мұндай жақсылық Бурабай ауданындағы Златополье, Қызылағаш, Веденовка, Кенесары ауылдарында да бар. Біржан сал ауданының Үлгілі ауылында стадионның құрылысы аяқталуда.

31 ауылда ауылішілік жолдарды жөндеу аяқталды. Бұл орайда қолға алынған 17 жоба сәтімен аяқталды. Астрахан ауданындағы  Старый Колутон, Біржан сал ауданындағы Аңдықожа батыр, Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин, Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық тәрізді бірнеше елді мекеннің жолы жөнделді.

Ел ішіндегі елеулі жұмысты түгел қамтымағанымызбен, жоба шарапатын оқырманның көз алдында елестету үшін бірер нақты мысал келтіре кетсек артықтығы болмас. Мәселен, Егіндікөл ауданының орталығындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, Астрахан ауданындағы Колутон ауылындағы білім ошағының жөндеу жұмыстары аяқталып, ғимарат жаңа мектепке бергісіз көрікке ие болды. Жақсы ауданының Жаңақима, Аршалы ауданындағы Түрген, Ерейментау ауданындағы Новомарковка елді мекендеріндегі мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Бұланды ауданындағы Қараөзек пен Никольское ауылдарындағы су құбыры жаңғыртылды. Сандықтау ауданындағы Балкашино селосындағы стадион жөндеуден өткізілді.

Міне, осындай қыруар шаруа қолға алынып, бар іс тындырымды, мұқият жүргізілгеннен кейін бірнеше ауыл ажарланып, кәдімгідей көрікке ие болды. Бүгінгі күні ел еңсесін тіктеуге бағытталған 71 жобаның 31-і аяқталды. Ал, 32-сіндегі жобалар аяқталуға жақын. Осы жұмыстардың арқасында 67 уақытша жұмыс орындары ашылды.

Жалпы алғанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасының ширақ жүргізіліп жатқанын әрі оған бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын көбейіп келе жатқанын айта кетуге болады. Мәселен, 2019 жылғы бюджеттен бөлінген қаражат үш есеге көбейді. 2019 жылы 3 миллиард, 2020 жылы 7,2 миллиард, 2021 жылы 8,5 миллиард теңге бөлінсе, осы мүмкіндіктің арқасында қолға алынған жобалардың аясы кеңіп, шарапаты тәмам елге тиіп отыр.

Туған елдің тұғыры биіктесе, ауыл-село тұрғындары да қоныс аудармай, кір жуып, кіндік кескен топырағында түтіндерін түтетіп, береке бастауын кеңейте түсер еді. Алдағы уақытта да ақ жарылқап жақсы жобаның шарапаты себезгілеп тұрса, ақ бесіктің келешегі кемел болмақ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар