Облыс орталығындағы сайлау учаскелеріндегі жауапты науқан ұйымшылдықпен жүріп жатыр. Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуовтың айтуына қарағанда, таңертеңгі сағат 10-ға дейін жалпы сайлаушылардың 21,24 пайызы дауыс беріп үлгерген.
–Нұресіл ауылындағы №642 сайлау учаскесінде өз таңдауымды жасадым. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Ел болашағын айқындайтын сәтте ешкім де сырт қалмайтындығы белгілі. Халықтың көңіл-күйі жақсы, – дейді Целиноград аудандық мәслихатының хатшысы Ләззат Қонарбаева.
Сайлаудың өту барысы бақылаушылардың назарында. Көкшетау қаласындағы №3 орта мектепте орналасқан №15 сайлау учаскесіндегі бақылаушы Гүлнұр Мұхамбеталинаның айтуына қарағанда, жауапты науқан барынша ұйымшылдықпен өткізілуде.
–Сайлаушылардың дені таңертең келе бастады. Учаскедегі жауапты қызметкерлер өз істерін жетік біледі. Егде адамдарды құрақ ұша қарсы алып, қалай дауыс беруге болатындықтарын түсіндіріп жатыр. Барлығы талапқа сай өткізілуде, – дейді ол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.