Еңбек – адамның жан-дүниесін жаңғыртып, жігерін жанып, ой-қиялына қанат бітіретін бірден-бір құдіретті күш.
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп ұлы ақын Абай айтқанындай, Застанционный қалалық үлгілі кітапханасында 2020 жылдан бері «Еңбек – елдің мұраты» жобасы бастау алған. Адам еңбегінің мәртебесін арттыру және ғылыми-көркем әдебиетті насихаттау мақсатында Көкшетау қаласының №11 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, капитан Дастан Есімовпен «Еңбек түбі береке» атты кездесу өтті.
Қонағымыз өзінің еңбек жолына, өрт сөндіруші мамандығы өте маңызды және қауіпті екеніне тоқталып өтті. Өртті шебер әрі тез сөндіру үшін ержүрек адам болу жеткіліксіз. Өрт сөндіруші өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білуі, епті әрі күшті болуы міндет. Ол үшін олар спортпен шұғылдануға үлкен назар аударады, жаттығу барысында өрт сөндіруде қолданылатын арнайы тәсілдер мен жаттығуларды меңгереді. Өрт сөндірушілер керегінде әр минут сайын өз өмірлерін тәуекел етеді, өзіне қауіп төндіреді. Оқырмандардың барлық сұрақтарына Дастан Сабыржанұлы тиянақты жауап берді. Іс-шара барысында Астанадағы пәтерлердің бірінде шыққан өрттен адамдарды құтқарып, өзі қаза тапқан ержүрек өрт сөндіруші жерлесіміз, біздің заманымыздың батыры Асқар Забикулинді еске алдық.
Жоғарыдағы қасиеттердің барлығын іс-шарамыздың конағы Дастан Сабыржанұлының бойынан көруге болады. Оның бала кезіндегі арманы өрт сөндіруші болатын. Қарамағындағы қызметкерлерге ізетті, кішіпейіл. Ерлігі және қаһармандығының дәлелі ретінде «Мінсіз қызмет үшін» медалімен және «Құтқарушы» төсбелгісімен, Алғыс хаттармен марапатталған Дастан сонымен қатар, бақытты отбасының иесі.
Өрт сөндірушінің еңбегі оңай емес. Бұл қызмет әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. «Еңбек түбі – береке» атты тақырыппен өткізілген кездесу кешінен біз осыны ұғынып, қауіпті де құрметті мамандық иесімен жүздесуіміздің өте дұрыс болғанына тағы бір көз жеткіздік.
Қарлығайын НӘКЕШЕВА,
Көкшетау қалалық Застанционный
үлгілі кітапхананың меңгерушісі.