Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушысы Арман Тұрымбаев «Сайғақ» қысқы науқанының өткізілуі туралы баяндап берді.
Өңірдің Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарында киік популяциясы жерсініп қалғаны мәлім. Соңғы жылдары Астрахан және Целиноград аудандарының аумағында да қарасы көзге шалынып жүр.
Ақбөкендер көбейіп келе жатыр. Бұл жанашырлықпен жан салып қорғаудың, қапысыз қамқорлық танытудың арқасында. Соңғы төрт жылда Атбасар мен Жақсы аудандарының аумағында киіктер «перзентханасы» да пайда болған. Перзентхана дегеніміз құралайдың аяқтанып, өретін аумағы. Үстіміздегі жылдың сәуір айының соңында жүргізілген есепке қарағанда, облыс аумағында он мыңнан астам ақбөкеннің бар екені анықталған. Төлдеу кезінде өзге өңірлерден де ауып келеді. Сол кезде ұзын-ырғасы елу мыңға дейін жетіп қалуы ықтимал.
Әне бір жылдары саны күрт азайып кеткен киелі жануарға деген қамқорлық қазір күшті. Облыстық прокуратураның қадағалауының арқасында үйлестіру кеңесі де құрылды. Браконьерлікке қарсы іс-қимыл да ширатыла түсті. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Заңсыз аңшылықтың бетін қайтарып, жазықсыз аңға қанды қаруын кеземес үшін кең ауқымды акциялар да өткізіліп тұрады. Жоғарыда айтқан жоспарды жүзеге асыру мақсатында инспекция мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, мобильдік топтар құрды. Осылайша иен далада еркін жайылған ақбөкендерді оңай олжаға айналдырғысы келетіндердің қадамы қысқарып, жалпақ даланың киелі аңының өрісі біршама кеңіп келеді.
Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында табиғат қорғау акциясын ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі жұмыс органы болып Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бекітіліп отыр.
Сөз соңында киікті заңсыз аулаған жағдайда 6 891 750 теңге көлемінде айыппұл көзделген. Тәртіп бұзушы үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан шектеліп, мүлкі тәркіленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сайын даланың салтанатын үстеп, сәнін келтіретін ақбөкеннің еркін тыныстап, самал желмен жарысып жүргені қандай сәнді. Киелі аң қазақ даласының ежелгі көркі емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.