Зеренді ауданының 45 тұрғыны 2023 жылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл аудан орталығында жаңа көпқабатты үй салу есебінен жүзеге асады, ол үшін бюджеттен 580 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұл туралы Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Аудан әкімінің айтуынша, жылумен жабдықтау нысандары мен инженерлік желілерін жаңғыртуға көп көңіл бөлініп жатыр. Биыл Зеренді ауылында қуаты сағатына 19,5 Гкал блоктық-модульдік қазандықты орнату жұмыстары аяқталды. Бұл орталық қазандықтың қуатынан үш есе артық. Онымен жалпы қосымша жылытылатын алаң 134,2 мың шаршы метрді құрайды. Тағы бірнеше тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Әсен Жақсылықовтың айтуынша, аудандық маңызы бар жолдардың сапасын арттыруға баса назар аударылып отыр. Биылғы жылы жолдарды жөндеуге бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Осылайша ауданның бірнеше елді мекендеріндегі кентішілік жолдар мен көше-жол желісін жөндеуге мүмкіндік туған.
–Жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша автомобиль жолдарының жөнделген учаскесінің ұзындығы 26,3 шақырымды құрады. Орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтауды жақсарту шеңберінде 2022 жылы Қарлыкөл, Игілік және Қазақстан ауылдарында су құбыры желілерін күрделі жөндеу бойынша үш жоба іске асырылды. Осы жылы Алексеевка кентінде су құбыры желілерін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр. Аудан бойынша күрделі жөндеумен қамтылған су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайды, – деді Әсен Жақсылықов.
Сумен жабдықтау желілерін жаңарту жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады. Қазір бес ауылда, яғни, Дороговка, Бірлестік, Қонысбай, Қанай би және Сәкен Сейфуллинде су құбыры желілерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Аудан дамуының тағы бір маңызды бағыты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шағын және орта бизнесті қолдау.
–Бүгінгі таңда ауданда 2000-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 7000-ға жуық адам жұмыс істейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үнемі назарда. Биыл Зеренді және Шағалалы ауылдарында әлеуметтік дүкендер, сондай-ақ, Айдабол және Ершовка ауылдарында әлеуметтік сөрелер ашылды. Онда халықтың әлеуметтік осал топтарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тұрақтандыру қорынан жергілікті көкөніс, мал шаруашылығы өнімдері мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар төменгі бағамен сатылады, – деп атап өтті Зеренді ауданының әкімі.
Зеренділіктер үшін өзекті мәселе электрмен қамтамасыз ету болып қала бермекші. 2022 жылдың басынан бері ауданда 334 рет электр қуатының апаттық үзілуі тіркелді. Желідегі апаттардың салдарын жоюға жұмсалған барлық қаражат, шамамен 100 миллион теңге. Желі иесінен сот тәртібімен бұл қаражат алынды және салық төлеушілердің ақшасы мемлекеттік бюджетке қайтарылады. Мәселені шешу үшін жергілікті билік Зеренді ауылында ұзындығы 16 шақырым болатын электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын бастауға ниетті және жалпы аудан аумағы бойынша баламалы электр желілерін салу мәселесі пысықталып жатыр.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.