– Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы болып Асламбек Мерғалиев сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысының ұсынуымен еліміздің Жоғарғы сотының төрағасын қызметінен босату және сайлау, сондай-ақ оның антын қабылдау Сенаттың қарауына жатады.
Осы орайда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Жоғарғы Сотының төрағасы лауазымына А. Мерғалиевті сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынымын таныстырды.
«20 жылдан астам сот жүйесінде бенсенді қызмет етіп келеді. Тәжірибесі мол, білікті маман. 2020 жылғы желтоқсан айынан бастап Ақтөбе облыстық сотының төрағасы лауазымын атқарды», – деді М. Нұртілеу.
Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары аталған ұсынымға қолдау білдіріп, Жоғарғы соттың жаңа төрағасын бекітті.
Өз кезегінде Асламбек Мерғалиев ҚР Жоғарғы сотының төрағасы ретінде ант берді.
Асламбек Мерғалиев 1972 жылдың 2 сәуірінде Павлодар облысы Ертіс ауданы Қарақұдық ауылында туған.
1999 жылы заңгер мамандығы бойынша Ыстамбұл мемлекеттік университетін бітірген.
Сот саласында 2001 жылдан бері қызмет істеп келеді.
2001-2003 ж.ж. – Павлодар облыстық сотының бас маманы;
2003-2007 ж.ж. – Павлодар қалалық сотының судьясы;
2007-2008 ж.ж. – Павлодар облысы Екібастұз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы;
2008-2012 ж.ж. – Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының төрағасы;
2012 -2014 ж.ж. – Павлодар қалалық №2 сотының төрағасы;
2014 жылдың 17 маусымынан 2015 жылдың 18 желтоқсанына дейін – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметін атқарған.
2015 жылдан 2020 жылға дейін Қостанай облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.
2020 жылдың 31 желтоқсанынан бастап бүгінге дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып эұмыс істеген.
Фото: akt.sud.kz