Өңірлік коммуникациялар қызметінде әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байғазин «Елге 1 қыркүйекке дейін әкелінген автокөліктерді бір реттік заңдастыру» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасына ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді заңдастыру міндетін қойған болатын. Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында заңдастыруға жататын автомобильдерді бастапқы тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде алым төлеуді көздейтін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулер әзірленді және қазіргі уақытта оны Парламент қабылдады. Осыған орай, Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомашиналарды заңдастыру 2023 жылғы 1 қаңтардан 1 шілдеге дейін жүргізілетін болады.
Жиын барысында Азамат Серікжанұлы көлік құралдарын жария ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтып берді.
– Автокөлікті шығарылған жылы мен экологиялық сыныбы бойынша шектеусіз жария етуге болады, оның ішінде заңды автомашиналарды жария ету үшін олар тіркелген мемлекетте тіркеу есебінен шығарылуы қажет. Бұдан басқа, қылмыстық іздеуде жүрген және шет мемлекетте қамауға алынған автомашиналарды тіркеуге болмайды.Өтініш халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы қабылданатын болады және ол берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаралады. Қарау нәтижелері иелеріне 1414 нөмірінен SMS арқылы жеткізіледі, – дейді ол. Автокөліктерді жария ету үшін көлік иелеріне нысан бойынша өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (сатып алу-сату шарты) сияқты құжаттар қажет.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында криминалистер көлік құралының нөмірлік агрегаттарын салыстырып тексеруді жүзеге асырады, ал, тексеру нәтижелері автокөліктің фотосуретімен бірге дерекқорға енгізілетін болады. Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларация жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ, техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техникалық паспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.
Брифинг соңында журналистер сауалдар қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Рамиль ДУСУМОВ.