Жаңа жыл да таяп қалды. Осы тұрғыда Қоян жылын жарқын жүзбен қарсы алғалы отырған «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамы өз ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіп отыр. Атап айтқанда бас директор Анатолий Томиловтың атынан әрбір еңбек ардагеріне жаңажылдық сыйлық үлестірілді. Бас директордың орынбасары Надежда Кривошеева да осы бастамаға қолдау көрсетіп, игі істің басы-қасында жүрді.
Сыйлықтарды үлестіру салтанаты Степногорск қаласының бас алаңында ұйымдастырылды. Алаңға жиналған ардагерлер зауыт басшылығына ақжарма тілектерін арнап, сөз сөйледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, зауытта 528 еңбек ардагері бар.
– Әрбір адам Жаңа жылдан жақсы үміт күтеді. Ал, біз аға буынға қашанда разымыз. Осы жетістіктерімізге жеткеніміз де осы ардагерлеріміздің арқасы. Олардың қай-қайсысы болсын еліне адал еңбек еткен жандар. Аз да болса біздің жаңажылдық сыйлығымыз аға буынға қуаныш сыйлайды деп ойлаймыз. Бұл игілікті іс біздің ұжымда ізгі дәстүрге айналған, – дейді зауыт қызметкерлері.
Ардагерін ардақтаған ел азбайды. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қазақ. Олай болса, ақсақалдардың ақ батасымен көгерген ірі кәсіпорын басшыларының бұл қадамы өзгелерге де өнеге боларлықтай.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.