Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұланды – бұла ну орман,  батырлар өскен ту алған - АРҚА АЖАРЫ

Бұланды – бұла ну орман,  батырлар өскен ту алған

Жаңа жылмен жүздесер сәтте өткен жыл ішіндегі жұмыс барысын көңіл таразысынан өткізіп, болашақтың бағдарын айқындаған жөн. Үстіміздегі жылы ауданда бірқатар толымды шаруалар атқарылды.

Өткен тоғыз айдың қорытындысын саралайтын болсақ, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тәуір. Аудандағы игілікті істердің атқарылуына тұрғындардың ынтымақтаса еңбек етуі себеп болып отырғанын айта кетуіміз керек. Астықты өңір болғандықтан біздің ауданда ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігіне айрықша мән берілуде. Ағымдағы жылы бұл салада ауыз толтырып айтуға тұрарлық табысқа қол жеткіздік. Мәселен, саладағы жалпы өнім көлемі 46,8 пайызға өсті. Аудан диқандары егін алқаптарынан мол өнім алу үшін озық технологияны тиімді қолдануда. Жыл өткен сайын ауыл шаруашылығы құрылымдары материалдық-техникалық базасын жақсартып, жоғары өнімді, жаңа заманғы машина-тракторларды көбірек алып жарақтануда. Осындай ілкімді істің арқасында саладағы өнім көлемі 91,2 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл тоғыз айдың көрсеткіші екендігін ескерсек, табыс деңгейі айқындала түседі.

Ағымдағы жыл аудан диқандары үшін көктен беріп, жерден иген қолайлы жыл болды. Ауа райының жайлылығы әрі диқан-механизаторлардың уақытпен санаспай атқарған жұмыстары өз жемісін берді. Гектар берекесі 15,9 центнерден айналды. Егер өткен жылы бұл көрсеткіш 10,3 центнерге тең болса, биылғы егін шығымдылығы әлдеқайда тәуір деп айтуға әбден болады.

Аудандағы экономикалық көрсеткіштердің өсуіне негізгі капиталға салынған инвестициялардың да ықпалы бар екендігін айта кетсек артық болмас. Жыл ішінде инвестиция көлемі екі жарым есе өсіп, 25,5 миллиард теңгеге теңесті. Құйылған қаржы аудан шаруашылықтарының ілгері жылжуына тәп-тәуір демеу болып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі де 3,7 есеге артты. Тоғыз айдың ішінде 10,7 миллиард теңге қаржы игерілді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, бұл орайдағы атқарылған іс едәуір көп. Аудандағы бөлшек тауар айналымының көлемі 3,3миллиард теңгеге жетті. Сондай-ақ, көтерме тауар айналымының көлемі 12,2 миллиард теңгені құрады.

Есепті кезең ішінде шағын және орта бизнес біршама ілкімді жұмыс істеп тұрғандығын айта кеткеніміз жөн. Қазір аудан кәсіпкерлері тыңға соқпақ салып, жаңа кәсіп түрлерін игеруде. Сонымен қатар, мемлекеттің қолдауымен ауыл шаруашылығы саласында төрт түлік малдың басын көбейту, тұқымын асылдандыру және бағдарламалар арқылы кәсіп бастау біршама жолға қойылуда. Ірі қара мал басы 2,8 пайызға өсті. Жылқы мен қой-ешкіде де өсім  бар.

Ет өнімдерін молынан өндіру үшін етті бағыттағы 6 ферма құрылды. Бұл орайда аудандағы малсақ қауымның тәп-тәуір жұмыс істеп отырғандығын айта кетуміз керек. Мәселен, «Ағайын-2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына 175 бас ірі қара мал сатып алды. Сондай-ақ, «Нұрсәт», «Есқанов», «Кенжелхан Гүлнар» шаруашылықтары асыл тұқымды мал сатып алу арқылы бағымдағы малдың сапасын жақсартуға ұмтылуда.  Осы бағыттағы іс алға жылжығаннан кейін халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шарықтатпай, қолжетімді ету мүмкіндігі туындайды. Әрі сауда нысандарымен 20-дан астам меморандумдар жасалып, келісімге келіп отырмыз.

Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тағы бір тиімді жолы – жәрмеңкелер өткізу. Соңғы жылдары осы бір жақсы үрдіс жалғасын табуда. Мұның барлығы сайып келгенде, аудан тұрғындарының дастарханын жүдетпеуді көздейтін жанашырлық көрінісі деп айтсақ та болады. Халық өз аудандарында адал еңбегімен нәпақасын теріп жеп отырған шаруашылықтар арқылы игілікті көру керек емес пе? Берекелі күз айларында 28 миллион теңге көлеміндегі арзандатылған азық-түлік сатылып, тұтынушылардың көңілі бір демделіп қалды.

Жетістіктерді айта отырып, кейбір кемшіліктерге де тоқтала кетсек артықтығы болмас. Мәселен, «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің өнім өндірісі әлемдегі шиеленіскен жағдайға байланысты біршама төмендеді. Фабрика Италия мен Беларуссиядан жұмыртқа жеткізе алмай отыр. Сондықтан, серіктестік қажетті шикізатты сатып алуда біршама қиындыққа ұрынуда.

Жеке инвестициялар есебінен кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс жобаларды іске асыру шеңберінде негізгі капиталға құйылған инвестиция тоқсаннан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. «Бизнестің жол картасы 2025»  бойынша субсидия және несиелерге 190 миллион теңге қаржы бағытталып, 6 жоба жүзеге асырылуда.

Аудандағы жолдың жағдайын жақсартуға да көңіл бөлінуде.  Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар көлік жолдары және көше жол желісі жөнделді. Бұл мақсатқа 821 миллион теңге қарастырылды. Шұбарағаш, Тастыөзек, Вознесенка, Купчановка ауылдары мен Макинск қаласының көшелері ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілуде.

Ендігі бір айрықша маңызды мәселе, қысқы жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу. Маусымға дайындалу үшін облыстық бюджеттен 254,5 миллион теңге қаржы бөлінгендігін айта кетумііз керек. Макинск қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде модульдік қазандық пен жылу желілерінің құрылысы жалғасуда. Бұл іске республикалық бюджеттен 664 миллион теңге қаржы бөлінді. Жылумен бірге аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де өте өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Никольск ауылында сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Осы іс барысында жалпы ұзындығы 54 шақырым желі жөнделу көзделсе, күні бүгінге дейін 54 шақырымы дайындықтан өткізілді. Қараөзек ауылында 14 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Вознесенка, Никольск, Новодонецк, Аққайың, Ивановка, Алакөл және Жаңаталап ауылдарындағы сумен жабдықтау желілерін жаңғырту үшін бюджеттік өтінім берілді. Айнакөл, Партизанка, Тастыөзек, Гордеевка, Отрадное, Шұбарағаш ауылдарындағы желілерді жаңғырту үшін жобалық құжаттама әзірленуде.

Шаруашылық жұмыстары осылайша дамып отырған кезде мәдениет саласы туралы айта кету де парыз. Бүгінгі таңда ауданда көркемөнерпаздар мен әуесқой бірлестіктердің 242 клубтық құрылымдары жұмыс істеп тұр. Есепті кезең ішінде мәдениет ұйымдары 2183 іс-шара өткізді. Оның барлығы жалпақ жұртты игілікті істерге бастап, ел ішіндегі ынтымақты ұйытуға арналған. Балалар жылы аясында да жүздеген шара өткізілгендігін айта кетсек, артықтығы болмас. Ауылдардағы мәдениет ошақтары заман талабына сай жұмыс істеуі үшін қолдан келген қамқорлық жасалуда. Никольское және Вознесенка ауылдарында жалпы құны 11 миллион теңге болатын жөндеу жұмыстары жасалмақ. Ағымдағы аудандық мәдениет үйінің балансына Журавлевка ауылдық мәдениет үйі қабылданады. Қараөзек ауылындағы мәдениет үйінің құжаттары әзірленуде.

Халықтың салауатты өмір сүріп, спортпен айналысуына да мүмкіндік тудырылып отыр. Бүгінгі күні ауданда 115 спорт ғимараты жұмыс істейді. Дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы әлі де жетілдіре түсуді қажет етіп отыр. Есепті кезең шінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 спорт алаңы салынды. Әлеуметтік әріптестік аясында «БАТ» серіктестігі Макинск қаласында үш шағын воркаут алаңын орнатты.

Денсаулық сақтау саласында да жақсы сипат бар. Мәселен, есепті кезең ішінде Журавлевка ауылында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Вознесенка ауылында дәрігерлік амбулатория салынбақ. Бүгінгі таңда қажетті құжаттамалар толтырылуда. Аудандық аурухананың бас ғимаратының бірінші қабатына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.

Елін, жерін қорғап, батыр бабалар өткен, жасцыл желекті шағын аудандағы шаруаның шырайы осы деңгейде. Алдағы уақытта экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартып, аудан тұрғындарының жайлы да жарасымды тұрмыс кешуіне бар күш-мүмкіндікті жұмсайтын боламыз.

Талғат ЕРСЕЙІТОВ,
Бұланды ауданының әкімі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар