– Үкімет елорда іргесіндегі Қосшы қаласының аумағын белгілеуге қатысты қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Ақмола облысы Қосшы қаласының шекарасын белгілеу туралы» Ақмола облысы әкімдігінің 2022 жылғы 23 қарашадағы № А-11/554 бірлескен қаулысына және Ақмола облыстық мәслихатының 2022 жылғы 23 қарашадағы №7С-22-3 шешіміне келісім берілсін», — делінген ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №1041 қаулысында.
Құжат «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 11-бабы 2-тармақшасына сәйкес қабылданған. Ол 10 күннен соң күшіне енеді.
Еске сала кетейік, 2021 жылғы 27 шілдеде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 9-бабына сәйкес Ақмола облысының Целиноград ауданы одан облыстық маңызы бар қала мәртебесін алған Қосшы ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылды.
Былтыр 23 тамызда Ақмола облысы әкімінің өкімімен Қосшы қаласының әкімі болып Ғайдар Қасенов тағайындалды.
Қосымша айта кетейік, Қосшы қаласының аумағы – 5 198 гектар. Қаланың солтүстік шекарасы Астана қаласының әкімшілік бағынысындағы аумақпен шектеседі. Ал, батыс, оңтүстік және шығыс жағы Ақмола облысының Целиноград ауданы арқылы өтеді.