– Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортындағы рестобардан өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша жалын шарпыған аумақ 800 шаршы метр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«29 қаңтар күні сағат 5:30-дар шамасында Алматы қаласының Медеу ауданындағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында «Облака» атты үш қабатты рестобардан өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 800 метрге жуық аумақ өртенді. Ғимаратқа өрт сөндіруші көлік келе алмайтын болғандықтан жалынды өртке қарсы крандар арқылы сөндіріп жатыр»,-делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Шымбұлақ тау-шаңғы курортының Facebook парақшасында өрттің «Талғар шатқалы — 3200» арқан жолының станциясында орналасқан «Oblaka» рестобарынан шыққаны жазылған. Осы кезде өрт қаланың Төтенше жағдайлар департаменті мен рестобар қызметкерлерінің күшімен сөндірілуде.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт таңғы сағат 04-00-дер шамасында үшінші қабаттан шыққан.
Курорттың кезекшілік қызметінің жәдел әрекетінің арқасында құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Комби-2 арқан жолының жұмысыт тоқтатылды. Талғар мен солтүстік Талғар жолдары өрт сөндіріліп шығын сомасы анықталғанша жабық болады.