– ҚР Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жанар Санхаева Қазақстанда соңғы 20 жылда пропорционалды сайлау жүйесі болғанын, енді саяси науқан аралас жүйе бойынша өтетінін еске салды.
«Аралас сайлау жүйесінің ерекшелігі – бір мандатты үміткерлер келеді. Бүгінде бұл жүйені көпшілік талқылап жатыр. Бір мандатты сайлау округтері бойынша сайлау ерекше қызығушылық тудырады, өйткені олар Қазақстанда 20 жылға жуық уақыт бойы өткізілмеген. Аралас сайлау жүйесінің басты артықшылығы, біріншіден, әрбір азаматтың сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болуы. Яғни, әрқайсымыз тәуелсіз кандидат ретінде өз кандидатурамызды ұсына аламыз, үміткерлер партияға қарамастан өзінің саяси көзқарасын білдіре алады. Бұрын кейбір заңнамалық идеяларды ілгерілету үшін партия мүшесі болуымыз керек болса, енді оны партияға қарамастан дербес жүзеге асыруға болады. Екіншіден, біз енді Мәжілісте партиялық өкілдіктен бөлек, аймақтық өкілдіктерді көретін боламыз, өйткені бір мандатты сайлау округтері аймақтық болып бөлінеді. Мысалы, Алматы, Түркістан облысының аудандары бар, аудан санына қарай бірнеше депутат сайланады. Мұндай сәттер өте маңызды және партияларға қарамастан өз құндылығын көрсетуге, қандай да бір саяси институттарға қарамастан өз облысын, қаласын немесе аймағын ұсынуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар, ол жақында «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы ҰСЗИ ғылыми қызметкері өз тәжірибесін бөліскенін атап өтті.
«Қырғызстанда 2021 жылы сайлау аралас жүйе бойынша өтті. Бұл тәжірбие бізді қызықтырды. Сарапшылар сайлау қалай өтетінін, алгоритмдерді, технологияларды зерттей отырып, тәжірибе, пікір алмасуы қажет. Олардың сайлау науқанының ұқсастығы біз үшін өзекті болды. Осыған дейін, 20 жылдай бұрын бізде аралас сайлау жүйесі болғанын атап өткім келеді. Біз қазір соған қайтып оралдық», – деді ол.
Сондай-ақ ҚСЗИ сарапшысы осы сайлауға жаңа саяси партиялар қатысатынын тілге тиек етті.
Айтуынша, бұл бәсекені арттырады.
«Жаңа партиялардың қатысуы бәсекелестікті күшейтеді. Бұл – жаңа ұрандар, жаңа тұлғалар, жаңа үгіт-насихат құралдары. Біз жаңа партиялардың сапалы науқан өткізуге мүдделі екенін көріп отырмыз», – деп қосты ол.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жеті саяси партия тіркелген.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді.