– Орталық сайлау комиссиясы Respublica партиясының Мәжіліс сайлауына ұсынған 23 кандидатын тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау» туралы ҚР Конституциялық заңының 90-бабының 1-тармағына сәйкес, Respublica партиясы қоғамдық берлестігінің партиялық тізімінен олардың өтініштері негізінде Дархан Серікұлы Иманашевті, Олжас Абазұлы Сұлтановты партия тізімінен шығару бойынша ОСК өз құзыреті шеңберінде тиісті шешімдер жобаларын дайындады.
Осыны ескере отырып, партия тізіміне 23 адам, оның ішінде 8 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар енгізілген. Олар бүкіл канидадаттардың 34,8 пайызын құрайды. Белігіленген квота сақталды.
Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.
Комиссияның 13-отырысының қорытындысы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Respublica партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаларға қол қойды.
Еске салсақ, Respublica партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізіміне 29 адам енгізілген болатын. Алайда, кеше бір мандатты жүйе бойынша ұсынылған үміткер, партияның тең төрағаларының бірі Сырымбек Таудың тізімнен шеттетілгені белгілі болды.