– Кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының алдында, 16 наурыз күні өтетін теледебатта сайлаушылар тікелей эфирде сұрақ қояды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туарлы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.
«Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін әзірледі. Регламентке сәйкес, саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайыстары 3 раундта өткізіледі. Бірінші раунд 2 турдан тұрады. Бірінші тур – партияның таныстырылымы. Онда әр қатысушы өз партиясын таныстыру үшін сөз сөйлейді. Әр қатысушының сөз сөйлеуіне 2 минут беріледі. Екінші тур – пікірсайыс сессиясы. Мұнда қатысушылар қарсыластарына бір сұрақ қояды және бір сұраққа жауап береді. Сұрақ тұжырымына бір минут беріледі. Әр қатысушының жауабына 2 минут беріледі», – деді ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.
Екінші раунд та екі турдан тұрады.
«Бірінші тур – «Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өзінің сайлау алдындағы бағдарламасы туралы айту мүмкіндігімен сөз сөйлеу. Екінші тур – сайлаушылардан сұрақ. Әр қатысушы көрермендердің бір сұрағына жауап береді. Жауап беру уақыты – 2 минутқа дейін.
Үшінші раунд – сайлаушыларға арналған сөз. Соңғы раундта қатысушылар сайлаушыларға тікелей жүгінеді. Әр қатысушыға 2 минут беріледі. Осылайша пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақ қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады». – деді ол.
Сондай-ақ, ОСК аталмыш телевизиялық пікірсайысқа қатысушылардың тізімін мақұлдады.