«Бурабай» ұлттық паркі мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығын ЮНЕСКО тізіміне қосу туралы ұлттық ұсыныс қанағаттандырылды. Алматы қаласында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы өтті.
Жиын Ұлттық комиссияның 30 жылдығына арналды. Отырысқа комиссияның тұрақты мүшелері, тиісті мемлекеттік органдардың вице-министрлері, мәдениет, білім және ғылым салаларының белгілі қайраткерлері қатысты.
Жиында комиссия қызметінің өзекті мәселелері талқыланды. Әсіресе, ҚР аумағындағы ЮНЕСКО тізіміне енген нысандарды сақтау ісіне ерекше көңіл бөлінді. Ерлан Қарин Қазақстанның ғылым, мәдениет және білім салалары бойынша халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің ЮНЕСКО мен ИСЕСКО ұйымдарына мүшелігін барынша пайдалана отырып, ұлттық мүдденің басым міндеттерін іске асырудың маңызды екеніне назар аударды.