Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Оңтүстік Кореялық «Woosong» университеті арасындағы ынтымақтастық шеңберінде халықаралық инновациялық білім беру орталығы ашылды. Салтанатты іс-шараға Парламент Мәжілісінің сенаторлары мен депутаттарының тобы, профессорлар, мектеп директорлары, университет студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Барлық қажетті құрал-жабдықпен жарақтандырылған 7 зертханалық кабинетте 43 оқытушы ғылыми тәжірибесімен бөлісе алады. Өткен жылы екі жоғары оқу орнының арасындағы ынтымақтастық аясында академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылды. Қазір көкшетаулық 20 студент түрлі бағытта Оңтүстік Кореядағы озық білім беру мекемелерінің бірінде білім алуда. «Dragons inside and enteprenerurial leadership» курсын онлайн форматта өтіп жүрген Абай Мырзахметов атындағы университетінің студенті Алина Калишева аталмыш білім ордасындағы оқуы туралы айтып берді.
− Мен үш тестілеуден өтіп, жоғары балл алдым. Ол тестілеу Woosong университетінің PAMS жүйесінде жүргізіледі. Бұл академиялық ұтқырлық бағдарламасы өзге мемлекеттің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, басқа елдердің азаматтарымен, студенттерімен танысып, достасуға болады,−деді ол.
Инновациялық білім беру орталығында еліміздегі этнотуризм саласы, қазақ-кәріс халықтарының тарихи байланысы, қоршаған орта мен адамзат денсаулығы тақырыптарын тереңінен зерттеу жоспарланды. «Woosong» университеті үшін қазақстандық жоғары оқу орындарымен серіктестік құрудағы басты мақсат тәжірибе алмасу болып табылады. Кореялық технологиялар мен қазақстандық профессорлық құрам үлкен жетістіктердің кепілі бола алады.
−Бүгін біздің Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде үлкен қуанышты тарихи оқиға. Біз «WOOSONG» Халықаралық Қазақстан-Корея инновациялық білім беру орталығы мен университетіміздің ынтымақтастығы мен ашылуы туралы шартқа қол қойып отырмыз. Қазір үлкен жаһандану кезеңі жүріп жатыр. Барлық жоғары оқу орындары ғана емес, кәсіпорындар да қазір сыртқы әлемге шығып жатыр. Оның ішінде жоғары білім беру жүйесі интернационалдандыру, жаһандану жүйесіне көшуде. Тек біліммен ғана емес, сонымен қатар ғылымдағы жаңа жетістіктермен де талай студенттеріміз үлкен белестерді бағындырып жүр. Осыған байланысты біз Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты таңдадық. Өйткені, бұл әлемдегі ең жетекші елдердің бірі, жоғары технологиямен, экономикамен және ғылымымен дамыды. Бұл ел білім беруді, ғылымды дамытуға, өз елінде жаңа технологияларды құруға үлкен қаражат бөледі және соның арқасында барлық салада үлкен серпін жасайды. Woosong университеті Оңтүстік Кореяның басқа университеттерінің арасында ең жоғары білікті кадрларды дайындаумен ерекшеленеді. Олар студенттердің әлеуметтік мәселелеріне көп көңіл бөледі. Бұл университеттің түлектері Кореяда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, біз Woosong университетімен ынтымақтасуды үлкен қуанышпен шештік, − деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев.
−Алғашқы семестр өтіп, студенттермен кездесіп отырмыз. Сабақтың өту процесі өзгерді. Өйткені, қазақстандық студенттер белсенділік танытып, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Сабақ онлайн түрде өтеді. Біз үшін студенттердің сабаққа бар ынтасын салғаны маңызды. Біз достығымызды әрі қарай нығайта бергіміз келеді. Келешек жас ұрпақ үшін университеттегі білім беру жүйесі өзгеріп отыруы қажет. Woosong университеті қазақстандық жоғары оқу орындарымен серіктес болуға дайын. Біз үшін бұл жан-жақты халықаралық ынтымақтастықтың нышаны болып табылады, −деді Woosong университетінің деканы Ю Тэк Ли.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы, экология, қазбалы байлықтарды игеру салалары жақсы дамып келеді. Сондықтан, осы бағыттар бойынша алдағы уақытта жас ғалымдарды барынша тарту маңызды. Серіктестіктің құрылғанына бір ғана жыл өтсе де, Оңтүстік Кореяның оқу орындары тарапынан әріптестік орнатуға қызығушылық едәуір артуда.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.