– Міне, исі мұсылман жұртшылығы жыл бойы тағатсыздана күткен Рамазан айы да аяқталуға жақын. Бұл айда Құдайға құлшылық еткен жан өн бойында адамгершілік, қайырымдылық, ізеттілік, ізгі іске бойсұнушылық сынды адамзат баласының игі қасиеттерін сіңіре түсуге тырысады. Бұл айда мұсылман үшін қайырымды іс жасауға барша мүмкіндік беріледі. Ал егер Рамазан айының елімізде аталып өту ерекшелігіне қатысты айтар болсақ, бұл ай отандастарымыз үшін тек қасиетті ғана емес, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлатын сәт саналады. Осы орайда ҚазАқпарат оқырман назарына Қазақстандағы исі мұсылман Ораза айына қалай дайындалып, оны қалай қарсы алғаны жайында материал ұсынады.
Қасиетті ғана емес нағыз мейрам айы
Қазақстандағы Аллаға құлшылық етушілер үшін Рамазан – бұл тек қана қасиетті ай ғана емес, сонымен бірге нағыз рухани мейрам деп те саналады. Осы айдың арқасында адам бойында жақындарың мен туған-туыстарыңа деген иман беки түседі. Имам, теолог Нұрлан Байжігітұлының атап өтуінше, бұл біздің халқымыздың қасиетті айға деген құрметін, сүйіспеншілігін паш етеді.
«Біздің азаматтар Рамазанға бірнеше ай бұрын дайындалады. Ауызашарды беріп, пітір садақа етуді алдын ала жоспарлайды. Бұл біздің ерекшелігіміз. Кейбір мұсылман мемелкеттерінде Рамазан әдетке айналған, соншалықты ерекшеленбей де жатады. Ал біздегі жағдай ерекше. Кімді қалай шақырамын деп те бас қатыратындар — тек қазақтар шығар», — деді имам.
Еліміздегі мейрамханалар мен дәмханалар қонақтарына қолайлы болуы үшін алдын ала ауызашарға орай ас мәзірін де ұсынады. Сонымен қатар көптеген қоғамдық орындарда ауыз бекіткен мұсылман жамағатына ауыз ашуы үшін су мен құрма жемісін ұсынады.
Жүрек жылуы
Биыл Рамазан айы наурыздың 23-інде басталды. Қазақ халқы үшін Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келген ораза айында елімізде «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы басталып, оның аясында еліміздің әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарына, отандастарының тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар тарапынан көмекке ұласты. Акция аясында көптеген азамат көпбалалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, зейнеткерлердің өтініштерін орындады.
Есте болса, бұл акцияға ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдіріп, Астана қаласының тұрғыны Гүлжан Сыдықованың өтінішіе орындаған еді.
Президенттен кейін акцияға еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы үн қосты.
Бас мүфти бес баланы жалғыз өзі асырап отырған жалғызбасты ана Сандуғаш Нұрсейітованың хатын алды. Хатта ол балаларының бірі ерекше қажеттілігі бар екендігін және оған қазіргі заманғы өзін-өзі дамытуға арналға кітап пен құрылғы қажет екен атап өткен. Жалғызбасты ананың өтінішін орындау үшін бас мүфти аталған отбасының шаңырағына өзі барды және 6 жастағы Естайға дұға жасап, арнаулы сыйлықтарын тарту етті.
Осылайша, елімізде қасиетті Рамазан айы қайырымдылық акциясымен басталып, қарапайым тұрғындардың тілектерін орындаумен жалғасты.
Жарапазан – Рамазан айының келгенін жырлайтын жыр
Жыл сайын қасиетті Рамазан айында қазақстандықтар жадымыздан көмескіленіп бара жатқан, ұлтымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрін қайтадан жаңғыртады. Еліміздің бүкіл аумағында жарапазан айтудан жарыстар өткізіледі.
Жарапазан – қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін жыр. Жарапазан айту – дәстүрімізде бар жақсы үрдістің, жақсы ғұрыптың бірі.
Биыл да қазақстандықтар жарапазан айтып жар салып, қаиетті айдың қасиетін асқақта түсті. Бұған . Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айында жарапазан жырын жатқа айтушылар арасында арнайы сайыстар ұйымдастыруы да түрткі болғаны сөзсіз. Діни басқарма бастамашы болған эстафетаға еліміздегі мешіттердің имамдары да қосылды. Тіпті, түркі әлеміне танымал болған музыкалық бренд — «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің әртістері Франция астанасы Париж төрінде жарапазан айтып, тыңдарманын тәнті еткен болатын.
Заманауи имам әлеуеттік желі арқылы қалай қазақстандықтардың жүрегіне жол тапты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атап өтуінше, Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Ал осы құндылықтардың бәрін жамағаттың бойына сіңіріп, шариғат жолын, Құранның мән-маңызы мен қасиетін түсіндіруде имамдардың атқарар еңбегі орасан. Ал сондай имамдардың бірі – Нұрлан Байжігітұлы. Нұрлан имам соңғы уақытта әлеуеттік желі арқылы қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды десек, артық айтқанымыз емес. Ол әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы дінге, қарапайым күнделікті өмірге қатысты маңызды мәселелерде түсінікті тілмен жеткізіп жүр. Таяуда ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ол қазақстандықтары аса толғандыратын жайттар жайында айтып берген болатын.
«Қазіргі күні қоғамды ең көп толғандыратын сұрақ — отбасы тақырыбы. Біздің қоғамда бір-бірін түсінбейтіндер көп сияқты, қыңырлық, қырсықтық толып жатыр. Тек өзімдікі дұрыс деп санайды көбісі, сосын татулық үшін, кешірім үшін алғаш қадам жасағысы келмейді. Қоғам солай тәрбиеленіп кеткен бе деп ойлаймын. Көп адамдардың мақсаты — біреуге бір нәрсені дәлелдеу, олар сол үшін өмір сүреді. Сосын біздің қоғамда мақсатн көп. Жаңа кілем, жаңа жиһаз сатып алды ма соны бәріне көрсету керек. Адамдар біреу үшін өмір сүретіндей, жұрттан қалмай бірдеңе сатып алып, бірақ оны да дұрыс пайдаланбайды. Біз жинаған дүниемізді, мүлкімізді өзімізбен бірге алып кете алмаймыз. Сондықтан, мен сұрақтарға жауап бергенде де, уағыз айтқанда да оның бәрі құнсыз екенін түсіндіруге тырысамын. Мүмкіндігінше жақсы өмір сүріңіз, қыдырып, жер көріңіз, саяхаттаңыз. Меніңше, біз материалдық затттарға, байлыққа басымдық бермеуіміз керек. Бізді өз үйің, міндетті түрде кең сарайың болуы керек деп үйретіп тастаған. Бір жерге байланыс қалмау керек. Егер басқа қалаға көшу керек десе, біз бірден мені кім күтіп тұр, қайда барам, не істеймін деп бір Джунглиде жүргендей ойлаймыз», — деді имам.
Ата-анамның өнегесі ораза ұстауыма түрті болды
Жылдан жылға елімізді Аллаға құлшылық етіп, ауыз бекітетін жандардың қатары көбейіп келеді. Көпшілігі үшін бұл жолы Рамазан айы алғаш рет ауыз бекіткен жыл емес. Солардың бірі Рүстем Айтхожин соңғы 13 жыл қатарынан ораза ұстап келе жатыр. Ол ата-анасының өнегесі мен жанындағы жақын жандардың өмір салты Ораза ұстауға түрткі болғанын айтады.
«Мұсылман екенімізді ескерсек, жанымдағылардың бірі осынау айға төзімділікпен әрі құрметпен қараған екен. Рамазан айында ораза ұстау – бұл Исламдағы парыздың бірі. Бәрі де осыдан басталады. Ауыз бекіткен кезде өзіңдегі өзгерістердің жақсы жаққа қарай бастау алғанын байқайсың. Әрбір ораза ұстаған сайын ағзаңның демалғанын, тазарғанын сезінесің. Ал намаз оқи бастаған кезде күнделікті өмір салтың түбегейлі өзгереді. Ораза ұстаудың түпкі мәні тереңде жатыр. Оны біз тіпті сезіне де алмаймыз. Бірақ, мәні Алла тағаланың күн сайын бізге берген сыйын сезінде жатыр», — деді Рүстем Айтхожин.
Айта кетерлігі, биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге болады.