Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсылық жасаудан жалықпаған - АРҚА АЖАРЫ

Жақсылық жасаудан жалықпаған

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, денсаулық сақтау саласының үздігі Әбілхакім Ақмұрзин 1943 жылы Жаңаарқа ауданы, Қарағаш ауылында туған.

1968-1971 жылдары  «Рассвет» кеңшары ауруханасының бас дәрігері, 1971-1986 жылдары Алматы облысы, Талғар ауданындағы Мичурин атындағы шаруашылық ауруханасының бас дәрігері, 1986-1994 жылдары ҚазКСР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Алтын дән» санаторийінің бас дәрігері, 1994-1996 жылдары «Тұранбанкінің» және «Ақбұлақ» санаторийінің бас дәрігері, 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы іс басқармасының «Алматы» санаторийінің бас дәрігері, 1998-2005 жылдары «Оқжетпес» санаторийінің бас дәрігері, 2005 жылдан «Оқжетпес санаторийі» АҚ-ның президенті қызметтерін абыроймен атқарған.

«Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Дүниежүзілік алтын медалімен» марапатталған.

Өткен өмірімді ой елегінен өткізіп, қуаныш, қайғыларымды еске түсіріп, достарымды, жақын араласқан адамдарды сұрыптап отырсам, әрқашан жанымнан табылып, «Қуанышты бөліссе көбейеді, қайғыны бөліссе азаяды» дегендей, жақсылығын аямай, санаспай, сыйластығымызға сызат түсірмей, көңілімді қалдырмай, 60 жыл қоян-қолтық араласқан досым – арын аттамаған, ұятын жоғалтпаған, әр іске жауапкершілікпен қарайтын адал, айнымас досым, 18 жыл екі ауруханада бас дәрігер, 22 жыл республикалық деңгейдегі төрт шипажайда директор болып қапысыз қызмет еткен, еліміздің денсаулық сақтау саласына есепсіз еңбек сіңірген қажырлы қайраткер Әбілхакім Ақмағанбетұлы Ақмұрзин бірден ойыма оралады. Осы бір ізгі жан туралы бір ауыр сыр бөлскенді жөн көрдім. Себебі ол биыл 80-нің сеңгіріне шығады. Біздің достығымызға да 60 жыл толады. Аз ба, көп пе, оған оқырман сарапшы.

Ол әлі өзгерген жоқ, жоққа жасымады, барға тасымады. Өмірдің тұғырындағы текті тұлға. Қанағатшыл шүкір, тәубасынан жаңылған жоқ.  Қиындықта шыдамды, бірқалыпты өзгермейтін бекзат мінезді. Басына іс түскенде өтпелі кезеңге теңеп, жүні жығылмады, шуақты күндерді сабырлықпен күтті. Кейін бақ қонып, қыдыр дарығанда көкірегін көтермеді. Өтірік-өсектен аулақ азамат. Елдің сенімінен айрылған жоқ, әділ, шыншыл, сыртқа сездірмей бетіңе оңашада айтқанды ұнатады. Бар болсаң қызғанбайды, кешірімді, кішіпейіл, қарапайым қалпында.

Болашақ ұрпаққа да, бізге де өнегелі үлгісін көрсетіп келеді, оны жамандаған бір адамды естімедім. Ол өте елгезек, кісілік пен кішіліктің тізгінін тең ұстаған адам. Жомарттығы ерекше дархан. Бірде Алматының үлкен көшесінде асығып қол көтеріп, такси ұстап тұрсам, жолдың арғы бетінде біреу машинадан түсіп, маған дауыстап шақырып, қолын бұлғады. Барсам Әбекең, өзінен басқа машинада ешкім жоқ. Асығып бара жатқанымды айтып, ақтала бергенімде, маған машинаның кілтін беріп, шаруаңды бітірген соң машинаны біздің үйге апарарсың деді де, өзі қол көтеріп, басқа машинаға отырып кете берді. Осындай жомарттық екі азаматтың бірінің қолынан келмейтіні анық.

Өлімнен ұят күшті дегендей, бұдан да жаманымызда той-томалаққа, өлім-жітімге барғанмын деп, өзі ешкімнен қалмауға тырысады және бір істі өз жауапкершілігіне алып, тастай қылып орындамай кетпейді. Алматыда қолымдағы анам қайтыс болып, достарға, ағайын-туыстарға хабарладым. Анамның аманатын орындап, Жезқазғаннан әрі 90 шақырым жерде әкемнің жанындағы өзіне қалдырған орынға жерлейтін болдық. Талғар, Алматыдан  төрт машинамен жолға шықтық. 14 адам, жолай Балқаш қаласынан 2 адам, Қарағандыдан 4 адам, кейін Астанадан 6 адам – достарым, жерлестерім мен әріптес, бұрынғы көршілерім де келді. Әбілхакім ертерек телефон соғып, жігіттерге Жаңаарқадан қонатын үй дайындап, қонағасыға 40-қа жуық адамға тай сойып, сырттан келгендерге қонағасы беріп, бір шаруамды өзімнен артық орындап тастады. Жол ұзақ, демалып, таңғы 5.00-де қайта жүріп кеттік.

Жезқазғанда ешкімге соқпаймыз, бағыт Қарсақбай кенті. Қалаға кіре берісте жолдың екі жағында күннің суығына қарамастан, бұрынғы қызметтестерім, ағайын, құда-жекжат – бәрі анамызбен қоштасып қалайық деген ниетпен 60-80 адам таңғы 7.00-де күтіп тұр екен. Әбекең топырақ салысып, сырттан келген қонақтарды бірге күтісіп бір-ақ қайтты. Қазір есептесем, барлығы 5 мың шақырымнан артық жолда болған екен. Достарым, бұрынғы әріптестерім, көршілерім бар зираттың басына 50-дің үстінде машина барса, соның 30-дан астамы сырттан екен. «Үйдің ыстық-суығын қыс түскенде білесің, кімнің алыс-жақынын іс түскенде білесің» дегенді дана халқымыз өмірлік тәжірибеден алған ғой.

Әбекең өзінің тасы өрге домалап шыңға шыққанда, әсте төмендегі достарын, жақындарын ұмытқан жоқ, жақсылық жасаудан жалықпады. Оның домбыра шертісі әкесінен айнымайды. Ән салғанда домбыраның үні даусымен бірге үйлесіп, жүректен шығып, жүрекке жетіп, тамырыңды шымырлатып, тыңдай бергің келеді, жалықпайсың.

Өзі ән салғанда ажарланып, құлпырып, тыңдармандар беріліп, басқа күйге енгендей сезінеді. Бұрынғылардың сал-серілерінің жалғасы, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Әншілігі бір төбе бөлек әңгіме. «Дос көтерер көңілді, мал көтерер өлімді». «Өмірдің сәні – сыйластық, мәні қалыспаған көңіл» дегенді қалай бабаларымыз тауып айтқан. Әбілхакімнің босағасынан кісі арылған жоқ. Арқадан арнайы іздеп келіп, қона жататындар да көп болатын. Олардың шаруалары да бастан асады. Осының бәрін балалары көріп өсті. «Баламенен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді» дегенді қазақ бекер айпаса керек. Оның тұқымы көгеріп, көктеп жатыр, өз орталарында беделді, Гүлнәрі, Алтайбегі, Жұмабегі – бір-бір отау. Немерелері де тектіліктің шеңберінен шықпасына сенімдімін, өйткені, ұядан өнегелі тәрбие алды, көпшіл, қарапайым, кішіпейіл, қонақжай. Досым отбасына пана, құрметті әке, ағайынға қамқор. Достарының, құда-жекжаттарының кемшілік-қателігін көрмеуге тырысып, қателеспейтін пенде бола ма деп кек сақтамайды. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген қағиданы берік ұстап, жылына кемінде бір рет ауылдағы ата-бабаларының қорымына барып, зираттарына тағзым етіп, үлкендерге сәлем беріп, құран бағыштап қайтады. Бұл да өнегелі тәрбиенің жемісі емес пе?!

«Ер азамат екі нәрседен қателеспеуі керек: бірі – мамандық таңдағаннан, екіншісі – өмірлік жар таңдағаннан» деген нақыл сөз бар. Ол өмір бойы елге адал, таза қызмет көрсетіп, жақсылық пен ізгіліктің нұрын шашып, білікті маман, іскер басшы бола білді. Әйелі Қолаңшаш Жәмиқызы қашанда қолдау көрсетіп, кісісін күтіп, шыдамдылық танытты. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді берік ұстап, осы өміріне шүкіршілік етті. Аллам оған да жақсылығын аямады, алтын асықтай үш баласы мен немерелерінің жарқын өміріне сеніп, зейнетке шыққаннан кейін Әбекеңнің қамқорлығын, жақсылығын көріп бақытқа бөленді.

Қолаңшаш – Жәми ақсақалдың жалғыз мұрагері. Баласын көрмесе тұра алмайды, соның тілеуін тілеп, жаратушыға жалбарынып отырады. Зейнетке шығып, Қарағандының шетіне көшіп келді. Кезінде үш ауданда бірінші хатшы қызметін атқарып, ұлттың, мемлекеттің мүддесін, өз мүддесінен жоғары қойып, елдің алғысына бөленген, сөгіс алмаған хатшы. Қолаңшаш Алматыға ауысқанда шет жақтан үй іздеп жүргенін естіп, Әбілхакім өз қолына көшіріп алып, туған ата-анасындай бағып, ақ жауып арулап қойып, бүкіл кәде жоралғысын өткізіп, ел алғысын алды. Бұндай шаруа екі азаматтың бірінің қолынан келмесі даусыз ақиқат. «Ата-анаға құрмет – балаға міндет» дегенді осылай түсінуіміз керек. Досымның бұл ісі де ұрпаққа көрсеткен тәлім-тәрбиенің төресі ғой.

Әбілхакім Ақмағанбетұлы қандай қызметте жүрсе де көтеретін көкесі болған жоқ, өзін адал, таза, іскер басшы, білікті маман ретінде еңбегімен көрсете білді. Бәрі өзінің адал еңбегінің жемісі, халықтың батасы, көптің білдірген қолдауы, ризашылығы деп түсінемін. Сонда да жеткен жетістіктері бір басына аз емес. Мәселен, есімі «Алаштың ардақты азаматтары» кітабына енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Дүниежүзілік курортологиясының «Алтын медалімен» марапатталған Қазақстандағы тұңғыш адам, екі ауданның «Құрметті азаматы».

Маған досың кім десе, ауыз толтырып ұялмай көрсетіп айтатын мақтанышым. «Өзіңнен досың мықты болсын» деген дана халқымыз. Мен осыларды тізіп жазып отырып, айнымас, адал досым деген сөзді неге қолдандым? Оған Әбілхакімнің өмір тұғырындағы өнегелі істері арқау болды.

Дос, жолдастарды өмірде 4 топқа бөлуге болады екен, біріншісі – осы айнымас адал дос. Ол сенің мүмкіндігіңді өзінің жеке басына пайдаланбайды. Зейнеткерлікке шықсаң да қасыңнан табылып, хабарласып тұрады. Кеудеңнен жан шыққанша жақсылығын санаспай жасай береді. Отбасыңа да қамқор. Қанеки, жоғарыда айтылған сөздерге ойланып көрейікші, мұның бәрінің құпиясы неде? Қазақ халқында бірнеше ғасырлар бойы өмірлік тәжірибеге сүйеніп, зерттеп, дәлелдеген, көз жеткен киелі ұғым бар. Кейін ол ұлттың кодына айналған. Бәріне оқырман – сарапшы. Қазақтың ойшыл даналары бірде:

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектінің бекзат мінезді ұрпағы,

Өмірдің тұғырында басқалардан биік тұрады, – деген, ал енді бірде:

Қасқадан қасқа туады,

Қасқа тумаса да төбел туады, – дегені де бар.

Кейде: «Тәрбие тал бесіктен, уызына жарыған» дегенді де тілге тиек етеді. «Қатын алма қайын ал» деп өсиет айтатындары да бар. Көне көз қариялардың немерелерін ұрыспай, бетінен қақпай тәрбиелеп, «Егер қанында біздің тегімізден бірдеңе болса, бәрібір тектіліктің шеңберінен шықпас, бізді ұятқа қалдырмас» дегендерін де естігенмін. Кейде жаратушыға жалбарынып «Я, Алла, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең – өзің бердің, өзің қайтып ала бер» дегендерін де естіп жүрміз. Дәлелді ме, жоқ дәлелсіз бе?!

Әбілхакімді ешкім бетінен қақпай тәрбиелеп өсірсе де, ананың ыстық алақанын, мейірімді жүзін көп көре алмады. Анасы Айша шешеміз дүниеден ерте кетіп, жетімдікті жастайынан көріп, ерте жетілді. Айша шешеміз Арқадағы атақты Құлмұханбет қажының қызы еді. Діни тәрбие мен салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды толық меңгеріп, ұштастырып, уызына жарытып, санасына сіңіріп, тал бесіктен беріп кетті. Әйтпесе, текті жердің қызы бола ма?!.

Ата-бабалары атағынан ат үркетін Қорысбай, Ақмырза, Омар, Ақмағанбет – барлығы еліне елеулі, халқына қалаулы болып, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған, таза әділ билік жүргізген. Бірі – би, бірі – қажы, бірі – болыс болып, ұлтты ұйыстырып, береке-бірлікке шақырып, әділетті қоғам құрған жандар. Бұл әулетті кейде руын айтпай: «Бес береннің ұландары» деп алдын кесіп, сөзін бөлмеген. Ол бабаларымыздың бір ауыз сөзіне ел тоқтаған, айтқанын жерге тастамаған. Әділ шешім айтып отырған, халық артынан күмәнсіз ерген. 1836-1846 жылдары Кенесары сұлтан орыс бодандығына қарсы көтеріліс ұйымдастырған кездері Қарағанды, Ақмола, Нұра, Қарағаш сияқты Сарыарқаның төңірегіндегі халықты жұдырықтай жұмылдырып, әділдік үшін көтеріліске бірнеше рет шығарған. Бабалары билік құрған кездегі аңыз әңгімелер әлі ел аузынан түспей айтылып келеді.

Әбілхакімнің өз әкесі Ақмағанбет те болыс болып, ел билеген. Мен ол кісіні 90-ды ауқымдаған кезінде көрдім, бұрын да дәмдес болып, сөзін естігем, ал, ақырғы кездескенімде байқағаным – кәрілік келсе де, ақылынан адаспаған, сөзге шешен, домбырасы қолынан түспеген, өсиеті аузынан кетпеген, өмірдің әр саласынан хабары бар, өзіндік көзқарасы бөлек, көкірегі ояу, ой-өрісі жоғары, көпті көрген парасатты адам. Қазыналы қарт әлі тұғырынан түспеген. «Жақсы ат қартайса да жүрісінен танбас, жақсы адам қартайса да ақылынан танбас» деген осы. Маған «Баламның досы болсаң тыңда, есіңде жүрсін, «адамға қолыңнан келгенше жақсылық жаса батасы тиеді, өзіңе тимесе де ұрпағың шарапатын көреді. Әділ бол, халқыңа жақын бол. Жақыныңды жақтаймын деп жақсының жағасын жыртпа. Қиындыққа төзе біл, сабырлық сақта. «Еңбек бар қиындықты жеңбек». Адал еңбегің, ақылың, ізденімпаздығың – алға сүйрейтін күшің. Кешірімді бол, бәрі пенде ғой. Қателеспейтін адам жоқ. Елдің сенімінен айырылма, ұятыңды жоғалтпа. Өтірік-өсектен аулақ бол, ол кешірілмейтін күнә», – дегендері есімде қалыпты. «Киелі кеңесті қарттан сұра» деген рас екен.

Әбілхакім 70-тен асқанша желіп жүріп абырой, алғыс жинады, енді соның жемісін көріп отыр. Аллам қалған өмірінде ешкімге тәуелді қылмаған, осы абыройынан айырмағай. Елдің батасы қабыл болып, баянды ғұмыр кешуін тілеймін.

«Өзіңнің кім екеніңді айтайын, әуелі досыңды көрсет» деген бабаларымыз. Қартайғандағы тәуелсіздік жастықтың ұзарғаны емес пе?!

Тұрғанбай ЖАНЫСБАЕВ,
медицина ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар