Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқан болатын.
Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде, тіпті ауылдық жерлерде де жоба бойынша мектептердің іргетасы қаланып қабырғасы көтеріле бастады. Әрине, Президенттің тапсырмасын Үкімет өз қадағалауына алып отыр. Ендігісі тек істі нәтижелі әрі уақытылы аяқтау ғана.
Президент әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс, – деп тапсырды. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ. Мойындауымыз керек, бүгінде еліміздегі мектептердің басым көпшілігі үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Әсіресе, мұндай жағдай тұрғындар көп шоғырланған қалалар мен елдімекендерге тиесілі. Астана іргесіндегі елді мекендердегі мектептің жайы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қамқорлығы пен бақылауында тұрғандығы бізді шын қуантады.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 2023-2025 жылдары 26 500 оқушыға арналған 20 мектеп салу көзделіп отыр. Осы 20 мектептің біреуі Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылына салынады деген жоспар бар. Әрине, жақсы мектепте оқу баланың да, ата-ананың да көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз. Қояндыға мектеп салу мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті болып келе жатыр. Ауылдағы екі мектеп те балаға лық толы. №1 мектептің бүгінгі таңда мәселесі мәз емес екендігін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы өз көзімен келіп көріп кеткен. Мәселе мектептің жағдайында емес, мұндағы бала санының артық болуында болып отыр. 900 орындық мектепте 2000-ға жуық бала жүрсе, өзгені былай қойғанда, мектептің ғимаратының өзіне үлкен салмақ түсері шындық. Министр Ғани Бектайұлы арнайы келіп жағдаймен танысқаннан кейін бұл мектепке білім басқармалары мен министрлік тарапынан барынша қолдау көрсететіндігін айтты. Дегенмен де, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Қояндыға бір емес, тағы да 2 мектеп салу керектігі туралы мәселені министр де тұрғындар да түсініп отыр.
Ауылға мектеп салу мәселесі туралы сөз қозғалғаннан бері ауыл тұрғындары арасында, балаларды қай мектепке береміз? – деген сауал желдей есіп жүр. Әрине, жақсыға жақын болу әркімнің-ақ қалауы. Жұртты түсінуге болады. Бірақ, ауылда осыған дейін салынған №1 және №2 жай мектептер қалай жұмыс істемек? Осы тұста «Жайлы мектептен» бөлек жай мектептерге де Үкімет тарапынан назар аударылса дейміз. Балалардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі туралы жұмысты қолға алғаннан кейін баршаға бірдей болуды да қамтамасыз еткен абзал. Бұл тұрғыда Президенттің өзі де шегелеп тұрып айтты.
–Ауылымыздың бүгінде № 1 жалпы орта білім беретін мектебінде 1950 оқушы, Қоянды ауылы №2 жалпы білім беретін мектебінде 2300 оқушы білім алуда. Ал, Астана қаласына күнделікті барып, қатынап оқып жүрген оқушылар саны шамамен 250-ден асады. Алдағы 2023-2024 оқу жылында осы ауылдағы мектептерге 450 оқушы 1 сыныпқа қабылданады деп күтілуде. Мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндерімізді жақсы мектепте қарсы алу бәріміз үшін абыройлы болмақ. Ал, ауылымыздың халқы мен балаларының болашағы үшін «Жайлы мектеп» салынып, оқушыларымыз заманауи білімнің биігінде болуына қуанамыз, әрі қолға алынған іске сеніміміз зор, – дейді ауылдағы № 1 жалпы орта білім беретін мектептің директоры МеруертСавилханқызы.
Жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен толық жабдықталады. Әрине, еуропалық мектеп үлгісінің отандық жобасы екенінде күмән жоқ. Оқушы үшін осыдан артық не керек деп ойлайсың. Осы тұста жәй мектеп не істейді? Бұл жөнінде ауыл тұрғыны ардагер ұстаз Гүлзада Хайдарқызы былай деп өз пікірін айтып отыр.
–Әрине,«Жайлы мектеп» салынып, оған оқушылардың қуана кіріп бара жатқанына біз де қуанамыз. Немерелерімнің алды 9 сыныпты бітіріп жатыр. Үкіметтің қолға алып отырған бастамасына сенемін. Қазір заман басқа. Балалар да өз заманына сай жерде білім алып, көкжиекті көргілері келеді. Жалпы, Президенттің бастамасы қолға алынып, жақсы жұмыс жүргізілсе деймін. Өзім 50 жыл ұстаз болып зейнетке шыққан азамат ретінде білім саласында болып жатқан оң өзгерістерге қуанамын. Менің ойымша еліміздегі барлық білім ошақтарын жайлы ету керек. Жәй мектеп, жайлы мектеп деген ұғым болмауы керек. Оқушының барлығы бірдейғой. Сондықтан, бәріне бірдей назар аударылса деймін, – дейді Қоянды ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз.
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде 400-ге жуық жайлы мектеп салынатындығы нақтыланды. Қазіргі таңда мектептерге үлкен жүктеме түсіп отыр. Проблемаға әсер етіп отырған бес фактор бар екен. Олар урбанизация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар ұлттық жобада толығымен ескерілгендігі айтылды.
Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 миллионға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 миллионға жетіп қалды. Бұл тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш. Әрине, қуанарлық жағдай. Бала саны артса, оларды мектеппен қамту мемлекеттің мәселесі екені шындық. Мемлекет әр жыл сайын мәселені шешудің тың жобаларын қарастырып отырғаны да жасырын емес.
Сонымен, ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға мектеп салуға 2,6 триллион теңге қарастырылмақ. Осылайша 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жаңа мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және біліктілік арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы, 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман даярланады деп күтілуде. Яғни, қосымша грант бөліп, артық кадр даярлау қажеттігі туындамайды. Бастысы – мұғалім саны емес, сапасы мен біліктілігін арттыру министрлік тарапынан көзделіп отыр.
Бұл онсыз да тоза бастаған ауылдық жерлердегі мектептердің тамырына қан жүгіртетіндігіне сенім мол. Ауыл мен қала арасын жол бөлсе де, білім бөлмеуі керек.
Бердібек ХАБАЙ,
журналист.
Целиноград ауданы.