Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшені күмбірлеген күйге бөлеп - АРҚА АЖАРЫ

Көкшені күмбірлеген күйге бөлеп

Мамыражай маусым айының төрт күні дүбірлі ән мен күйдің мерекесіне айналды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ аспаптар оркестрінің 30 жылдық мерейтойы аясында «Дала сыры» атты аймақтық фестиваль ұйымдастырылған болатын. Осыдан 30 жыл бұрын облыстық филармония жанынан алғаш рет қазақ оркестрі ұйымдастырылып, оған марқұм Манарбек Бексейітов мұрындық болған еді. Филармонияда қазақтың ұлттық оркестрінің құрылуы  мәдени-рухани өміріміз үшін үлкен жаңалық болғаны рас. Аяғымен қаз-қаз басқан баладай болған оркестр бұл күнде республикаға танымал шығармашылық ұжымға айналды. Оркестрдің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына Бас дирижер болған «Құрмет» орденінің иегері Тұрлығожа Базаровтың еңбегі көп сіңді. Талмай іздену, жаңа репертуарлармен байыту, кәсіби талаптар қою, білікті музыканттарды тарту оркестрдің шығармашылық тұрғыдан қалыптасып, толысуына зор мүмкіндік берді. Аталмыш оркестр осы отыз жылдың ішінде биік жетістіктерге жетіп, үлкен мүмкіндіктерге қол артты.

Шығармашылық ұжымның әлеуетін көтеру, танымалдығын арттыру, бай репертуармен қамтамасыз ету, өзге де ұжымдармен тәжірибе алмасу, шығармашылық қарым-қатынастарды жаңарту  филармонияның алға қойған мақсаттарының бірі болатын. Осы мақсат жолында іркілмеген ізденістерге батыл қадам басып тұңғыш рет «Дала сыры» аймақтық қазақ халық аспаптар оркестрлерінің фестивалін ұйымдастыруды қолға алған болатынбыз. Фестивальдің алғашқы шымылдығын Е.Рахмадиев атындағы Астана филармониясының қазақ аспаптар оркестрі ашты. Оркестр орындаған Түркештің «Көңіл ашар» күйі делебені қоздырып, мерекелік қуаныш сыйласа, Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» шуақты күннің шұғылалы нұрын сыйлағандай болды. Домбырашылар А.Мұздаханова мен Қ.Жұмағалиевтің шеберліктеріне көрермен тәнті болды. Дирижерлер профессор А.Жайымов пен Н.Бекенов хас шеберліктерін танытты.

Фестивальдің екінші күні М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ аспаптар оркестрі тамаша өнер көрсетті. Ежелден дүбірлі күй мен отты жырдың Отаны болған Маңғыстау өңірі  фестивальге үлкен жауапкершілікпен, мол дайындықпен келгендіктерін паш етті. Өскінбай, Абыл, Есір, Қаршыға  күйлері  әуелеп, Иоган Штраус, Ллойд Веббер  шығармалары құйқылжыды.

Үшінші күні Абай елінен келген  өнерпаздар қазақ ән-күйінің өзгеше бір сыр-сипатын танытқандай болды. Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның Б.Төлегенова  атындағы қазақ аспаптар оркестрі дәстүрлі халықтық өнермен қатар, заманауи композиторлардың  шығармаларын нәшіне келтіре орындады. Сиқырлы сазы мен бояуы өзгеше Абай әндерін орындаған әншілер   ұлы ақын туған топырақтың  үнін ғажайып сырға бөлеп жеткізгендей әсерде болдық.

Фестивальдің соңғы күні Жетісу облысының М.Төлебаев атындағы қазақ аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен ұласып, соңы К.Күмісбеков атындағы қазақ аспаптар оркестрінің Гала-концертімен жабылды. Жетісулықтар М.Төлебаевтың атақты «Біржан-Сара» операсындағы мерекелік би күйімен басталған бағдарламаны Н.Тілендиевтің әйгілі «Махамбет» поэмасымен тәмамдады. Осы оркестр орындаған К.Күмісбековтің «Фараби сазы» шығармасы да  ұлттық музыка өнеріміздің қайталанбас бедерін, саңлақ сазын тағыда бір танытқандай болды.

Біздің оркестр орындаған  К.Күмісбековтің «Дала сыры» поэмасы  ұлттық өнер мерекесінің  ажарын одан әрі шуақтандырып, фестивальдің мәнін ашқандай болды. Көрермендер Жанат Рашиттай жас дирижердің өсіп келе жатқанына тәнті болды, қол соқты. Байтақ даланың  бағзы тарихынан сыр шерткендей әсерге бөлеп,  осынау ұлы мекенге деген біздің перзенттік сүйіспеншілігімізді риясыз жеткізгендей болған тамаша шығармаға қол соқпаған көрермен болмады. Гала-концертте төр аймақтың дирижерлерінің  бірлесіп өнер көрсетулері де  ерекше болды. Әншілер Валерия Болиева, Аягөз Қалмағамбетова, Ринат Нұрмұхан, Бекұлан Ерболатұлы кәсіби өнердің нағыз майталмандары екендерін танытты. Гала-концерт шымылдығы К.Күмісбектовтің «Аяулы мекенім» әнімен жабылды. Осылайша оркестріміздің 30 жылдық мерейтойы Көкшені күбірлі күйге, әдемі әнге бөлеп, жоғары деңгейде өтті. Ең әуелі өзге аймақтан келген меймандарымыз Көкшенің  қонақжайлылығына, сұлу табиғатына, көрермендердің ыстық ықыласына дән риза болып, «дүйім елді дүбірге толтырып, оркестрлер фестивалін алғаш рет ұйымдастырып отырған ақмолалықтарға, көкшеліктерге алғысымыз шексіз!» деп аттанды. Осы орайда, филармония ұжымын қолдаған облыс әкіміне, мәдениет басқармасына зор ризашылығымды білдіргім келеді. Өнері биік елдің өресі қашанда еңселі!

Нұргүл ШӘЙКЕНОВА,
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық
филармониясының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар