Ақмола облысының БАҚ өкілдері балалардың жазғы демалыс мәселесі бойынша Бурабай және Зеренді аудандарында болды. Іс-шара барысында журналистер аудан орталығы Шучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледждің жанынан ұйымдастырылған «Жаншуақ» лагері мен Зеренді ауылының «Парус» жеке меншік лагеріне барып, «Сұңқар» сауықтыру кешенінде облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин өткізген балалардың жазғы демалысы жөніндегі брифингке қатысты.
«Жаншуақ» лагеріне биылғы маусымда аз қамтылған отбасылардан 8-15 жас аралығындағы 82 бала келіпті. Алдағы уақытта облыс аудандарынан тағы 50-ге жуық баланың келуі жоспарлануда. Аталмыш лагерьдің қызметі жөнінде Шучинск жоғары педагогикалық колледжінің өкілі Галина Бичун айтып өтті.
− Біз мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істейміз. Мемлекеттік қызметтерді жергілікті білім бөлімі көрсетеді. Бүгінгі таңда лагерь екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Бірінші ауысым аяқталып, екінші ауысым басталды. Колледжде өзіміздің педагогикалық ұжым жұмыс істейтіндіктен, мамандарымыз жеткілікті. Біз педагогикалық колледж болғандықтан, болашақ мұғалімдерді даярлаймыз. Оқу жоспары бойынша сауықтыру лагерьлерінде жазғы іс-тәжірибе жүргізіледі. Сондықтан, үшінші курсты бітірген студенттер дене шынықтыру, мектепке дейінгі білім беру, мәдениет және тағы басқа салалар бойынша осында сабақ береді, − дейді ол.
Лагерьдегі бір күн босқа өтпейді, керісінше, әрқашан қызықты оқиғаларға толы әрі көңілді болады. Оған ұйытқы − осы лагерьде жұмыс істейтін ұстаздар қауымы. Мұндағы шеберлік, керамика, тігін, театр және спорт сабақтары күн сайын балалардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Балаларға арналған қызықты бағдарламаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мекемеде акт, спорт залдары, ойын алаңы және жайлы жатақхана орналасқан. Сонымен бірге, көрікті Бурабай аймағына, кинотеатрға және ғибадат орындарына экскурсияға апаратын автобус қарастырылған. «Бірлік» педагогикалық жасағының жетекшісі Тамара Пышная өз ұйымының қызметі мен студенттердің лагерьдегі атқаратын жұмысы жөнінде айтып берді.
− Бұл жасақ 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Гран-при байқауында үш рет жеңіске жетті. Соңғы рет біз 2022 жылы «Балдәуренде» өткен республикалық педагогикалық жасақтар байқауында жеңіске жеттік. Бүгін біз сіздердің келулеріңізге арнап, тақырыптық көрме ұйымдастырдық. Мұнда әдістемелік материалдар, сертификаттар, сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер түрлері көрсетілген. Бүгін біздің студенттер шеберлік сабақтарын көптеп өткізеді. «Жаншуақ» лагері кәсіби дағдыларды дамыту үшін ойластырылған зертхананың бір түрі. Тәлімгерлер жаңа педагогикалық технологиялар, тәрбие жұмысының әдістемесі, психология, педагогика бойынша алған білімдерін тәжірибеде қолданады, − дейді ол.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалиннің өткізген брифингінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары кеңінен баяндалды.
− Бүгінгі таңда облыста 1-10 сыныптарда 131 мың оқушы бар. Олардың ішінде 17 мың бала халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан, 394-і ювеналдық полицияның есебінде және 400 мектеп оқушысы мектепішілік есепте тұр. Осылайша «Тәуекел аймағына» жататын 19 мыңға жуық бала бірінші кезекте жазғы демалыс және еңбекпен қамту шараларына тартылады. Мұндай балалардың ең көп саны Бурабай, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласына тиесілі. Қазіргі уақытта балалардың жазғы демалысы 14 сауықтыру орталығының базасында жүзеге асырылуда. Балалар лагерьлерінің бәріне аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берген, − деді өз сөзінде білім басқармасының басшысы.
Жаз мезгілінде облыста 1300 шығармашылық үйірмелер мен студиялар, 2900 абаттандыру бригадалары, зияткерлік жұмыспен қамтудың 560 нысаны және 549 спорт секциялары жұмыс істейді. Сонымен бірге, мәдениет, спорт және білім беру салаларындағы мемлекеттік тапсырысты іске асыру аясында облыста 29 мыңға жуық балаға үйірмелер мен секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Брифингтен кейін журналистер Зеренді ауылында орналасқан «Парус» жеке меншік лагерінде болды. Биыл лагерьдің ашылғанына 59 жыл толды. Кешегі Кеңес Одағы кезеңінде орталық Павлик Морозовтың есімін иеленген. Лагерь жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді.
Аталмыш нысанның құрылтайшысы Қайрат Сұлтанов өз сөзінде «Аманат» партиясы мен Мәдениет және спорт министріне қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдіріп, көкейкесті мәселелер жөнінде айтып өтті.
− Бізді қолдаған және осы күнге дейін қолдап келе жатқан адамдарға алғыс айтқым келеді. Бүгінде бұл лагерь осының арқасында жұмыс істеуде. Олар болмаса, біз бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімізге жете алмас едік. Дегенмен, мені сауықтыру орталықтарына берілетін лицензияларға қатысты көкейкесті мәселелер алаңдатады. Мәселен, реттеу мен бақылау шаралары әркезде бірдей түзу жүзеге асырылмайды. Өкінішке орай, 2017 жыл мен 2021 жылдар аралығында Ақмола облысында заңсыз жұмыс істеген 7 лагерь анықталды. Осы орайда, балалардың қауіпсіздігі бәрінен де жоғары тұруы қажет деп санаймын,− деді кәсіпкер.
Лагерьде төрт жатын корпуспен қатар, 2-5 баладан тұратын бөлмелер бар. Сондай-ақ, оның аумағында дискотека, кешкі іс-шаралар өткізілетін орындар мен спорт алаңдары шоғырланған. Балаларға шомылу үшін көл жағасындағы жағажай жабдықталды. Алайда, шомылу тек шуақты және желсіз күндерде жүзеге асырылады.
Осылайша, бүгінгі таңда шығармашылық бастамашылықты жандандырып, жаңа жұмыс әдістеріне арқа сүйеу балалардың жазғы демалысын жақсарта түсуге белгілі бір септігін тигізуде.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.