– Көкшетауда дәрігер Антон Михайлович Жукті білмейтіндер кемде-кем. Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде қызмет істейтін хирург дәрігер өзінің 17 жылдық еңбек тәжірибесінде жүздеген науқасқа ота жасаған. Өз ісінің майталман шебері ҚазАқпарат тілшісі хирургиялық бөлімшенің жұмысы туралы айтып берді.
– Антон Михайлович, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасаңыз, қайда туып, қайда білім алдыңыз?
– Туған жерім Шымкент қаласы, сол жерде медициналық институтта білім алдым. Кейін Астанада интернатурадан өттім. Әрі қарай, жолдама бойынша Көкшетау қаласына келдім.
– Шымкент пен Астана сияқты ірі қалалардан кейін шағын Көкшетауға үйреніп кету қиын болған жоқ па?
– Расын айтсам, бастапқыда үйреніп кету қиын болды, үлкен мегаполистерден кейін Көкшетау кішкентай болып көрінді. Тіпті, кейін кетіп қалғым келген кездерім де болды. Дегенмен, хирургия бөлімінің ұжымы мені бірден жылы қабылдады, әріптес достарым пайда болды, қала тұрғындары да бауырмал. Әріптестерімнің және достарымның қолдауы арқасында араласып кеттім. Көкшетау кішкентай болғанымен мұнда өмір деген қайнап жатыр. Саф ауасы, мөлдір көлі мен жерге жайылған кілем тәрізді жасыл желегімен баурап алатын Бурабай, Зеренді, Имантау және Шалқар сияқты туристік аймақтардың ортасында орналасқан Көкшетауға сыртан келіп-кететін адамдар көп. Бүгінгі таңда Көкшетау мен үшін туған қаламдай. Қала жайлы әрі толыққанды өмір сүріп, жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Енді Көкшетаудан қуса да кетпеймін (күледі).
– Медицина саласына қалай келдіңіз? Отбасыңызда өзіңізден басқа дәрігер бар ма?
– Ата-аналарымның медицина саласына қатысы жоқ, мен әулетіміздегі алғашқы дәрігермін. Мектепті бітіргеннен кейін мамандық таңдау оңай болған жоқ. Соңғы сәттке дейін қай мамандық бойынша оқуға түсерімді білмедім. Гуманитарлық ғылымдарға, химия мен биологияға көбірек көңіл бөлгенім рас. Құжаттарды бірден медициналық және мұнай-газ саласы бойынша екі жоғары оқу орнына тапсырдым. Қайсысынан өтемін, соған барамын деп шешітім. Көп кешікпей медицина мамандығы бойынша грантқа түсіп, құжаттарымды тапсырдым. Бір қызығы, артынша екінші мамандық бойынша да өткенімді хабарлап айтты, ол кезде бәрі шешіліп қойды. Осылайша, медицина саласына келдім.
– Дәрігер болу моральдық және физикалық тұрғыдан алсақ, өте қиын. Осы ретте, мамандық таңдауда қателестім деп өкінбейсіз бе?
– Өкінбеймін. Уақыт өте келе мен бұл шынымен менікі екенін түсіндім, өзімді өзге мамандықта елестете алмаймын. Әрине, біздің мамандық үлкен физикалық және эмоционалды ресурстарды қажет етеді. Бірақта мамандығыңызды сүйсеңіз, жұмыстан шаршамайсыз, керісінше ләззәт аласыз. Жұмыс болған соң түрлі қиындықтарда болды, қызықты жағдайларда болды. Медицина бір орында тұрмайды, үнемі ізденісті қажет етеді. Сол үшін біліктілікті арттыру курстары, мастер-кластар, ғылыми-практикалық конференцияларға әріптестеріммен жиі қатысып тұрамын.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Шаршамаймын, күш-қуатым жетеді деп айтпаймын. Жұмыс істеген соң шаршайсың, кейде физикалық немесе эмоционалдық тұрғыда босап қаласын. Медициналық тілемен айтқанда, иммунитетін әлсіреп қалады. Сол кезде, бойыма күш-қуат жинап, сергіп қалу үшін достарыммен табиғатта аясына демалуға, балық аулаға шығамын. Таза ауада серуендегенді ұнатамын.
– Ең алғаш жасаған отаңыз есіңізде ме, қобалжу болды ма?
– Әрине, болды. Алғаш рет дербес отаны Көкшетауда, аға хирургтың жетекшілігімен соқыр ішекке жасадым. Бұған дейін көмекші болып жүргендіктен қорқыныш болған жоқ, қызықты өтті дер едім. Адам дәрігер болып тумайды, білім мен тәжірибенің арқасында көп жағдайда биік белестерді бағындыруға болады деп есептеймін.
– Өзіңіз айтқандай жұмыста шаршайтын кездеріңіз болады, сол жайында тарқатып айтсаңыз.
– Медицинада басқа мамандықтармен салыстырғанда босаңсу деген болмайды. Біздің жұмысымызда ең алдымен дұрыс диагноз қою керек, содан кейін қажетті, оңтайлы әдіс пен хирургиялық араласу көлемін және отадан кейінгі қалпына келтіру кезеңін таңдау керек. Осы кезеңдердің әрқайсысында қиындықтар туындауы мүмкін. Кейбір науқастар өте ауыр күйде жеткізіледі. Оларға дәрігердің бірауыз жылы сөзі де дертіне дауа болады. Біз бұл қиындықтарды анестезиолог-реаниматолог мамандармен бірлесіп жеңеміз. Олардың көмегінсіз бірде-бір ота және отадан кейінгі оңалту шаралары жүзеге асырылмайды.
– Өзіңіз еңбек етіп жүрген хирургиялық бөлімшенің жұмысына тоқтала кетсеңіз.
– Біздің бөлімшеде жоспарлы және шұғыл түрде түсетін науқастар хирургиялық емдеудің барлық спектрін алады. Бұл асқазан – ішек жолдарының аурулары, колопроктология, эндокриндік жүйе. Жедел хирургиялық патологиясы бар науқастарға аппендицит, ішек өтімсіздігі, перфорациялық жара, асқазан-ішектен қан кету, іріңді-қабыну аурулары және поли жаралар бойынша шұғыл көмек көрсетіледі. Ауруханада білікті медициналық көмек көрсету үшін қажеттінің бәрі бар. Жыл басынан бері 659 ота жүргізілді, оның ішінде 308 шұғыл, 351 жоспарлы ота. Орташа алғанда, бізде аптасына 20-дан 30-ға дейін ота жасалады. Бүгінгі таңда бөлімшеде 7 дәрігер жұмыс істейді. Отадан кейін де барлық науқастар біздің бақылауымызда болады. Біз науқастардың органдарын ғана емес, дененің барлық функцияларын мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысамыз. «Жылдам жұмылдыру», «жылдам хирургия» және «минималды инвазивті хирургия» әдістері кеңінен қолданылады. Осы технологияларды қолдана отырып жасалған оталар минималды оңалту кезеңімен, сондай-ақ асқынулардың нөлдік пайызымен ерекшеленеді, бұл науқастарға мүмкіндігінше тезірек аяғына тұрып кетуге мүмкіндік береді. Қазіргі ғылымның жетістіктерінің арқасында лапароскопия әдісі жаңа деңгейге көтерілді. Оның көмегімен мамандар іштің кез-келген бөлігін мұқият тексере алады, тіндерді аз жарақаттайды және кескінді трансляциялай алады.
– Сұхбатыңызға рахмет, алдағы ісіңізге сәттілік тілейміз!