Ақындар жырға қосты қос асылын

Биыл қазақтың біртуар тұлғалары – Науан хазірет Таласұлы мен Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл.  Осыған орай, облыстық «Науан хазірет» мешітінің бастамасымен осы екі тұлғаны еске алуға арналған «Науан хазірет пен Ақан сері дәстүрі» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Мерекелік іс-шараға зиялы қауым, облыстың түкпір-түкпірінен келген ақындар, қала тұрғындары қатысты.

Көкшенің осы ақиық екі перзенті көздері тірісінде бір-бірімен дос болған. Екеуі де Тінәлі қажының қыздарына үйленген. Бірі асыл дініміздің алтын арқау тұғырын тереңдетсе, екіншісі өзінің өнердегі орнымен қазақтың жүрегінде өшпес орын алды. Облыстық айтысқа Көкшетау, Ерейментау, Бурабай, Бұланды, Шортанды және Аршалы ауданынан келген 12 айтыскер қатысты. «Болашақ» жастар сарайында өткен шараны белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек жүргізді. Облыстық айтыста Көкшетау, Ерейментау, Бурабай, Бұланды, Шортанды және Аршалы ауданынан келген ақындар өнер көрсетті. Барша қауымды осынау мерейлі мерекемен Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай және Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин құттықтады.

−Бүгінгі дүбірлі үлкен дін мен дәстүрімізді жалғастырған үлкен бабаларымызға деген ізгі құрметіміз баршамызға игі сауаптардан жазсын. Абай атамыз «өлең сөздің патшасы сөз сарасы» деп айтқан. Айта кету керек, кейінгі ұрпаққа  бабаларымыздан қалған жақсы сөздер мен істерін жеткізе беруді баршамызға нәсіп етсін. Бүгінгі айтыс мерекесі құтты болсын! − деді Кенжетай Байкемелұлы.

−Бұл ертеңгі күнде жас ұрпаққа деген үлгі-өнеге. Біздің мемлекеттің мәдени дамуына үлкен серпін беретін дүниелер. Әрине, жастар үлкен тұлғаларымызды көріп өседі. Бүгінде өтіп жатқан дүбірлі дода біз үшін үлкен қуаныш. Айтыс баршаңызға тек қуаныш, жақсы көңіл-күй сыйласын. Мықтылары жеңіске жетіп, әрқашан да той-думанда қуанышта кездесейік, − деді өз сөзінде Алмас Алин.

Алғашқы ақындар жұбы да сахна төрінде өнерін көрсетті.  Суырып салмалық өнердің майталманы ерейментаулық Ерлан Дәулет Көкшетау қаласының жас ақыны Абзал Жұмабекпен сөз сайыстырды.  Дүбірлі додада Ерлан бір көш алда болғанын қазылар алқасы да дауыс беру кезінде анықтады. Бұл жолы дауыс беру ұпай көрсетумен емес,  қамшысын көтерген қазылардың  қазақы дәстүрімен жалғасты.Айта кету керек,  Ерлан ақынның жұбайы Жаңылжан Жолдымұрат өзінің нәзік дауысымен сөздің мәйегін әрлеп жеткізетін өнер иесі екенін танытқаны жұртшылықты қуантты. Ерлі-зайыптылардың қазақ өнерін қос қанатындай көтеруі жақсылықтың нышаны деуге негіз бар.

Одан әрі Орынбай ақынның ұрпағы Мұхамет Қоңқай мен шортандылық Ақынбай Сәрсенби арасындағы айтыс та тартымдылығымен есте қалды. Бұл жолы Мұхамет Қоңқай жеңіс тұғырынан көрінді. Айтыстың қорытындысында бас жүлдені Ерлан Дәулет иеленді. Бірінші орынға көкшетаулық Мұхамет Қоңқай лайық деп табылды. Ал, қалған екі жүлделі орын Аршалы ауданының ақыны Құрметхан Құралхан мен Ерейментау ауданының ақыны Жаңылжан Жолдымұратқа  берілді. Жалпы, барлық ақындарға Алғыс хаттармен ақшалай сыйлықтар табысталды.  Өнер бәйгесінде үздік үштікке кірген айтыскер ақындар алдағы республикалық жарыста өңірдің намысын қорғайтын болады.

Осы шараның бастауында болған Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит өз сөзінде Науан хазіреттің қазақ тарихындағы айрықша орнын ерекше атап өтті. Биылғы жылы  бас имамның бастамасымен Науан хазіреттің өміріне арналған халықаралық конференция өтті.  Алдағы уақытта, дін мен дәстүрді қатар ұстау жөніндегі  басқа да игі іс-шаралар өтеді деп күтілуде.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар