Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде даңқты кәсіби мереке – Шахтер күні атап өтіледі. Биыл да экстремалды сала қызметкерлерін облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс әкімдігінің ғимаратында құттықтады.
– Біздің облыста экономиканың негізгі бағыттарының бірі тау-кен металлургия саласы болып табылады. Бүгінде ондағы 150-ден астам ірі және орта бизнес кәсіпорындарында 16 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Тау-кен металлургия кешені облыстың барлық өнеркәсіп секторының 50 пайыздан астамын құрайды, – деп атап өтті өз сөзінде аймақ басшысы.
Біздің өңірдің жер қойнауында еліміздегі 100 пайыз техникалық гауһар қоры, алтын қорының төрттен бірі, 5 пайыздан астам уран жатыр. Облыста пайдалы кен қазбаларының 51 кен орны орналасқан, оның 32-сі алтын өндіруші, 14-і уран, 4-еуі темір рудасы, біреуі титан және цирконий кен орындары. Облыс әкімі өз сөзінде атап өткеніндей, кен алқаптарын одан әрі зерделеу, қатты пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын барлау және игеру үшін қолда айтарлықтай әлеует бар. Өңірде пайдалы қазбалардың 342 кен орны есепке алынған.
Осы кәсіп иелерінің арқасында облыста сенімді шикізат базасы құрылды. Әк тас, гранит, мәрмәр, ондаған басқа да табиғи кен орындары барланды. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті тарихи рекордтарды да жаңартты. Егер 2021 жылы облыстың өнеркәсіп өнімінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгені еңсерсе, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 1,5 триллион теңгеден асты. Бұған жаңа ірі өндірістік кәсіпорындардың іске қосылуы ықпал етті. 10 жыл ішінде өңірде салынған инвестициялар көлемі 300 миллиард теңгеден асатын 20 ірі және орта жоба іске асырылды. Бұл ретте, 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде еліміздегі құрамында алтын бар кендердің әрбір екінші тоннасын біздің облыс өндіреді. «Ақмола тіркелімі» алтынның әрбір үшінші келісінде және уран қосылыстарының әрбір сегізінші тоннасында да бар. Мұның бәрі «Altyntau Kokshetau» АҚ, «RG Gold» ЖШС, «Алтыналмас» АҚ, Степногорск тау-кен химия комбинаты, «Семізбай-U» ЖШС және тағы басқа ірі компаниялардың арқасында келіп отырған жетістік.
Өз бизнесін дамытумен қатар, олар өңірдің қалалары мен ауылдарының инфрақұрылымын жақсартуға инвестиция құяды. Мысалы, «Altyntau Kokshetau» АҚ өз қаражаты есебінен алдағы жылы облыс орталығында 900 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр. «Алтыналмас» АҚ Степногорск ауруханасын күрделі жөндеу жобасын әзірлеуге 50 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. «Верный капитал» компаниялар тобының арқасында Қосшы қаласында 1 қыркүйекте бір жарым мың оқушыға арналған мектеп-гимназия өз есігін ашады. Мұндай инвестициялар сомасы шамамен 7,5 миллиард теңгеге жетті.
Облыс әкімі барлық кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, іс-шара соңы саланың үздік өкілдерін құрметтеумен жалғасты. Жоғары еңбек жетістіктері үшін бірқатар ақмолалық кеншілер «Еңбек даңқы», «Шахтер даңқы», «Кенші даңқы» төсбелгілерімен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.