– Ақмола облысында түйнеме жұқтырған 15 адам ем алып жатыр, оның ішінде 13 науқастың жағдайы орташа, екеуінікі жеңіл. Бұл туралы Есіл орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлнар Сәрсенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі кезде науқастардың жағдайы жақсарып келеді, дене қызуы түскен.
«Біздің ауруханаға алғашқы күні барлығы 15 адам түсті. Олар бірден жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Арасында ауыр күйде жеткізілген науқастар да болды. Дәрігерлердің жедел қимылының арқасында жағдайды тұрақтандыру мүмкін болды. Қазіргі кезде 13 науқастың жағдайы орташа деңгейде, екеуінікі жеңіл. Дене қызуы жоқ. Жақын күндері қорытынды бактериологиялық зерттеуден кейін шығара бастаймыз», – деп түсіндірді Есіл орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлнар Сәрсенбаева ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында тұрғындар түйнеме жұқтырған ауылда карантин жарияланғанын жазған едік.