Ән көңілдің ажары «әнді сүйсең менше сүй» деген данышпан Абай атамыз. Көңілінде мұң мен шері, санасында арман қиялы асқақ, жүрек түкпірінде махаббат сезімі алаулап, көзінде рухтың оты ойнаған адамның дауысындай әуезді, сарынды үн көп адамда кезіге бермес. Дәл осы үннің иесі, ән өнерінің киесі қонған Көкшенің Айбозы, жезтаңдай әнші Қажыбай Бадықұлы Жахин – шығармашылық еңбегімен, жарқын өнерімен өзінің соңынан мәңгілік рухани мұра қалдырды.
Қара домбырасын қолына алып, еліміздің және алыс-жақын шетелдердің сахнасында қазақ әндерін әуелетіп, ұлылығы мен өміршеңдігін дәлелдегенол сондай-ақ, халық әндерін, алты Алаштың ардақтылары Абай, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сәкен Сейфуллин және басқа да өнер майталмандарының ән жауһарларын нақышына келтіре шырқап, өзіндік өнер мектебін қалыптастырды. Айбоз әншіміздің өмірден өткеніне биыл үш жыл толды. Осы орайда, «өлі разы болмаса, тірі байымас» дейтін халқымыз, өзі кетседе артындағы мұрасы өшпесін, есімі ұмытылмасын деп әншінің атына дәстүрлі өнер байқауларын ұйымдастырып, ізбасар жас буындарға дәріптеп келеді.
Соның дәлелі ретінде, биыл 8-9 қараша күндері Көкше жерінде Ақмола облысы әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен дүлдүл әнші Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның Айбозы» ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Өнер сайысының ашылуы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында басталды. Байқау екі кезеңмен жалғасты. Бірінші кезеңде Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген он үш қатысушы жарыс шарттары бойынша Қ.Жахинның репертуарынан бір ән, ән өнерінің серілері Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ әндерінен, халық әндерінен және қазіргі заманғы композиторлардың қоржынынан барлығы төрт әнмен өнерлерін көрсетті.
Ал, екінші кезеңде өнерпаздар өз қалаулары бойынша екі ән орындаса, қосымша бір әнді жеребе арқылы 22 әннен тұратын Қажыбай әншінің репертуарынан орындады. Екі күнге ұласқан ән байқауына төрелік етіп, бағасын берген қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Айзат Қарабекова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан, мәдениет қайраткері Мара Есмұханова, әнші, Арқа әндерін зерттеуші Сәрсенбай Хасенов, мәдениет саласының үздігі Эльмира Төлеубаева болды. Тартысты өткен екі күнгі додада әр өңірден келген небір күміс көмей, жез таңдай, дауысы даламен үндескен дәстүрлі әншілер қазақ әнін нақышына келтіріп орындай алды. Бәсеке болған соң біреудің бағы жанып озуы, біреудің артта қалуы заңдылық. Дәстүрлі ән өнерін дәріптейтін өнерлілердің басын қосу, есімі ел есінде қалған әнші Қажыбай Жахиндай біртуар тұлғаның ізін басып, ісін жалғастыру, жерлесіміздің есімін ұмытпауды, ұлықтауды мақсат тұтқан аталмыш байқаудың қорытындысы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында әнші Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның Айбозы» ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауының гала-концерті аясында жалғасын тапты. Байқау қорытындысы бойынша «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, өнерлерін паш еткен әншілерден бағы жанып, үшінші дәрежелі диплом, 300 мың теңге ақшалай сертификатымен Абай облысынан келген Бауыржан Марксов, екінші дәрежелі диплом, 700 мың теңге ақшалай сертификатымен ұлытаулық Мөлдір Смайыл, үшінші дәрежелі диплом, 1 милллион теңге ақшалай сертификатымен жерлесіміз Ерқанат Ерұланбек марапатталса, үздік өнер көрсеткені үшін бас жүлде – 3 миллион теңге ақшалай сертификатты Астананың өнерпазы Зәмзәгүл Смағұл жеңіп алды. Айта кетерлігі сол, гала концерттің барысында мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен облысымыздың біршама қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында, өлкетанушы, публицист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, мәдениет ардагері Гүлбаршын Салық, Ақмола облысы мәдениет басқармасының Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Елена Леонидовна, «Оқжетпес» фольклорлық тобының әншісі, Макинск қаласының балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Қазбек Қалиев, Ақкөл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Наталья Михайловна, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқытушысы Галина Рыбакова, әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкерлері Нұрболат Әлменов, Бақытбек Бекмұратұлы қатарлы мәдениет және руханият саласының өкілдері бар.
Сонымен бірге, сахна төрінде өткен концертте еліміздің барлық өңірінен келген дәстүрлі ән орындаушылары өнер, көрсетіп, жұрттың көңіл сарайын ашып, ықыластарына бөленді. Ғажап даусымен, ән айту мәнерімен жұртты баураған Қажыбай Бадықұлы бірталай жылсұлу Көкшесін әнімен тербетті. Көкшеніде көтерді, өзі де сол биігінде қалды. Жайдары мінезімен, адал көңілімен, әдемі әнімен, сырбаз сәнімен ел еркесі атанды. Әнді жүрегімен қабылдап, халыққа жеткізе білген дәстүрлі әнші еді. Талай өнер додаларында өзінің дарындылығымен көзге түсіп, топ жарып, бәйге алған ұлттық өнердің шын жанашыры бола білді. Бүгін де ақ тұйғын құстай биіктен сорғалап құйылған әнімен ел есінде қалған дарабоздың есімімен аталған «Арқаның Айбозы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы екінші рет қанат қағып, өз мәресіне жетті.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.