Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші Мара ЕСМҰХАНОВА: «Анам жазған хат – аманатым» - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші Мара ЕСМҰХАНОВА: «Анам жазған хат – аманатым»

Көкшетау – құт қонған, қасиет тұнған киелі мекен. Арқадағы дәстүрлі әннің алтын діңгегі біртуар Біржаннан басталатындығы, аққуға әнін қосқан Ақанның есімімен, қазақтың ән өнеріне тың серпін әкелген Үкілі Ыбырайдың өнерімен тығыз байланысты екендігі әмбеге аян. Көкшетау – ежелден қазақтың ән бесігі атанған. Текті елде тегіне тартып, сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, қылау түсірмей, ата-бабадан жалғасқан бекзат өнердің үкілі үміті, заңды жалғасы болған өнер тарланбоздары аз емес. Көмейіне бұлбұл ұялаған күміскөмей әншілер, шанағынан күй саулаған дәулескер күйшілер, кеудесі күйсандық, ғұмыры ән болып өрілген қаншама өнерпаздар бар.   Өнер дегеніміз –  Тәңірдің берген сыйы, зор бақыты. «Өнерім – өмірім» деп, осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген белгілі мәдениет қайраткерлерінің бірі – ол әрине,  Көкшенің ақмаңдайы атанған, кербез де көрікті, жезтаңдай әнші – Мара Есмұханова.

Талайды тамсандырған әнші Мара Қарапақызы Ақжар ауданына қарасты Алқатерек ауылының тумасы. Елге сыйлы, үлгі-өнеге болған педагогтар әулетінде дүние есігін ашқан. Анасы Шәрбан тума талант, жезкөмей әнші болғанын ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін тамсана айтып отырады. Бірақ, ол кісі өнер жолын емес, ұстаздық жолды таңдаса керек. «Әліппені алғаш үйреткен анам мен әкем» дейді Мара апаның өзі. Жастайынан анасына еліктеп, әнші болуды армандаған және сол арман жолында талмай еңбек еткен әнші Мара орта мектепті тәмамдасымен өнер өлкесі, мәдени ортаның алтын қазығы, руханият діңгегі, арайлы Алматыға жол тартады. Ондағы мақсаты – өнер ордасына оқуға түсу. Жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болды. Ол Алматы қаласындағы республикалық қазақ өнер студиясына оқуға түсіп, оны 1975 жылы ойдағыдай тәмамдады. Өнерге жетелеген ұстазы ұлт мақтаны атанған, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың өзі. Қалай ғана мақтанбасқа, бұл бағалай білгенге бақыт, Тәңірдің сыйы.  Осыдан кейін-ақ, Мара апамыздың бойынан табылатын өнерге деген адалдықтың, еңбекқорлықтың қайдан дарығандығын топшылай берсе де болатын сияқты. Жүсіпбек Елебеков біз жоғарыда санамалап өткен сал-серілердің сара жолын жалғастырушысы, Арқаның ән дәстүрін насихаттаушы ғана емес, ол жүздеген шәкіртті тәрбиелеген, олардың өнер көгінде талмай қанат қағуына  жол сілтеген, ақ батасын берген көреген ұлағат иесі десек, асыра айтпағандығымыз.

– Жүсекеңнің жарқын бейнесі мәңгілік жадымда. Ол кісінің көрегенділігі, кісілік-кішілік, қарапайымдылық, адамгершілік абзал қасиеттері туралы таңды таңға жалғап айта беруге болады. Ол кісі өз ісіне аса жауапкершілікпен, мол ыждаһаттылықпен қарай білетін. Ұлы Абай «Құр айғай бақырған, құлаққа  ән бе екен… » демекші, ән айту терең білімді  қажет ететіндігін, алдымен  ән дегеніміз қазақтың қазынасы екендігін, оны қалай болсын солай еш дайындықсыз айта салуға болмайтындығын, әуезі мен әуенін үйлестіріп, жүрекпен жеткізу керектігін баса айтатын һәм соны бізге үйретіп кетті. Әнді орындар алдында міндетті түрде оның шығу тарихын әңгімелеп  беретін. «Сәби болғым келеді», «Дариға, домбырамды берші маған» атты әндердің авторы Тұрсынғазы Рахимов деген курстасымызға Жүсекеңнің айтқаны әлі күнге дейін есімде. Тұрсынғазы ол кезде жас, әлі ән орындау тәсілдерін меңгермеген болатын. Бір күні Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін орындағанда «Айым да сен Ғалия…» деп айғайға баса жөнелгенде ұстазымыз Жүсекең оны бірден тоқтатып, «Айналайын, Ғалия жоқ, кетіп қалған, айғайға салсаң да енді ол қайтіп оралмайды. Сен әнді орындамас бұрын, алдымен көз алдыңа Ғалияның бейнесін елестетіп көрші,  Ғалия ол біреудің аялаған ерке қызы, ерке қыздарға қатты сөйлеуге болмайды емес пе? Әнді алақаныңа салып, мәпелей аялап, жүрекпен сезініп айтшы, дей келіп, өзі сол әнді шырқағанда алғашқы әуезінен-ақ, көкірегіме күн құйылғандай жүрегім жылылыққа шомылып, жаным жан сезбес бір шуаққа бөленгені күні бүгінгідей есімде, – дейді бұл ретте, апайдың өзі ұстазы туралы тебіреніп.

– Бір курста төрт қыз, төрт жігіт оқыдық. Біз Жүсіпбек Елебековтың соңғы шәкірттеріміз. Жүсекең әрқайсымыздың тағдырымызды болжап кеткендей болады да тұрады. Ол кісі әр шәкіртіне жөн сілтеп, жол көрсетіп  кетті. Біреуімізге оқытушылықпен айналыс, енді біреуімізге сазгерліктен бақыт табасың, тағы бірімізге әртіс бол, енді біреуімізге сенен жақсы әнші шығады деп, дөп басып қадап айтып еді, айтқаны жазбай келді. «Мара, сен сахнадан қол үзбе» дегенді айтып отыратын. Ұстазымның айтқанын орындап, санап отырсам, сол өнер студиясын тәмамдаған сәттен бері мінекей, 48 жыл бойы өнер сахнасында халқыммен бірге жасасып келемін.  Әлі есімде, біз оқуға түскен жылы Алматыдағы қазақ драма театрында Жүсекеңнің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара болып өтті. Сол дүбірлі тойға курстасым Ғалым Мұхамедин екеуімізді шәкірті ретінде шақыртып, біз сол концертте домбырамен ән салып, үлкен сахнадан алғаш рет өнер көрсеттік. Өнер көрсеткенде де Жүсекеңнің шәкірті болып ел алдына шығуымыз, біз үшін зор жауапкершілік әрі зор мәртебе еді. Бұл алдымен Алланың алқауы, одан кейін ұстазымыздың жастарға артқан үкілі үміті мен жанашырлығы деп білемін. Сол концертте біз Ғалым екеуіміздің қобалжып тұрғанымызды көрген ұстазымыз, «Айналайындар, сахнаға шыққанда өз үйіңде, өз төріңде жүргендей өздеріңді емін-еркін ұстаңдар. Жүрексінбеңдер! Халықты бірден өздеріңе баурап әкетіңдер, қобалжығаныңды халық бірден сезіп қояды» дегені есімде қалды. Халық әні «Жиырма бес», Біржан салдың «Жалғыз арша», Ақан серінің «Әудемжер» әндерін Жүсекең менің орындауымда жақсы көретін. Білмегенімді үйрететін, көңіліме тоқып алғанымды көріп қуанатын.  «Қарғам, сен Біржан мен Ақанның елінен келдің, осы әндерді бойыңа сіңіріп ал» дегенді жиі айтатын. Сондай алып, тұғыры биік тұлғадан дәріс алғанымды өзіме бақыт санаймын. Жүсіпбек ағай Алматыдағы Виноградов көшесінде тұратын. Біздің курстың төрт қызы таңнан ағамыздың жолын күтіп тұратынбыз.  Өте сәнді киінетін, сырбаз еді. Біздерге әкеміздей қамқор болды. Хабиба апамыздың қолынан дәм іштік. Екі бірдей Халық әртісінің ортасында отырып,  дәм тату, олардың ақыл-кеңестерін көңілге түю, ойлап отырсаңыз, бақыт қой. Ұстазымыздың 90 жылдығында шәкірті ретінде, Қарқаралыға құрметті қонақтар қатарында шақырылдым. Сонда Хабиба апамыздың Қарқаралының алып тауларына қарап айтқаны әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. «Жүсеке, сен өлген жоқсың! Сенің артыңда қалың елің, құрмет тұтар шәкірттерің бар да сен мәңгісің» дегені күні бүгінге дейін көңілімде, – дейді Мара апай толғана сөйлеп.

Мара апай ұстазы Жүсіпбек Елебеков туралы естіліктермен бөліскен сәтте  дауысынан сөз жеткізгісіз сағыныш пен жылы мейірім, ыстық ықылас сезіліп-ақ тұрғандай. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген халық ұлағаты осындайда айтылған сияқты. Иә, Мара Есмұханова өн бойына кәсіби әншіге тән барлық жарқын сипаттарды тоғыстырған әнші. Дауыс тембрінен бөлек,  ән орындау мәнері, сахнада өзін-өзі ұстауы, кез-келген әнді терең толғаныспен орындап,  өрнек-бояуын дәл тауып, жүрекке жеткізе білетін қабілетке ие дарын иесі. Ол айтулы ұстаздан тәлім ала жүріп, Алматыдағы өнер шаңырақтарының біріне жұмысқа орналасу мүмкіндігіне де ие болды. Алайда, талайдың арманы болған арайлы Алматыдан Арқаға қоныс аударуының бірден бір себебі – ана аманаты екен.

Иә, уақытта тұрлау жоқ. Тағдырын да адам болжай алмайды. Өнерге қанат бітірген киелі мекен Алматыда  жүрген сәтте ауылдан ауыр хабар жетіпті. «Анаң ауыр дертке шалдықты, елге тез арада жет» деген хабарды естіген сәтте-ақ, Көкшетауға құстай ұшқан. Алаң-елең еткен бала жүрегінде бір үміт, бір күдік басым еді.  Елге келгенде анасы төсек тартып жатқан екен. Бақұлдасып үлгерді. Ана жүрегі әрқашанда да бала деп соғып тұрады емес пе? Алыс жолдан балам келіп үлгермесе, жүректегі бір өтінішімді хат қылып жазып кетейін деп алдын ала «қызым Мараға» деп бір тілім қағазға аманатын жазып қойса да керек.

– Анамның аманаты деп сол хатты мінекей, елу жылға жуық сақтап жүрмін. Ендігі жылы анамның өмірден өткеніне тура елу жыл болады. «Маражан, анадан жас, ақылдан бос қалып барасың. Оқуыңды бітірген соң, Көкшетау қаласына кел, бауырларың барып жүрсе де жақын ғой. Мамаң». Хаттың мәтінін жүрегіме жазып қойғанмын. Осы хатты оқыған мен қалайша Алматыда қалайын. Қазіргі таңда, ойлап отырса, анамның айтқаны дұрыс болған екен. Жезқазғанда тұрғанда өзімнен кейінгі үш бауырыма қамқор болдым. Бауырларыммен бірге біте қайнасып, күні бүгінге дейін арамыз алшақтаған емес. Жалғанда бір туған бауырдан асқан қамқор болмайды ғой, – дейді апайдың өзі сыр бөлісіп.

Елу жылға жуық хатты бойтұмардай сақтап келген Мара апамыздың анасына деген құрметіне қалай ғана тамсанбайсың.  Бар-жоғы 47 жасында өмірден ерте кеткен анасына деген  сәулелі сағынышын әуелеп салған әнмен жеткізіп, ғұмырын ән болып жалғап келеді. Кейінгі жылдары өз репертуарындағы әндерді «Анама» деген атпен диск қылып шығарыпты.

–Үнемі ойымнан әкем мен анамды бір сәт те шығарған емеспін. Олардың бетін жерге қаратпауға тырыстым. Мен үшін бәрінен де биік ата-анамның ақ батасы еді, –дейді Мара Есмұханова бұл орайда, тағы бір толқып, толғанған күйі.

Иә, рас, жер бетінде ата-ана разылығынан, олардың аппақ тілегінен асқан бақыт бар ма?! Осылайша, анасының ақ аманатын арқалап, арайлы Алматыдағы оқуын тәмамдасымен  ол  Арқаға қайта оралады. Өзінің еңбек жолын Жезқазған облыстық филармониясында бастайды.

– 1975 жылы Жезқазған өңірінен кәсіби өнер шаңырағы – облыстық филармония ашылатын болды. Ол кезде Жезқазған қаласы облыс орталығы болатын. Жаңадан ашылған өнер шаңырағына республикалық эстрада цирк студиясының бір топ түлектері арнайы жолдамамен келіп, жұмысқа орналастық. Осы ұжымда кәсіби әртіс болып Болат Есмұханов та жұмыс істейді екен. Біз сол жерде танысып, бір ұжымда еңбек еттік. 1976 жылы отау құрып, шаңырақ көтердік. Екі ұлымыз бар. Екеуі де кәсіпкер.  Аллаға шүкір, қазіргі таңда немере сүйіп отырмыз. Немерелеріміздің барлығы өнерлі. Бар тілеуіміз осы балаларымыз, – дейді әншінің өзі.

Мара Есмұханованың жанжары,елімізге танымал көптеген хит әндердің авторы, әнші-композитор Болат Есмұхановтың есімі халыққа жыға таныс. Сонау алпысыншы жылдардың ортасында қазақ эстрадасына өзіндік жаңа леп, жаңа бағытпен келген өнер иесі республикаға белгілі «Қаракөз» ансамблінің негізін қалаған адамдардың бірі.

–  Жезқазғанда  жиырма жыл тұрдық. 1995 жылы Көкшетауда Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ашылып, сол жерге қызметке шақырылдым. Жұбайым менің әуелден елге деген сағынышымды, анамның айтқан аманаты туралы жақсы білетін. Көңілімді қайтармады, құптады, қолдады. Көкшетау бізді құшақ жая қарсы алды. Алдымен жаңадан құрылған театрда, одан кейін Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында қызмет еттім. Сол киелі өнер ордасынан зейнет демалысына шықтым. Қазіргі таңда филармониядағы ардагерлер кеңесінің төрайымы болып, қоғамдық жұмыспен айналысып жүрмін, – дейді апай ағынан ақтарылып.

Қай жерде жүрсе де елінің, одан кейін отбасының, жан жарының абыройын асқақтатып жүруді ғұмырлық мақсат еткен Мара апамыз сұхбаттың өн бойында бір сөзінде ата-анасы туралы, одан кейін тәлім алған ұстазы, жан-жары мен балалары туралы көп сыр шертті. Бәрін айтты, бірақ,өзі туралы мақтан сөзден ада. Оның қарапайымдылығы, мейірім шапағаты, тіпті сөйлеу мәнері кез-келген адамға ой саларлықтай. Осы орайда, оқырманға сүйіншілеп жеткізер жақсы жаңалығымыздың бірі, таяуда Мара Есмұханованың есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» еніп, сонда өмірбаяны жарық көргенін қуанышпен жеткізсек дейміз. Есімің өнер майталмандары қатарында Алтын кітапта жарияланса, еңбектің еленгені емес пе?! Мара апамыздың өнер жолындағы жеткен жетістіктерін санамалап айта берсе, бір мақалаға жүк болардай. Қалай дегенмен де, халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты атанып, ел Президентінің «Құрмет грамотасына» ие болуы, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен және басқа да марапаттармен марапатталуы тынымсыз еңбегінің жемісі екендігі анық.

Мара апайдың өрелі өнері, көркем мінезі, парасат-пайымы, өнер адамына тән жан сұлулығы кез-келген жанды тәнті етері анық. Алла тағала елу жылға жуық халқын әнге бөлеп жүрген Мара апамызға алдағы уақытта да еңбегінің жемісін көруді нәсіп етсе екен деп тілейміз. Жасай беріңіз, көгілдір Көкшенің ақмаңдайы!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар