Бүгінгі тыныс-тіршілігіміз ақпарат алмасумен қатар, жөнелтіп- қабылдап алудан тұрады. Әлеуметтік желілерді есептемегенде, қоғамдағы ақпарат айдынында өзінің орнымен ерекшеленетін пошта қызметін атап өткіміз келеді. «Қазпошта» акционерлік қоғамының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Газет-журнал, хат-хабар мен сәлемдеме таратудан бөлек, бұл қызмет бүгінде заманға сай дамып, жетілуде. Осы орайда, Ақмола облыстық филиалының директоры Қайрат Балапанұлы Бекеновпен әңгімелесіп оралдық.
–Құрметті Қайрат Балапанұлы, бүгінде «Қазпошта» акционерлік қоғамының құрылғанына 30 жыл толып отыр екен. Өзіңіз басқарып отырған облыстық филиалдың жұмысы туралы айтып берсеңіз…
–«Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы жақында құрылғанына 30 жыл толғандығын салтанатты түрде атап өтті. Осы отыз жылда еліміздегі пошта қызметі бірқатар белестерді бағындырып, бүгінде заманауи дамыған компаниялар қатарында табысты жұмыс істеп келеді. Жаңа ақпараттық-технологиялар дәуірі орнағалы қоғамның сұранысы соған сәйкес артатыны белгілі ғой. Сондықтан бұл бағытта да жұмыстар күшейтіліп, көрсетілетін қызметтер сапасын арттырудамыз. Сәлемдемелерді жер үсті және әуе көліктерімен тиімді бағада кез келген өңірге, шетелге жіберуге мүмкіндігіміз бар. Жіберілген зат қысқа мерзім ішінде жолданған мекенжайға жетеді. Жеткізу қауіпсіз, әрі тапсырыс берушілер сәлемдемелерін онлайн түрде смартфондарынан қосымша арқылы қадағалап отырады. Бүгінде біз пошта жеткізуден бөлек, қаржы, логистикалық, брокерлік, агенттік қызметтерін, электронды сауда қызметін де ұсынамыз. Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта байланысының операторы болып табыламыз. Отыз жыл ішінде «Қазпошта» Дүниежүзілік пошта одағына қосылды және жалпы мемлекеттік инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі болып танылды. «Қазпошта» иелігінде Қазақстанның барлық аумағын, әсіресе, қалалық, аудандық және ауылдық жерлерді түгел қамтитын ең ауқымды филиалдық желі бар. Бүгінде пошта желісі электрондық сауданы, көлік-логистикалық сервисті, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтерді ілгерілетудің тиімді құралы. Енді біздің Ақмола облыстық филиал туралы айтсақ, 429 ауылдық елді мекенде, 9 қалада 138 пошта байланысының бөлімдері жұмыс істейді. Нақты айтқанда, 10 аудандық және 1 қалалық пошта торабы, 12 орталық операциялық учаске, 104 ауылдық, 9 қалалық пошта байланыс бөлімдері, 12 жылжымалы пошта байланыс бөлімі халыққа өз қызметін көрсетуде. Сонымен бірге, елді мекендерде пошта қызметіне қарасты 24 банкомат пен 4 сервистік байланыс бөлімдері, 7 төлем терминалдары қойылған. Пошта қызметіне тұрақты жүгінетін 572 мыңнан астам адам бар болса, олардың 25 мыңнан астамы зейнетақысын бізден алатын зейнеткерлер. Бүгінде біздің Ақмола облыстық филиалының бөлімдерінде 1 мыңға тарта маман жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақысы шамамен 150 мың теңгені құрайды. «Қазпошта» АҚ-ның басшысы Әсел Жанасова апта сайын қызметкерлермен, пошташылармен, сұрыптаушылармен ашық жиналыстар ұйымдастырып, бағыт-бағдар беріп отырады. Біз ең бірінші қызметтің сапасына мән береміз. Біздің қызметте адам мүддесі бірінші орында болғандықтан, қызметкерлердің жағдайын жасауға тырысамыз. Бөлімшелерде модернизациялық жұмыстар жүргізілді. Өзім «Қазпоштада» 20 жыл жұмыс істеп келемін. Бірқатар облыстарда филиал директорының орынбасары және басшысы лауазымдарында болдым. Орталық аппаратта біраз жыл еңбек еттім. Ақмолада филиал қайта ашылған соң, осында директор болып келдім.
–Филиалдың тарихы туралы да сөз ете отырсаңыз…
–Қазақстан бойынша «Қазпошта» акционерлік қоғамы 1993 жылы 4 сәуірде «Телекомнан» бөлініп, өз алдына дербес мекеме болып қайта құрылды. Содан бері 5 сәуір республика бойынша «Қазпоштаның» туған күні ретінде аталып өтіледі. Осы жылдар аралығында пошта қызметінде көптеген елеулі өзгерістер орын алды. Бөлінгеннен кейін телефон байланысына қатысты шаруалардан басқа хат-хабар, сәлемдемелер, зейнетақы мен жәрдемақыларды тарату секілді жұмыстар біздің міндетімізге айналды. 2003 жылы пошталық жинақ жүйесі құрылды. Бұрын іс-қағаздар қолмен жүргізілсе, кейін автоматтандырылды. Ақмола облысы болып құрылғанда хаттар мен газет-журнал таратудан көп ақша таба алмайтынымызды ұққан соң, қаржы қызметін көрсету қолға алынды. Екінші деңгейлі банктердің қызметімен сәйкес, яғни, әртүрлі коммуналдық төлемдерді қабылдау секілді қызметтерді халыққа ұсына бастадық. Кейін осы екінші деңгейлі банктермен келісім-шарт жасасып, агенттік қызметтер көрсетіле бастады. 2015 жылы оңтайландыру мақсатында Ақмола облысының филиалын Астанаға қосып тастады, кейін 2021 жылы облыстық филиалдың бөлек болуы қажеттігі ескеріліп, қайта ашылды. Сол оңтайландыру кезінде Орталық операция учаскелері жаңартылды. Бүгінде бөлімшелер заманға сай автоматтандырылып, сәлемдемелер супермаркеттерімен қамтылып, постаматтар орнатылуда.
–«Қазпоштаның» бұрынғы және қазіргі қызметінің айырмашылығы жер мен көктей шығар. Өзіңіз айтпақшы, ақпарат пен технологияның дамыған заманында жұмыстарыңыз жеңілдеген сияқты көрінетіні бар…
–Бұрын шалғайдағы ауылдар мен елді мекендердегі кітапханаларға газет-журнал, сәлемдеме жеткізіп, зейнетақылар мен жәрдемақыларды тарату үшін компания өте үлкен шығынға бататын. Тіпті, ең алыс ауылдағы бір оқырманның газетін немесе телеграммасын жеткізу үшін оның шығынының көлеміне қарамастан, соны уақытылы жеткізу үшін тер төгілетін. Қазір пошта тарату, қаржы жағы және логистика заман талабына сай дамуда. Қаржылық қызметтерді алсақ, поштаның электронды қосымшалары енгізілді. Бүгінде облыс тұрғындары үйінде отырып-ақ, телефон, смартфон арқылы біздің қосымшаларға кіріп, ақша аударымдарын жасап, пошталық қызметтерді төлеулеріне мүмкіндіктері жетеді. Қазір аудан орталықтары мен үлкен ауылдарда поштаның банкоматтары, пост-терминалдары бар, халыққа ыңғайлы микроклимат жасалуда. Пошта байланысының кез келген бөлімшесінен терминалмен айыппұлдарды, банк несиелерін төлеуге, шоттарды толықтыруға, коммуналдық қызметтерге, сақтандыру компанияларына төлемдер жасауға болады. Сондықтан, жүйе цифрланып, дамыған сайын біз де жаңа стратегиялар мен жобалар бойынша жұмыс істеуге тырысамыз.
–Жуырда «Қазпошта» «Азаматтарға арналған үкіметтен» алатын кей мемлекетік қызмет түрлерін көрсетуді жоспарға алыпты. Қазір оның кейбір қызметтерін екінші деңгейлі банктерден де алуға болады. Ал, сіздердегі мақсат қандай?
–Иә, дұрыс айтып отырсыз. Кейбіреулер әлі күнге дейін пошта газет пен сәлемдемелерді таратып қана қояды деп ойлайды. Біз көптеген агенттік қызметтерді де іске асырамыз, енді міне, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесіп, мемлекеттік қызмет түрлерін енгізуді көздеп отырмыз. Бұл қанатқақты жоба Ақмола облысының 50 ауылдық пошта байланысы бөлімшелерінде іске қосылады. Елді мекендердің тұрғындары ауылдық пошта бөлімдерінде 27 түрлі мемлекеттік қызметті ала алады. Оған жәрдемақының кейбір түрлеріне, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қызметтерге құжаттарды ресімдеу, мекен-жай бойынша тіркеліп, мұрағаттық анықтамаларды немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмесін алу қызметтері кіреді. Бұл қызметтерді енгізу ауыл тұрғындарының аудан орталығы мен қалаларға жолға кететін уақыты мен ақшасын үнемдеуге мүмкіндік беріп, ауылдық бөлімшелердің жұмысын ынталандыруға жол ашады. Мұны ауылға мемлекеттік қызмет түрін бір саты жақындату деуге болады. Сондай-ақ, аудандарда жылжымалы пошта бөлімшелері бар, олар да сол мемлекеттік қызмет түрлерін көрсете алады. Жалпы, цифландыру жобасы бойынша біз, «Қазпошта» алдыңғы қатарда жұмыс істеп жатырмыз. «Самұрық-Қазына» компаниясының акционерлік қоғамы болып табылатындықтан, цифрландыруға өте көп көңіл бөлінуде.
–Жалпы, қандай игілікті істермен айналысасыздар және мерейлі жылы қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?
–Жылдың басынан бері Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесімен келісе отырып, аймақтағы байланыс саласының негізін қалаушылардың бірі, осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагеріміз Қапар Сүлейменұлы Айтуғановқа өзі жұмыс істеген мекемеде тақта орнаттық. Ол кісі сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің шақыртуымен біздің саланы басқарып, қазіргі «Қазпошта» ғимаратын салуға атсалысқан. Сол кісінің құрметіне осындай шаруаның басын қайырдық. Сонымен бірге, Бұланды ауданындағы қарттар үйіне, басқа да мүгедектерге материалдық көмек көрсетіп, қол ұшын беріп келеміз. Былтыр Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосында тұратын бір азаматтың үйі өртеніп кетіп, оның отбасына қолдан келгеннің бәрін жасап, көмектестік. Кейбір қарттарға өз қаржымыздың есебінен газет-журнал жазып береміз. Биыл «Қазпоштаның» 30 жылдығы аясында сәуір-мамыр айларында Қазақстанда ең бірінші болып экологиялық акция ұйымдастырдық. Қопа көлінің маңын тазалап, қаншама тонна қоқыс шығардық. Акцияның символы ретінде жасаған «тырнауыш» бүкіл елімізді айналып шықты. Аудандардағы қызметкерлерді шақырып, түрлі спорттық іс-шаралар, жарыстар өткіздік. Қарттар күнінде немесе ардагерлеріміздің мерейтойлық даталары болса, облыстық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, көмек көрсетуден бас тартпаймыз.
Жұмыстағы әлеуметтік тұрақтылық, қалыпты жағдай, қызметкерлердің өзара жылы қарым-қатынасы, қызмет сапасы басты назарда ұсталатындықтан, былтыр республикада ең үздік филиал атанып, кубокқа ие болдық. Биыл 9 қазанда Дүниежүзілік пошта күні аталып өтіліп, осыған орай, аудандар мен қалалардағы бөлімшелерде талай жылдардан бері елеулі еңбек етіп келген қызметкерлеріміз бен үздіктерді Премьер-Министрдің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттадық, тиісінше сыйақылар тағайындадық.
–Алда қандай жоспарларыңыз бар?
–Біз мемлекеттік оператормыз. Келесі жылға «Қазпошта» АҚ құрған жалпы стратегиялық жоспарымыз бар. Биыл Ресейдің «Озон» компаниясымен бірлесіп, тауар жинайтын нүктелер аштық. Жоспарға тоқталсам, алдыңғы орынға логистиканы қойып, фулфильмент орталықтар ашудамыз. Қазіргі интернетпен жұмыс істейтін азаматтар біз арқылы фулфильді орталық ашып, біз оларға бүкіл қызмет түрлерін ұсынамыз, яғни, заттарын орап, сұрыптап, тасымалдануына көмектесеміз. Олардың тауарлары біз арқылы өтетін болғандықтан, транзит ретінде ақша табамыз. Бүгінде біз дүниежүзілік пошта логистикасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылы осы пошта қызметінің бағыттарын жетілдіре түсуді көздеп отырмыз. Логистика деп айтып отырғанымыз, Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын үлкен жолайрықта орналасқан. Бұл біздің қызметке үлкен мүмкіндік. Мәселен, Германия, Эстония секілді елдерден, Еуропадан, Азиядан тауар жеткіземіз. Бүкіл Дүниежүзілік пошта торабының магистральдары автоматтандырылған, соның бәрін қадағалай отырып, «Қазпошта» жоғары деңгейде өз қызметін ұсынып келеді. Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы логистикаға ерекше мән беріп, Ақтаудың порты секілді Құрық портын дамытуды, хабтар ашуды тапсырды. Қазір Ақтөбе, Астана, Шымкентте хабтар ашылып, пошта байланысына мол мүмкіндіктер берілуде. Көкшетауда да кіші-гірім хаб ашуға болады. Оны алдағы уақытта қарастырамыз.
–Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.