«Ономастика» дейтін қысқа бір сөзде қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен астарлы ақиқаты жатыр. Ата-бабаларымыздың өз жерін жаулардан қорғау үшін жасаған ерлік істері әр адамның бойына мақтаныш сезімін ұялатып, болашақ ұрпағына аманат етіп қалдырған қасиетті топырағын қастерлеуге баулиды.
Соның бірде-бір куәсі ретінде, тарихи атауларды алуға болады. Қазіргі уақытта ғалымдар мен профессорлар, сонымен қатар, ономастика саласымен айналысатын мамандар осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Құнды деректер мен мағлұматтар іздеп, көршілес елдердің де мұрағаттарын ақтарды. Атқарылып келе жатқан осындай еңбектің арқасында Ақмола облысының төңірегінде орналасқан елді мекендердің байырғы атаулары халыққа жиі белгілі бола бастады. Мысалы, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бастамасымен дайындалған Ирина Бекзатқызының «Ақмола облысының тарихи топонимдері» зерттеу кітабында Омбы облыстық мемлекеттік тарихи архиві мен жергілікті мұрағаттардан табылған мағлұматтар идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың тарихи атауларын табуға септігін тигізуде.
Аталған оқу құралында Кеңес дәуірі кезеңінде Ақмола өңірінің кейбір аймақтары жайлы жазылған қолжазбалар мен байырғы атаулары сақталған елді мекендердің орналасқан жерлері бейнеленген карталар ұсынылған. Бұдан басқа, кітаптың ішкі бөлігінде кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктердің қазіргі атауы мен тарихи атауы тізіліп жазылған кестелер берілген.
Осындай зерттеулердің арқасында ономастика саласына қатысты тың деректер табылып, қайта атау рәсімдерін жүргізу барысында өз пайдасын тигізуде. Мысал ретінде, өзге этнос өкілдері көп шоғырланған (62 пайыз) Аршалы ауданының Донецкое ауылы Анаркөл ауылына, Ақкөл ауданының Ерофеевка ауылы (79 пайыз) Мереке ауылына өзгертілді. Айта берсек, мұндай мысалдар әлі де баршылық.
Осы орайда, атқарылған бірталай жұмыстардың нәтижесінде қазіргі кезде облыс бойынша 5 ауылдық округ, 14 елді мекен және 216 құрамдас бөлік қайта аталған жаңа атауларымен Әділет министрлігінде ресми түрде тіркелуден өтті.
Келер 2024 жылы да аталған бағыттағы жұмыстар жалғастырылып, осы тұрғыдағы 2022-2025 жылдарға арналған республикалық Жол картасына сәйкес, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар 40 елді мекен мен 70 құрамдас бөлікті қайта атау жоспарланып отыр.Бұның бәрі ономастика саласында атқарылған тыңғылықты істің нәтижесі, сонымен қатар, ономастика саласының қазіргі уақыттағы рөлін айқындайтын жүйелі де күрделі жұмыс деп айтуымызға толық негіз бар.
Әсемгүл ҚАЗЕЗОВА,
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы
тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы.