Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сандалтқан субсидия - АРҚА АЖАРЫ

Сандалтқан субсидия

Өткен жылы өңірдің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін аса қолайлы бола қоймады. Қазір көктемгі егісті ойлап көңіл күпті. Шаруаның шырайын келтіріп тұрған субсидия болатын болса, шағын шаруа қожалықтарына бұйырмай тұр. Тапшылық шамамен 20 миллиард теңге деңгейінде.

Ақтылы мал бағып, ақық дән өсіріп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен тілдесе қалсаңыз, қос қолтықтарынан демеп, жебеп отырған мемлекеттік қолдау екендігін айтып ағынан жарылады. Өткен жыл жалпы диқан қауымы үшін ырысы кем, ырыздығы аздау маусым болды. Ала жаздай аспаннан нәр тамбады. Есесіне қоңыр күзде сылбыраған ақ жауыннан көз аша алмай қалды. Нәтижесінде дән сапасыз, нандық қасиеті кем, баға төмен.

–Қазір көптеген ауыл шаруашылығы құрылымдарымемлекеттің көмек-қолдауының арқасында ғана күнелтіп отыр, – дейді «Құлан» шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов, – егер дәл осындай көмек болмаса, әлдеқашан банкрот болып кетер ме едік. Тек бір өкініштісі, субсидияны ірі шаруашылықтар алады да, шағын шаруашылықтарға бұйыра бермейді.

Бұл пікір ел аузында айтылып жүргелі қашан. Мәселенің мәнісін жете білмегендіктен, сырттай тон пішу тәрізді. Ақ-қарасын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов айтып берді.  Түптеп келгенде, түйіннің бәрі өтінімді дұрыс толтырмауда екен. Ірі шаруашылықтардың штатында заңгер бар. Олар өтінімді тәртіпке сай толтырады. Тиісінше субсидияға ие болды. Ал, шағын шаруа қожалықтарында заңгер жоқ. Субсидия алудың талабын тайға таңба басқандай етіп түсіндіргенімен, өтінімдер дұрыс толтырылмайды. Сол себепті қайтадан түзетіп әкелген кезде тізімнің соңына шегеріліп қалады. Орынсызөкпе-наздың туындайтын жері де осы.

Өткен жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары 55,8 миллиард  теңге субсидия алған. Жетіспейтін қаражат көлемі жоғарыда айтқанымыздай, 20 миллиард теңге шамасында. Бұл орайдағы тапшылық жылда қайталанып тұрады.

–Өткен жылы субсидия алмаған шаруаларға үстіміздегі жылы қаражат алғашқы кезекте төленетін болды. Ол үшін белгілі бір соманы сұрау немесе жоспарлау мүмкін емес. Өйткені,  шаруалардың өз жоспарлары мен міндеттері бар. Әдетте, өткен жылмен салыстырғанда, қаржыны көбірек сұраймыз, – дейді Еркеш Әленов.

Субсидия алуға берілетін өтінім саны жыл сайын көбейіп келеді. Егер 2022 жылы тыңайтқыштар алуға 6 мың өтінім түссе, келесі жылы 15 мыңғажеткен. Әйтсе де, субсидия алу оңай шаруа емес. 2023 жылдың наурыз айында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Qoldau жеке платформасына көшті. Жаңалық жағымды болғанымен, кемшілігі де бар екен. Мәселен, өтінімдерді қабылдау, субсидия көлемін есептеу, сондай-ақ, өтінімдердің қайталануы туралы ақпараттардың болмауы қиындық туғызып тұр. Түсінікті болу үшін сәл ғана таратып айтатын болсақ, бір өтінімнің екі рет қаралып, екі рет ақша төлеу қаупі бар. Одан өзге де олқылықтар аз емес. Бір ғана мысал келтіре кетелік, 2022 жылы «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға 11 өтінім берсе, 2023 жылы жаңағы өтінімдер көлемі 847-ге жеткен.

Міне, осындай кемшіліктерден арылтып, бір жүйеге келтірмей болмайтынсыңайлы. Қазіргі күні ауыл шаруашылығы құрылымдары басшылығының тарапынан шағымның көбейіп кетуінің бір себебі осында. Ауыл шаруашылығыбасқармасының мамандары шаруалар рәсімдеген құжаттарда көрсетілген мәліметтерді қайта тексеруге мәжбүр. Бұл арада екпін түсіріп айта кететін бір жай, келіп түскен әрбір өтінімді мұқият қарастыра отырып, алдыңғысының соңына нүкте қоймай, келесісін өңдеуге кірісе алмайды. Өтінімдер саны өсе түскендіктен, бұл кәдімгідей қиындық туғызып отыр. Өтінім көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,2 есе көбейген соң, бөлімді күшейтуге тура келген.

Шаруаның шырайын келтіріп тұрған субсидия екендігін жоғарыда айттық. Басқасын былай қойғанда, қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған биылғы көктемгі дала жұмыстарына әзірлік дер кезінде атқарылуға тиісті. Қаражат бюджеттікі болғандықтан, қаңтар айының екінші онкүндігінде төлемдердің заңдылығы тексеріледі. Жүйенің жетілмеуіне байланысты орын алып отырған қателіктерден арылу әзірге мүмкін емес деген алаңдаушылық та бар. Басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және бағдарлама әзірлеушілерге хат жолданыпты. Сан рет көтерілген бұл мәселе жөнінде өзгеріс боларына үмітті. Әйтеуір елдің дастарханын ырыздыққа толтырар шаруаның мойнындағы жүк жеңілдесе екен дейсіз де.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар