Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Көкшетау жоғары техникалық колледжінде оқу орны және кәсіпорын басшыларының индустриялық кеңесінің отырысы өткізілді. Жиында облыс кәсіпорындарының қажеттілігі үшін техникалық кадрлар даярлау мәселесі кеңінен талқыланып, осы бағыттағы қолда бар мүмкіндіктер сарапқа салынды.
Іс-шараға облыстық білім, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс, сәулет және қала құрылысы және басқа да басқармалардың, өнеркәсіп орындары және агроөнеркәсіп кешені басшылары қатысты.
Аймақ басшысы алдымен жоғары техникалық колледждің тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш оқу орны бәсекеге қабілетті студенттерді тәрбиелеп, оларға заман талабына сай білім беретін алдыңғы қатардағы колледждердің бірі болып табылады. Облыс әкіміне «Прототиптеу», «Мобильді робототехника», «Жылу энергетикасы және газбен жабдықтау» орталықтарының жұмыстары көрсетілді.
–Бүгін назарға ұсынған жұмыстарымыздың бірі мобильді робототехника. Ол код арқылы және джостиктің көмегімен жүреді. Біз бірнеше рет World skills байқауына қатысып, жүлдемен оралдық. Алдағы уақытта да осындай байқауларға қатысып, бірінші орын алуды мақсат етіп отырмыз. Бұл роботтардың барлығы робототехника үйірмесіне келетін студенттердің қолынан шыққан дүниелер, – деді колледж студенті Сергей Мацегора.
Сондай-ақ, әкімнің назарына электромобильдер мен гибридті автомобильдерді диагностикалау және оларға қызмет көрсететін тренинг-орталығы көрсетілді. Орталық Оңтүстік Кореяның Woosong білім беру қорымен арадағы меморандум және жоғары техникалық колледж бен облыстық әкімдіктің көп жылғы ынтымақтастығының нәтижесінде ашылды. Ол заманауи технологияларды игеру мен уақыт талабына жауап беретін мамандар даярлау мақсатында құрылды. Сонымен бірге, колледжде инклюзивті білім беруге де айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда мұнда есту және көру қабілеті нашар 35 студент білім алады.
Жалпы, облыста кадрларды даярлау саласында техникалық және кәсіптік білім беруді 29 колледж жүзеге асырады. Онда жиырма мыңнан аса студент білім алып жүр. Бүгінгі таңда 17 колледж техникалық және технологиялық бейінде болса, оның 13-і агроөнеркәсіп кешені үшін кадрлар даярлайды.
Жоғары техникалық колледжінің қызметімен танысқан облыс әкімі осындай колледждер білім берумен қатар, экономиканың дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.
–Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осындай агрокәсіпті әрі қарай жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде заманауи технологияларды қолданып, осы 5 жылдың ішінде біздің ұлттық экономикамызды екі есеге ұлғайтуға талап қойылып отыр. Мұны жүзеге асыру үшін бізге кадрлар керек. Әрине, бүгінгі таңда облыстың ғана емес, бүкіл еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын техникалық мамандықтардың маңызы зор. Олар, сондай-ақ, өңіріміздің экономикалық табысқа жетуіне айтарлықтай әсер етеді. Қазіргі кезде осы тапшы мамандар бізге өте қажет. Алдағы уақытта, біз осы бағыттағы жұмысты үнемі қолдайтын боламыз. Кері жағдайда бұл мемлекетіміздің өнеркәсіптік әлеуетіне теріс әсер етуі мүмкін, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда дипломы болса да, жұмыссыз жүрген жастар көп екені баршамызға мәлім. Өйткені, көбінесе жұмыс берушілер жұмысқа қолына дипломын енді алған жастарды емес, білікті, тәжірибелі мамандарды алуды жөн көреді. Ал, дуалды білім беру бірінші кезекте студенттер үшін, екіншіден кәсіпорын үшін ұтымды шешім болып табылады. Жергілікті колледждермен бірнеше жылдан бері тығыз байланыс орнатып келе жатқан кәсіпорындардың бірі «Маркет агро» серіктестігі.
– Бізді қуантатыны, колледждердің материалдық-техникалық жағдайлары жыл санап жақсаруда. Колледжден өз ісін біліп шығатын жастардың түлеп ұшатыны жақсы, әрине. Сондықтан, біз де жас мамандарға жағдай жасауға тырысамыз. Оларға практикадан өткен айлары үшін айлық төлейміз. Әрі қарай жұмысқа орналасуларына, ұжымға үйренулеріне көмектесеміз. Ауылдық жерлерге келген мамандардың баспана мәселесін де шешеміз. Жастар отбасын құрып, сол ауылда тұрақтап қалса, бұл жалпы ауылдың дамуына да септігін тигізеді. Біз осыны да ескереміз, – деді өз сөзінде «Маркет Агро» серіктестігінің директоры Азамат Ермағанов.
Іс-шара соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов алдағы уақытта колледжді үздік тәмамдаған студенттердің жоғары оқу орындарына оқуға түсулеріне қолдау көрсетіліп, облыс әкімінің гранттары бөлінетінін жеткізді.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.