Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дуальді оқытудың тиімділігі зор - АРҚА АЖАРЫ

Дуальді оқытудың тиімділігі зор

Мамандарды өндірісте жұмыс істеу дағдысы арқылы даярлау мақсатында қолға алынған  дуалды оқыту тәжірибесі оң нәтиже беріп отыр.  Жалпы өңірімізде кадрларды даярлаудың бұл түрі қалай жүзеге асырылуда?  Тегін кәсіптік біліммен қанша жастар қамтылған? Оларға қажетті жағдай жасалған ба? Осы және басқа да сұрақтарАқмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалиннің қатысуымен өткен брифингте талқыланып, журналистер мәселенің мән-жайына қаныға түсті.

Ақмола облысында 29 колледж техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асырып келеді. Аталмыш білім ордаларында жиырма мыңнан астам студент 97 мамандық бойынша білім алуда.  Олардың  он жеті мыңға жуығы тегін оқумен қамтамасыз етілген.  Облысымыздағы  26 колледж дуальді оқыту формасын қолданады екен. Бір қуантарлығы, дуалды оқытумен қамтамасыз етілген жастардың тәжірибе мен тағылымдамадан өту кезеңі еңбек өтіліне енгізіледі.

Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалиннің айтуынша, өңірімізде дуальді оқытуды дамыту аясында аймақтағы ірі кәсіпорындармен ынтымақтастық мақсатында өзара меморандум жасалып, бұл мәселе оң шешіліп келеді. Мәселен, өңірдің 700-ден астам кәсіпорнымен ынтымақтастық орнаған.  Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, биылғы оқу жылында қосымша бірнеше жаңа мамандыққа машықтандыру үшін лицензия алыныпты. Тарқатып айтар болсақ, «құрылыстағы сметалық іс», «ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «жылу шаруашылығы», «еңбекті қорғау және технологиялық процестердің қауіпсіздігі» және тағы басқа жаңа мамандықтар бойынша жастар білім алуда.  Шоқан Оразалиннің баяндауынша, өңіріміздегі студенттердің басым көпшілігі техникалық және аграрлық сала бойынша білім алып жатқан жас өрендер. Қазіргі таңда білім мен жұмысты қатар алып жүрген студенттер оқу бағдарламасымен қатар, өндірістік тәжірибені де бірге атқаруға зор қызығушылық білдіруде.

Биылғы оқу жылында кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында 667 талапкер қабылданыпты. Мәселен, Көкшетау жоғары техникалық колледжі мен «Көкшетау жылу» мекемесі өзара келісім-шарт жасаған.  Яғни, 40 маман өндірісте еңбек ете жүріп, білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.  Оның 25-сі «Жылу техникалық жабдықтар және жылумен жабдықтау жүйелері» мамандығы бойынша, 15-і «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану» бағытында бақ сынауда.

Жыл сайын колледж түлектерінің 72 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылады дейді басқарма басшысы. Барлық колледждерде жұмыс берушілердің қатысуымен индустриялық кеңестер де жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Брифинг барысында басқарма басшысы Ақмола облысы колледждерінің студенттері «WorldSkills» халықаралық қозғалысына белсенді қатысатынын да атап өтті.

– Мәселен, «WorldSkills-2023» республикалық кәсіби шеберлік байқауының қорытындысы бойынша облыс құрамасы жалпы командалық 4-інші орынды иеленді. Яғни, 2 алтын, 4 күміс, 3 қола және 8 үздік медальді жеңіп алды, – дейді Шоқан Оразалин.

Жиын соңында өңір журналистері кәсіптік білім беруге қатысты бірнеше сұрақтар қойды. Олардың бірі өткен жылы қолданысқа енген мектептің 10-11 сынып оқушыларына арналған қос деңгейлік білім беру пилоттық жобасы турасында болды.  Яғни, бұл жоба аясында түске дейін білім алған оқушы түстен кейін кәсіптік білім беретін арнайы оқу орынында өз білімін жетілдіру құқығына ие болған еді. Басқарма басшысының айтуынша бұл пилоттық жоба бойынша Ақмола облысында екі колледж жұмыс істеп жатыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар