«Сот сараптамасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 ақпандағы №34 қаулысындағы өзгерістер нәтижесінде, Қазақстан Республикасының сот-сараптама жүйесі «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен ұсынылған. Осылайша, Ақмола облысы бойынша «Сот сараптамалары орталығы» (бұдан әрі институты) құрылып, жұмысын бастаған.
Аталған мекемеден жұмыс жоспары мен мән-жайды білу барысында алынған ақпараттарды назарларыңызға ұсынайық. Сот сараптамалары институтында Ақмола облысымен, еліміздің басқа да өңірлерінен сот және сот-медициналық сараптамалар тағайындалады. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен сот-сараптамалық зерттеулердің 57 түрінің, институтта 24 сараптамалық мамандық бойынша сот сараптамалары жүргізіледі. Оның ішінде, сот сараптамасы бойынша 14 және сот-медициналық сараптама бойынша 10 түрі белгіленген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2022 жылы институттың сот сарапшылары 5737 сот сараптамасы мен 2264 зерттеу жүргізсе, өткен жылы 5347 сараптама және 2029 зерттеу жүргізген.
Берілген мәліметке сүйенсек, 2022-2023 жылдары «синтетикалық» есірткілерді өндіру және тарату бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтардың өсуі байқалған. Осыған байланысты есірткі заттарының, олардың аналогтары мен прекурсорларының (бастамашы) сот сараптамалары өскен. 2023 жылдың басында осы сараптамаларды жүргізу үшін қымбат жабдықтар мен реактивтерді сатып алу қажеттілігі туындаған. Осы кезде, Қазақстан Республикасының Үкіметі бірқатар шаралар қабылдап, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» аумақтық бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жетілдіру бойынша Жол карталары әзірленеді. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдардың көмегінің арқасында 2023 жылы Ақмола облысының әкімдігі «Сот сараптамалары институты» үшін жабдықтар сатып алуға 251 миллион теңге бөлді. Бұл қаржыға жалын-иондаушы детекторы бар газ хроматографы, «ИҚ-Фурье», көтергіш арбасы бар 12 орындық тоңазытқыш жабдығы, спектрометриялық детекторы бар газ хроматографы тағы басқа зертхана құралдарын сатып алады.
Жалпы, сот сараптамасы – шешу үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, белгілі бір салада арнайы сараптаманы қолдану, қылмыстарды тиімді ашуды және тергеуді, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарауды қамтамасыз етеді. Сараптама қандай жағдайда жасалады деген сұраққа жауап берер болсақ, заңнамаға сәйкес, оқиға себебін, келтірілген денсаулыққа зиянның ауырлығын, күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің жасын, психикалық немесе физикалық жағдайын анықтау қажет болған жағдайларда сараптама тағайындау міндетті болып табылады. Осы мәселелерді шешу үшін сот медицинасы саласында арнайы ғылыми білімі бар сарапшы тартылады.
Сонымен бірге, қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу кодекстерінің ережелеріне сәйкес, сарапшылардың қорытындылары дәлелдемелердің бір түрі болып, сарапшының зерттеуді қаншалықты сапалы жүргізіп, дәлелді қорытынды шығаруы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғалуына септігін тигізеді. Әділ сот үкімін шығару үшін алдымен дәлелдердің маңызды базасы зерттелуі керек. Әртүрлі дәлелдерге зерттеуді сарапшы маман жүргізеді. Ол өлім уақытын көрсете алады, кісі өлтірген қаруды немесе есіктің қай құралмен бұзылғанын анықтай алады. Көбінесе қылмыскердің жеке басы сарапшының жұмысының арқасында анықталады. Қазіргі қоғамның түйткілді мәселесіне айналған интернет алаяқтық әрекетінде сот сараптамасына жүгіну арқылы анықтауға болады. Онда, ұялы телефондардан деректерді қалпына келтіру, іс фигуранттарының қатысуымен аудио және бейнежазбаларды зерттеу, әңгімелердің семантикалық мазмұнын анықтау, әкелікті анықтау, қоршаған ортаның ластану көзін анықтау және тағы басқалар сот сарапшысының ісінің жетістігі. Заман талабына сай қылмыстық қызметтің жоғары ғылыми-техникалық деңгейі мен жан-жақтылығы, құқық қорғау органдары мен соттардың қызметін қамтамасыз етудегі сот сараптамасының рөлі мен маңызын объективті түрде арттыруда.
Айта кету керек, елімізде және облыстық Сот сараптамалары институтындағы сот-сараптама қызметінің өткір проблемалық мәселелерінің бірі кадр тапшылығы болып келеді. Өйткені, сот және сот-медициналық сарапшының кәсібі жеңіл емес. Бұл жайлы, мекемеге ақпарат алуға барғанымызда «Сот сарамтамалары институының» директоры Аманкелді Нұржановта сөз қозғаған еді.
– Сарапшының сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік куәлігімен расталған жоғары білімі және арнайы ғылыми білімі болуымен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің комиссиясы аттестаттауы тиіс. Сот сарапшысының біліктілігін алу үшін үміткер 12 айға дейін арнайы кәсіби дайындықтан өтіп, біліктілік емтиханын тапсыруы керек. Кәсіптік даярлау үшін үміткер сот сараптамалары орталығының жанында жұмыс істейтін оқу орталығының базасында сынақ мерзімінен өтеді, онда қашықтықтан оқыту нысаны да іске қосылды, – дей келе, Аманкелді Елтайұлы сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеу үшін жоғары медициналық білімі болуы қажеттігін атап өтті.
Сот сарапшысына кәсіби дайындықтан басқа, зейінділік, байқағыштық, стреске төзімділік, эмоционалды қатаңдық, психикалық тұрақтылық, салқынқандылық және құжаттамамен жұмыс істеудің жақсы дағдылары сияқты жеке қасиеттерге ие болғаны абзал. Өйткені, әрбір сот сараптамасының қорытындысынан адамның тағдыры шешіледі. «Осыған байланысты сот сарапшыларын жұмысқа тарту өте күрделі процеске айналып отыр. 2023 жылы институт жұмысына Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының базасында екі айлық сынақ мерзімінен кейін «сот-құрылыс сараптамасы» мамандығы бойынша сот сарапшысы кірісті, бұған дейін Ақмола облысында сараптаманың бұл түрін тек жеке сот сарапшылары жүргізген, – дейді диалог барысында институт директоры. Оған қоса, жергілікті атқарушы органдардың көмегінің арқасында өткен жылы облыс әкімінің гранты есебінен «сот-медициналық сараптама» мамандығы бойынша резидентураға екі жылдық оқуға үш жас дәрігерді тартуға мүмкіндік туған. Қазіргі уақытта, аталған инстиутта 100-ден астам адам жұмыспен қамтылса, қажеттілік туындаған және бос жұмыс орындарының саны 22.
– Болашақта жастар сот және сот-медициналық сарапшы мамандығын таңдауға дайын болады деп үміттенеміз. Себебі, бұл мамандық әр түрлі қиындықтардан басқа өте қызықты, ең бастысы ғылым мен қоғам үшін үлкен құндылыққа ие, – деп А.Нұржанов сарапшының маңыздылығына тоқталып, жас мамандарды қоғам үшін қызмет атқаруға шақырды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.