Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Биязы болмысы көз алдымда - АРҚА АЖАРЫ

Биязы болмысы көз алдымда

Өмір жолыңда алдыңғы толқын аға-апаларымыздың кейінгі ізбасарларына берер тәлім-тағылымы, үлгі-өнегесі қашанда жылы естелік болып қалатыны анық. Шүкір, өмір маған сондай сарабдал адамдарды сыйлады, жастары үлкен болса да емен-жарқын сөйлесіп, ақыл-кеңесімен бөлісті, тіпті, қоғамдағы қызметіміздің де сабақтас болуын бұйыртты. Соның бәрі көзі ашық, көкірегі ояу кейінгі толқын үшін ұмытылмас сабаққа айналып, оларды алға жетелеп, жаманнан жирендіріп, жақсы болуға талпындырды. Кейде қым-қиғаш өмірдің түрлі белестерінде осы адамды жақсы білемін деп, жаңылып та жататының мүмкін. Әсіресе, жасы үлкен адамның әбестік көрсетіп, жасына лайық емес дөрекілік танытып жатса, көңілің құлазып та қалатыны бар. Алайда, ақырын жүріп, анық басатын Ілияс ағаның бет-бейнесі мен үшін әу бастан-ақ айқын болды.

Арман қуып Семейден Астанаға барған жылым.Астана мен үшін шетелдей көрінетін. Жаныңда ақыл айтып, жөн сілтер, қамқор болар небір туысың жоқ, жат жерде жан-жағыңа жалтақтап қарап, кейде бойыңды қорқынышта билейтін. Осындайда«Арқа ажары» газетінің ұжымы алғашқы күннен мені жылы қабылдады. Шығармашылық ұжым кілең ер адамдар екен. Газеттің жауапты хатшысының орынбасары Нағима Тасқызының қасынан орын бұйырды.Ақты ақ, қараны қара деп, тарс-тұрс айтып тастайтын мінезі бар Нағима апайға нөмірге баратын дайын мақалаларын әкеліп, кіріп шығатындар көп болатын. Кірген шыққанның бәріне көзімнің астымен ұрланып қарап аламын. Бірде орта бойлы, ақсары, өңді, көгілдір көзді, әкем шамалас аға кіргенде орыс екен деп орысшалап,апайдың шығып кеткенін айттым.Іле-шала есіктен кірген апайға: «Бір орыс адам келіп кетті», дедім. «Ол кісі орыс емес, қазақ, Ілияс Қарағозин дегенжурналист ағаң», деді қатқыл үнмен. Көгілдір көзді ағаның қайта айналып келгенінде орнымнан атып тұрып, «орысша сөйлегенім үшін кешірерсіз, сізді орыс екен деп қалдым» дедім ұялып. Байыпты да байсалды үнмен, «ештеме етпейді», деп асығыс шығып кеткені бар. Бірер күннен соң, «айналайын, өткенде Қорғалжынға іссапарға барып асығыс болдым. Жұмысқа кіріп жатқан екенсің, сәттілік тілеймін. Қай бөлімге келдің? Қай жерден боласың? Қандай оқуды бітірдің? Әке-шешең бар ма?» деген сұрақтарды қойып сәл-пәл кідіріп, жұмысыма сәттілік тіледі.Бірде-бір артық сөзі жоқ, нақты сұрақтар, бәрінен де «айналайын», деген сөздің құдіретін айтсаңызшы, жадап-жүдеп жүрген көңілімді, «қайтадан Семейіме кетіп қалсам ба екен» деген екіұшты ойымды бұзып, әп-сәтте жадыратып жіберді. Осыдан бастап Ілияс ағаны жанашыр, ақылшы әкемдей көріп кеттім. Газет тігінділерін парақтап қарап, ең алдымен ағаның жазған мақалаларына көз жүгірттім.

Қаламы қарымды журналистің тағылымды өмір жолында елінің тарихы мен тағдыры, сондай-ақ өңірдің экономикалық мәселелері, ауылшаруашылығы, мәдениет және басқа да түрлі саланы қамтыған материалдарыжетіп артылады екен. Әсіресе, өңірдің қарапайым еңбек адамдары туралы жазған еңбектерінен өз ісінің қыр-сырын бес саусағындай меңгерген кәсіби маман екенін аңғару қиын емес еді.Ілияс аға ұжымда дараланып, өнімді жұмыс жасайтындардың қатарынан болды. Сол кездерде маған аға ғана редакцияда жанұшыра жұмыс жасайтындай көрінетін. Өте тиянақты, кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын болғандықтан болар, бас редактор, марқұм Жомарт Сафиұлы да өзімен бірге жиі іссапарға алып жүретін. Үнемі нақты сөйлеп, мамандығына деген адалдықтың үлгісін көрсететін. Лездемеде көрген, білгеніне байыпты талдау жасап, көңілге түйгенін бүкпесіз айтып салатын.

Тілшілік штаттың болмауы себепті жарнама секторының қызметкері міндетін атқарып жүргеніме де екі жылға жуықтап қалған болатын. Жарнама жұмысы уақытымды алатынын, жақын арада тілшілік жұмыс бұйырмайтынын, сол себепті басқа басылымдардан жұмыс қарастыратынымды айтқанымда, «айналайын, әліптің артын бақ» деген бар, күткенің дұрыс шығар, болып қалар, қарайып қалмас үшін жаза бергенің дұрыс», деген өсиет сөздерін де айтқаны әлі күнге дейін жадымда.

Ілияс ағаның жан жары Балжан апаймен де бірде редакцияға келгенінде танысып, бұрыннан білетін адамдай сөйлесіп кеттік. Содан бергі уақытта да аман-саулығымызды білісіп тұрамыз. Тектінің жары тектілік көрсетеді демекші, бүгінде жолдасының абыройлы еңбегін, еңбексүйгіштігін дәріптеумен келеді. Апайға, артындағы ұрпақтарына ұзақ ғұмыр тілеймін.

Ағаның бүгінде бұл өмірде жоқ екеніне әлі де сене алмаймын. Маңдайға жазылған ғұмыр осы болса, амал нешік. Алайда, үлгі-өнегесі мол, өресі биік ағаның жарқын бейнесі қалың оқырман жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.Еліне сыйлы, АҒА деген атқа лайық болып кеткен рухы жұмақтың төрінен болсын!

Перизат АСЫЛЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар