Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туберкулез туралы не білеміз? - АРҚА АЖАРЫ

Туберкулез туралы не білеміз?

Туберкулез дегеніміз не?

Туберкулез – ежелгі жұқпалы аурулардың бірі. Бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Туберкулез – бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар, адамның барлық ағзаларының – сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда, соның ішінде өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни, сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам.

Туберкулез қалайша тарайды?

Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе тамағын қырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамның осындай бактериялардың аз ғана мөлшермен дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті болып қала отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен, түшкірумен бірге, сондай-ақ, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 метр радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.

Науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды.

Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін.

Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұқтырылады, бірақ, туберкулез ауруының дамуы әр жағдайда болмайды. Өкпе туберкулезінің ауруы иммунитет төмендеген, жеткіліксіз тамақтану, қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайларда орын алады. Негізінен, иммунитеті нашар жас балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер және иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.

Туберкулез ауруына ықпал ететін факторлар: толыққанды тамақтанудың болмауы; туберкулезбен ауыратындармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау (кішкентай балаларға қысқа мерзімді қарым-қатынастың өзі жеткілікті); маскүнемдік; темекі шегу; нашақорлық; ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары).

 

Туберкулез белгілері: ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел, шаршау және әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, температураның ұзақ көтерілуі, түнде тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру.

Туберкулезді қалай анықтауға болады?

  1. Тері туберкулин сынамасы (Манту, ДСТ) адамның жұқтырғанын көрсетеді.
  2. Рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді.
  3. Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.

Туберкулездің алдын алу шаралары

  1. Салауатты өмір салты.   Бұл мақсатқа жетудің ең жақсы жолы – күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру.
  2. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақытылы ұйқы, яғни, дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.
  3. Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені, таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады.
  4. Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары – сүртіну, құю, душ.
  5. Жөтел этикетін сақтау.
  6. Гигиеналық тәртіптің маңызды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады. Адам тәбетінің жоғарылауына ықпал ететін және ағзамен жақсы сіңіретін түрлі тағамдарды жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа, міндетті түрде витаминдер мен минералды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар ет, сүт, сүзбе, жұмыртқада, көмірсулар қант, нан, картоп, жармада болады. Витаминдер мен минералды тұздар негізінен, жаңа піскен көкөністер мен жемістерде болады.
  7. Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау.

Рысты ШОЛАТАЕВА,
дәрігер фтизиопедиатр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар