Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құр қағаз жүзіндегі есеп емес, нақты нәтиже маңызды - АРҚА АЖАРЫ

Құр қағаз жүзіндегі есеп емес, нақты нәтиже маңызды

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Сандықтау ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік нысанның тыныс-тіршілігімен танысты және аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Аудандағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы (бұрынғы Сандықтау балалар үйі) өткен жылдың тамыз айында «Жас дәурен» балаларды сауықтыру лагері болып қайта құрылған болатын.

– Бүгінгі таңда балалар сауықтыру лагерініңтолық жұмыс істеп тұрғаны біз үшін қуанышты. Ашылғаннан бергі жеті айдалагерь 1,5 мыңнан астам жас ақмолалықты қабылдады. Оқушылардың осы көктемгі демалысы кезінде Ерейментау, Ақкөл, Қорғалжын, Астрахан және Жарқайың аудандарынан 60-тан астам бала тегін дем алды. Дем алудан бөлек, лагерьде балалар математикалық және лингвистикалық олимпиадаларға, түрлі байқауларға қатысып, білімдерін шыңдайды. Біздің басты мақсатымыз – осында келгеннен кейін өздігімен жұмыс істеуге бейімделіп, есейіп келе жатқан балаларға қолайлы жағдай жасап, отбасындағыдай жылы атмосфера қалыптастыру. Балалардың көбі есейгенде лагерьден кеткілері келмей, бізбен қимай қоштасады, – деді лагерь директоры Арман Өмірзақов.

Сауықтыру орталығының жобалық қуаты қазіргі уақытта 100 орынды құраса, алдағы уақытта оны кеңейту, ұлттық дәстүрлерге негізделген балалар және отбасылық туристік демалысұйымдастыру жоспарлары қарастырылуда екен.

– Маған бұл жерде дем алған өте ұнайды. Спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаттықтырушылары да жақсы. Жайлы таза бөлмелерде тұрамыз, дәмді тамақтанамыз, – дейді осында дем алып жатқан Көкшетау қаласының №17 мектебінің оқушысы Айлана Емелева. Жас спортшы «Swim Feels» клубында жүзумен айналысады.

– Күні бойы қолымыз босамайды. Балкашино ауылындағы бассейнде күніне екі рет жаттығамыз. Жаттықтырушылармен бірге үстел теннисін, футбол, волейбол ойнаймыз, көп достар таптық, – деді басқа спортшылар.

Марат Ахметжанов ұжымның мәселелері мен өтініш-тілектерін сұрап біліп, лагерь аумағындағы тазалықты атап өтті, жолды ретке келтіруге уәде берді.

Бұдан әрі аймақ басшысы Петровка ауылындағы 2021 жылдан бері салынып жатқан 80 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Мұндағы жағдайға көңіл көншімейді. Құрылыс басталған 3 жылдың ішінде білім ордасының құрылысына облыстық бюджеттен 670 миллион теңгеден артық қаржы құйылыпты. Оқушылар 2023-2024 оқу жылын осы мектепте жайлы жағдайда бастауы тиіс екен. Алайда, мектеп құрылысы аяқталмай қалған соң, олар өңірдегі ең көне ғимарат саналатын 120 жылдық тарихы бар ескі мектепте оқып жатыр екен. Ауданда осылайша тағы бірнеше нысанды созбалаңға салып, құрылысын аяқтамай жатқан мердігер компанияның өкілі жұмысты уақытында аяқтауға уәде берді. Бірақ, бұл күні құрылыс алаңындағы жұмыс барысынан ешқандай белсенділік байқалмады.

– Құрылыс алаңына бейнебақылау орнатылсын, нысанды «жайлы мектептердің» құрылысы бақыланатын бағдарламаға енгізіп, жұмыстың барысын онлайн бақылауға алыңыздар, – деп облыс әкімі жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Сондай-ақ, Марат Мұратұлы Балкашино ауылындағы 145 орындық аудандық аурухананың тыныс-тіршілігін өз көзімен барып көрді. Медициналық мекемеде облыстың барлық аудандарындағыдай, кадр тапшылығы орын алған. Онда жалпы тәжірибе дәрігері, стоматолог және акушер-гинеколог мамандар жетіспейді.

Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы аудан халқымен есеп беру кездесуін өткізіп, бюджет қаражатының бей-берекетсіз жұмсалуына байланысты проблемаларды алға тартты.

– Бізге жаңаша серпіліс керек, әйтпесе,тек қағазбастылыққа салынып, есеп тапсырумен отырамыз, сөйтіп өзімізді жұмыс істеп жатырмыз деп алдарқатамыз. Жалпы, ішкі өнім қағаз жүзінде емес, нақты нәтижелі түрде өсуі керек, – деп атап өтті Марат Ахметжанов кездесуде.

Өңір басшысы аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен облыстық маңызы бар қалалар мен өңірлердің 2029 жылға дейінгі рейтингі жүргізілетініне кеңінен тоқталды. Мұнда қарапайым көрсеткіштер, атап айтқанда жылумен және сумен жабдықтаудың қаншалықты жақсарғаны, тұрғын үйлер әлеуметтік қызметтермен қаншалықты қамтылғаны, жолдардың, әлеуметтік нысандардың жағдайы ескеріледі.  Барлық аймақтардың мүмкіндіктері әртүрлі болғанымен, олардың әрқайсысы өз артықшылықтарын пайдалана отырып, қажетті қаражатты тауып, дамуы тиіс. Мысалы, Сандықтау ауданының әлеуеті зор, мұнда ең сапалы бидай өсіріледі, жыл сайын дәнді дақылдардан тұрақты түрде жақсы өнім алынады. Алайда, осы мүмкіндік жете пайдаланылмауда.

– Ауыл шаруашылығы өндірісі кешенін дамыту саласына мемлекеттен қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз қаржылық көмек және жеңілдетілген несие беріледі. Мен субсидиялауды қолдаймын, бірақ ол өндірісті дамытуды, технологиялық процестерді жақсартуды ынталандырып, одан түпкілікті нәтиже беруі қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы төрағасы ретінде субъектілердің мемлекеттік субсидияны тек өздерінің ісін сақтап қалу үшін немесе жабылып қалмаулары үшін ғана пайдалануға қарсымын.  Субсидиялауды өндіріске шын мәнінде инвестиция салып, бағаны төмендете алатын, салынған ақшаның құнын арттыратын, жұмыс орындарын ашатын ұйымдар ғана алуы тиіс, соның арқасында халықтың табысы өсуі керек. Қағаз бетіндегі есептік жұмыстарға бас шұлғып отыра беруді қойған жөн. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қандай тетіктер керектігін тікелей барып көзбен көріп, оның нәтижесі бар ма, жоқ па екендігін анықтау қажет. Осы салаға салынатын әр теңге орнымен жұмсалып, сұрауы бар екенін білгенде ғана іс өнеді, – деп түйіндеді сөзін Марат Ахметжанов.

Жұмыс сапары соңында аудан басшылығына тиісті міндеттер жүктеліп, тасқын судың алдын алу жұмыстарын пысықтау әрі оған бақылауды күшейту тапсырылды.

Вероника БУРДА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

 Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

 Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар