Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қосшының жаңа құрылыстары - АРҚА АЖАРЫ

Қосшының жаңа құрылыстары

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Қосшы қаласында болып, жаңадан салынған «ALAN» спорттық сауықтыру кешені мен елімізде құс етінен жартылай фабрикаттар өндіретін алғашқы зауытты аралап көрді.

Спорт нысаны жергілікті тұрғындардың көптен күткен қуанышы. Себебі, осыған дейін ата-аналар балаларын спорттық секцияға апару үшін елордаға қатынап әуре болды.  Бұл біршама қиындық тудырды. Енді қалада өз спорт кешені бар. Ең бастысы, оның заманауи спорттық жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталғанын атап өту керек.  Мұнда ересектер мен балаларға арналған бассейндер, спорт залы, күрес және ойын бөлмелері бар. Сондай-ақ, кешен аумағы абаттандырылған күркелермен және сырттағы жаттығу тренажерларымен да қамтылған. Нысан тәулігіне 300 адамды қабылдай алады. Олимпиада тізіміне енгізілген спорттың 10 түрінен секциялар да бар. Жаңа нысанды аралаған облыс әкімі бұл кешеннің жастардың спортпен шұғылдануда  маңызды рөл атқаратынын  атап өтті.

–Бұл өте жақсы бастама. Спорттық-сауықтыру орындары әрбір қала тұрғыны, сондай-ақ, жастар мен мектеп оқушылары үшін қолжетімді және функционалды болуы тиіс. Оны барынша тиімді пайдаланып, өскелең ұрпақтың бойына спортқа құштарлықты сіңіру қажет,  – деді аймақ басшысы.

Айта кетерлігі, спорттық сауықтыру орталығы ашылғанға дейін қалада жүзу бассейні болмаған еді. Енді мұндай бассейн үш ауысымда күніне 90 адамды қабылдай алады.

–Бұл спортшылар үшін детамаша сыйлық. Неге десеңіз, өзіміздің   қаламызда спортпен айналысуға мүмкіндік туды. Бұл өте қуантарлық  жағдай,–деп алғашқы жасөспірім келушілер спорт кешенінің мүмкіндіктерін  жоғары бағалады.

Жаңа нысанмен қатар қалада бірегей қоғамдық мәдени-спорттық орталық та салынуда.  Аталмыш жоба Болат Өтемұратов қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Орталық жобасы озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған.

Қосшы комьюнити орталығы Қазақстандағы мұндай үлгідегі алғашқы орталық болмақ. Нысан үш негізгі бөлімнен – білім беру, мәдени және спорттық бөлімдерден тұрады. Сонымен қатар, орталықта кинотеатр, террасаға шығатын асхана және коворкинг аймақтары  да  орналастырылады.

Облыс әкімі дене шынықтыру-спорт кешені және қоғамдық мәдени-спорттық орталықтың ашылуымен Қосшы қаласы тұрғындарының спорттық және мәдени өмірі өзгеретінін атап өтті.

–Бұл нысандардың іске қосылуы бізге Астана агломерациясының басты міндеті – Қосшы қаласының тартымдылығын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, –деді Марат Ахметжанов.

Спорттық нысандардан кейін аймақ басшысы Қосшы қаласындағы «IL TOV» серіктестігінде болды. Құны 3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба Қазақстан мен Орталық Азияда құс етінен дайын жартылай фабрикаттар шығаратын жалғыз кәсіпорын болып табылады.  Зауыт жартылай фабрикаттардың алғашқы партиясын бірнеше ай бұрын шығара бастаған. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3000 тоннадан астам дайын өнімді өндіруге жетеді. Өндірістік  желіде Германия мен Испанияның заманауи жоғары технологиялық жабдықтары қолданылады. Жалпы, зауытта 80 адам жұмыс істейді.

Зауыт директоры Сәния Омарованың айтуынша, шикізат Макинск құс фабрикасынан жеткізілсе, дәмдеуіштер мен қаптамалар Қазақстанда шығарылады.

–Біздің зауыт мемлекеттің қолдауымен іске асырылып жатқан инвестициялық жоба. Бұл өз кезегінде жергілікті өнімді өндіруге, қазақстандық үлесті арттыруға және осы сегменттегі импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Яғни, біздің компания Мемлекет басшысының импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасын орындап жатыр деп айта аламыз, – деді өз сөзінде Сәуле Омарова.

Дайын өнім негізінен, Қазақстанның ірі қалаларында сатылуда. Болашақта Ақмоланың жартылай фабрикаттары көршілес елдер – Өзбекстан мен Ресейге экспортталатын болады. Өңір басшысы кәсіпорынның жұмысына оң баға берді.

–Бұл Қосшы қаласында шығарылған алғашқы өнім. Жаңа піскен және сапалы жартылай фабрикаттар жақын болашақта Қосшы қаласының брендіне айналады деп сенемін. Біз осы кәсіпорынды жан-жақты қолдайтын боламыз. Осындай табысты жобалар елімізде көп болуы тиіс, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

«IL TOV» компаниясы тағы екі желіні орнатып, 10-12 мың тонна өндірістік қуаттылыққа жетуді жоспарлап отыр. Қосымша инвестиция көлемі  4 миллиард  теңгені құрайды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар