Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірімізде туризмді дамыту, балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралып, пысықталды.
Кадрлық ауыс-түйістерді таныстырудан басталған әкімдік отырысына Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Бейбіт Жүсіпов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский баяндама жасап, облыс аумағында туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өткен жылы облыс аумағындағы курортты аймақтарға 1,3 миллион адам келіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Келушілердің 18,2 мыңы шетелдік туристер. Сонымен бірге, туристерді қабылдау орындарында көрсетілген қызмет көлемі 21,1 миллиард теңгені құрап, 23 пайызға өскен. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 18 мың адамға жеткен. Ал, салаға құйылған инвестиция көлемі 27,8 миллиард теңгені құрап, өсім 58 пайыз болған. Нәтижесінде қазынаға 3,5 миллиард теңгені құрайтын салық түсіп, түсім көлемі 21 пайызға артқан. Сонымен қатар, 110 миллион теңгенің 12 инвест жобасы мемлекеттік қолдауға ие болған, – дей келе, басқарма басшысы ағымдағы жылдың төрт айында 1,6 миллиард теңгенің жеке инвестициялары тартылғанын, бұл да алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көбейгенін айтты.
Сонымен бірге, облыс аумағындағы Бурабай, Зеренді курортты аймақтарынан бөлек, Ерейментау, Қорғалжын, Ақкөл, Аршалы, Шортанды, Целиноград, Біржан сал, Сандықтау аудандары мен Қосшы қаласын да туризмнің қайнаған ордасына айналдыру бойынша әзірленіп жатқан әлеуеті зор жобалар да атап өтілді. Бұл ретте, аймақ басшысы елордамыз Астанамен шектескен аудандарда туризм саласын әсіресе, көп көңіл аударып дамытуды, оларға инвестициялық жобаларды көбірек тартуды тапсырып, бұл облыс бюджетіне түсетін түсімнің өсуіне де оң ықпалын тигізетініне назар аударды. Сонымен бірге, демалыс аумақтарындағы инфрақұрылым, жолдың сапасы, санитарлық тазалық, сервис, қауіпсіздік, Интернет мәселелері де жан-жақты талқыланып, ұсынылған ұсыныстар ескерілетін болды. Аймақ басшысы туристердің демалыс орындарының аумағындағы әртүрлі ойын-сауық орындары мен демалыс жолдарында қауіпсіздікті алдын ала тексеріп, маусым бойы бақылауда ұстауды тапсырды.
Отырыста қаралған мәселенің бірі – балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру жұмыстарына арналды. Биылғы жазғы демалыста облыс аумағында 20 лагерь жұмыс істейді деп жоспарланыпты. Оның ішінде біреуі «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығы болса, 4-еуі Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласының білім басқармаларының ведомстволарына қарасты, 7-еуі жеке меншік және 8-і облыстың коммуналдық меншіктегі лагерьлер көрінеді. Алдын ала мәліметтер бойынша облыс лагерьлерінде шамамен 14,5 мыңнан астам бала қамтылады деп болжануда. Балалардың жазғы демалысы қала сыртындағы демалыс орындарымен қатар, мектеп базасында ұйымдастырылатын жазғы лагерьлерде қамтылатын болады. Демалыстың осы екі түрін қоса алғанда, облыстың 132 мыңнан астам оқушысы жазғы демалыспен қамтылады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша мән-жайды жан-жақты баяндай келіп, қала сыртындағы лагерьлердің бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығына қосу, демалыс орындарын ұялы байланыс, Интернет желісімен қамту, балаларды тасымалдайтын жолдардың сапасына көңіл аудару қажеттігі туралы ұсыныстарын жасады. Сонымен бірге, «Ақмола облысының туристік қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Қайрат Сұлтанов та балалардың жазғы демалыс орындарына жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сүйеніп, бірқатар мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жолдады. Мәселен, кейбір қала сыртындағы лагерьлерде соттылығы бар азаматтардың қызмет көрсеткендігін алға тарта келе, бұл мәселеде лагерьлерге жұмысқа қабылдау алдында азаматтардың жеке құжаттарын сапалы тексеруді талап етуді, балалардың қауіпсіздігі үшін Интернет байланысын дұрыс жолға қоюды, сапалы тамақтандыру үшін азық-түлікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларынан алуды, Зеренді ауданының аумағында ертеде салынған екі лагерь ғимаратының жері заңдастырмағанын айтып, оны заңдастыру жағын қолға алуды ұсынды.
Облыс әкімі балалар демалысы туралы ұсынылған ұсыныстар бойынша алдағы уақытта шешім қабылданатынын айта келе, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мүдделі органдарға білім басқармасымен бірлесе отырып жан-жақты қарастыруды тапсырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажараның» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек Даньяров.